18.12.2019, 11:08
Қараулар: 108
Жарқыра, Жұбан жастары!

Жарқыра, Жұбан жастары!

Сәрсенбі күні жыл сайынғы дәстүр бойынша «Жайық» мейрамханасында «Жастық жігер – 2019» аудандық жастар сыйлығы фестивалі өтті. Әр салада айтарлықтай қызмет етіп, жыл бойына үздік еңбек үлгісін көрсете білген жастарды марапаттау рәсімінде 9 түрлі аталым және арнайы «Жұбан елінің мақтанышы» аталымы бойынша үздіктер анықталды.

Салтанатты жиынның ашылу рәсімінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Жандос Сұңғатов сөз сөйлеп, қатысушыларды келе жатқан мерекелерімен құттықтады. Биылғы марапаттау рәсімі ұлы мамандық иесі ұстаздардан басталды. Зал төріне білім саласында еңбегі елеулі, жыл сайын үздік шәкірттер түлеп ұшатын Абай атындағы мектеп-гимназияның директоры Светлана Оразова шақырылып, жылдың «Үздік ұстазы» анықталды. Марапатқа М.Әуезов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жансая Елеусінова ие болды. Жансая бұған дейін Республикалық КИО олимпиадасының жеңімпазы атанып, облыстық Еңбек жолы байқауының «Үздік жас маман» аталымын иеленген екен. «Үздік студент» аталымына ие болған Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенті Ермұрат Ерболатовты ардагер ұстаз Дәулетжан Жақсыбаев марапаттады. «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясын аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Бейімбет Ғиззатов иеленді  Марапатты «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева табыстады. Ал, Мерген ауылдық округінің фельдшері Мұстафа Елемесов «Үздік жас дәрігер» аталымына ие болып, ізбасарын марапаттау құрметі медицина саласының майталманы Галина Карабалинаға берілді. Айта кету керек, Мұстафа өткен жылы Мерген ауылында газдан уланған бір отбасын аман алып қалған екен.

«Үздік жас маман» номинациясын аудандық ветеринария станциясының маманы Нұркен Жұмағалиевке аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев тапсырды. Ақжайық өлкесіне танымал азамат Құрман Бисеғалиев мәдени-демалыс орталығының қызметкері Алтынбек Базаровқа «Үздік жас өнерпаз» аталымын табыстады. «Үздік жас кәсіпкер» аталымы бойынша «Zhasproject» жобасының грант иегері Тимур Сүлеймен марапатталып, аталымды табыстау құрметіне аудан бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрболат Жаңатауов ие болды.

«Үздік жас құқық қорғау қызметкері» аталымын осы саланың ардагері Мұрат Мушагалиев аудандық пробация қызметінің инспекторы Тынышбай Мұқанға тапсырды. Спорт ардагері Жігербай Қажығалиев «Үздік спортшы» номинациясын спорттық туризмнен ҚР спорт шебері, жаяу және велотуризмнен ел чемпионатының жеңімпазы Әди Темірболатқа табыстады.

Шара соңында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов жастарды мерекелерімен құттықтап, жастарға жасалып жатқан қолдау, олардың мүмкіндіктерін ашып, даму көкжиегін кеңейтетін мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып өтті. «Дана халқымыз «Ақыл жастан, асыл тастан» деп бекер айтпаған. Әр кезде де халқымыз жастарға үміт артып келеді. Қазіргі қоғамда жастардың ұсынысы басты назарда, түрлі жобалар мен бағдарламалар жарық көруде. Жастар жылында да түрлі игі істер атқарылды. Бүгінгі марапаттарыңызбен сіздер өз еңбектеріңізді көрсетіп қана қоймай, өскелең ұрпаққа да үлгі бола білдіңіздер. Марапаттарың құтты болсын!», — деді аудан әкімі. Сонымен қатар аудан басшысы самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Болатбек Райымқұлов, самбодан ел чемпионы Армат Қабдолов және жас әнші Мейрамбек Жұмаевты «Жұбан елінің мақтанышы» аталымымен марапаттады.

 

Өз тілшіміз

Суреттерді түсірген Мұстафа БЕКЕЙ