18.12.2019, 11:21
Қараулар: 112
Дәстүрлі басылымдарға жаңа талап: конвергенттілік пен бәсекеге қабілеттілік

Дәстүрлі басылымдарға жаңа талап: конвергенттілік пен бәсекеге қабілеттілік

Өткен жылы «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұйықты болуымен құрылған «Бас редакторлар клубының» кезекті V көшпелі мәжілісі Бәйтерек ауданының орталығы – Переметное ауылында ұйымдастырылды. Бас қосуда биылғы жылдың қорытындылары, айтулы беталыстары бар басылымдардың озық тәжірибелері, уақыт талабынан туындайтын міндеттер, жазылым барысы  жан-жақты қаузалды.

Атырабымыздың заман үніне сай рухани тынысына, бұқарамен байланысты нығайтуға, сонымен қатар журналистердің тәжірибе алмасуына қатысты «Жайық Престің» тың жобалары көпшілікке мәлім. Айтулы шараға қатысушыларды қабылдау кезінде Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Көпжан Тұрлыбеков осындай бастамаларға тілектестігін айта отырып, 60 мың тұрғыны бар аудан тарихына, бүгінгі әлеуметтік-экономикалық өміріне шолу жасады.

Ол осы бас қосуға медиахолдингтің өтінішімен елордамыздан арнайы келген белгілі журналист, ұлттық аударма бюросының бас редакторы, философия докторы Мұхтар Сеңгірбайдың журналистік, аудармашылық қызметіне ілтипатын білдірді.

12 аудандық басылым басшыларының басын қосқан «Бас редакторлар клубының» мақсат-міндеті жайында тұжырымдай келіп, «Жайық Пресс» ЖШС-нің бас директоры Рауан Сәбитов осындай көшпелі мәжілісті өткізуді қолдаған аудан әкіміне, бәйтеректіктерге зор ризашылығын арнады. «Жыл басынан орын алған жетістіктер жетерлік. Қайнар Олжай, Есей Жеңісұлы сынды белді журналистер шеберлік сыныптарын өткізсе, аудандық газеттердің ұжымдарының арасында спорттық шаралар оздырып, әріптестік ынтымақтастық артты. Бірқатар жас тілшілердің біліктілігін арттыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы, Түркия елдеріне сапарларын ұйымдастырдық», — деді холдинг басшысы. Ақжайық, Теректі, Тасқала, Қаратөбе аудандарында автокөлік мәселесін шешу, сонымен қатар 12 аудан газетінің барлығын да компьютер, фотоаппаратпен қамтамасыз ету қарастырылды. Өзекті мәселелердің бірі маман даярлау екенін тілге тиек еткен Р.Сәбитұлы журналистика саласында кадр жетіспеушілігі тек аудандарға ғана емес, облысқа да ортақ мәселе екенін алға тартты. Мысалы, 44 жас маман жыл басынан өз жұмысқа ауысса, оның 28-і аудандық басылымдардың қызметкерлері. Мамандардың тұрақсыздығы газеттің сапасына бірден-бір әсер етеді. Әйткенмен, тығырықтан шығар жол іздеп, қабілеті бар, ыңғайға келетін маманды журналистикаға тарту қажет. Тек жұмысқа қабылдап қана қоймай, оның кем дегенде 5 жыл жұмыс жасайтындай жағдай жасау керек. Медиахолдингтің жас мамандарға көрсетіп жатқан қолдауы жетерлік, жазарлық қабілеті, білім-біліктілігін арттыру үшін жоғары деңгейдегі дәрістер ұйымдастырылғаны көпке аян.

Маркетингке де көңіл бөлетін уақыт келді. Сәнге айналған сөздің астарында зор мән бар: қазіргі заманда газеттің өзін-өзі қаржыландыруына көптеген факторлар әсер етеді. Басылымның оқырмандарға өтімді, іздеп жүріп оқылатын мазмұнды әрі сапалы контентпен толығуы, жазылымды сауатты ұйымдастыру, жаңа заманның технологияларын кеңінен пайдалану арқылы ақпаратты жан-жақты тарату – газеттің таралымын арттыруға бағытталған қадамдар.

Осыдан соң сөз алған өңіріміздегі байырғы басылымдардың бірі «Ауыл тынысы» газетінің бас редакторы Ертай Бимұханов басылымның келбеті мен мазмұнын оқырман талғамына сай өзгертуге байланысты ізденістерін, оқырманның ойындағысын дөп басқан толғамдарын баяндады.

Медиахолдинг аудандармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Тоқтар Кенжеғалиев жыл қорытындысы бойынша есептік баяндама жасап, тақырып аясын, тілшілердің шығармашылық талғамының өрісі жөнінде сөз саптады. Төртінші тоқсанда аудандық басылымдардың 13 саны жарық көріп, газеттің жүгін арқалайтын материалдардың да саны да артқан. Мысалы, «Теректі жаңалығында» – 33,«Бөрлі жаршысында» — 26; «Жайық таңында» — 25; «Ауыл айнасында» — 21; «Сырым елінде» — 20; «Орда жұлдызында» — 19 бас мақала жарияланған. Ол мысалы, «Теректі жаңалығы» газетіндегі ұтымдылықты, тыңнан түрен салған тың мақалалардың қалың оқырманға ықпалдылығын атап көрсетті. Бөлім жетекшісі жарияланымдарға көпшіліктің үн қосуы, яғни кері байланыстың болуы мақсатында «сүйекті» мақалалар, салмақты дүниелер жазылу қажеттігін тағы қаперге салды. Ол көпшілік әлеуметтік желіге елең ететін заманда газеттің мәртебесін сақтап қалу үшін жұртқа көп ретте сала-құлаш мақалалар емес, олардың көкейіндегіні дөп басқан дүниелердің құнды екендігін ескертті.

Есепті мерзім ішінде жергілікті басылымдарда жарияланған сүйекті мақалалардың ішіндегі ерекшелерін атап өткен бөлім жетекшісі олардың бірқатарына шолу жасады. Мысалы, «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Жұлдыз Асқардың «Қараусыз мал – қарақшыға олжа», «Ауыл тынысы» газетінің жауапты хатшысы Николай Берендяевтің «До тротуара еще надо добраться», «Екпін» газетінің жауапты хатшысы Назгүл Жәрдемованың «Полициядағы бір күн», «Жайық таңы» газетінің тілшісі Рауан Сатыбалдиевтің «Сулы газдың» сергелдеңі қашан бітеді?», «Қаратөбе өңірі» газетінің бас редакторы Маралбек Амантаевтың «Өзбекке үй салғызып, «күзетте» күн өткізген…», «Бөрлі жаршысы» газетінің жауапты хатшысы Мейрамбек Сыдықовтың «Көше атауын өзгерту – көпшілікке ортақ іс» тақырыбындағы қадау-қадау мәселелерді оқырманның назарына ұсынған материалдары оқырманға ой салғаны анық.  Мұндай мысалдарды өзге де басылымдардан көптеп келтіруге болады.

Сонымен қатар Тоқтар Ғабдірешұлы аудандық басылымдарда ілгерілеушілік бар екенін ортаға салды. Әсіресе, «Бөрлі жаршысы» мен «Жайық таңы» редакциялары шығармашылықпен өнімді жұмыс істеді. Газетті сапалы контентпен қамтамасыз етуде  редакторлардың өздері бас мақалалар жазып, қарауындағы тілшілерге үлгі-өнеге көрсеткені абзал екенін айтқан бөлім жетекшісі өнікті жазатын әріптестердің қатарынан «Орда жұлдызының» редакторы Ұлпан Жакинаны, «Жайық таңының» редакторы Әлия Шарапиеваны, «Сырым елінің» редакторы Бауыржан Мұстафиевті, «Екпіннің» редакторы Темірболат Тоқмамбетовті, «Ауыл айнасының» редакторы Қайрат Жақыпты ерекше атап өтті.

Осыдан соң аудандық өлкетану мұражайында Мұхтар Сеңгірбай әлемдік журналистикадағы трендтер тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Тәжірибесі зор қаламгер түрлі басылымдардан нақты мысалдар келтіре отырып, аудандық басылымдардың артықшылықтары, әлеуметтік желімен жұмыс, электронды басылым, заманауи газеттің форматына байланысты толғамдарымен бөлісті.

– Қазіргі кезеңнің журналистикаға артып отырған салмағы ауыр. Бүгінде газетті дара дербес келбетінде өмір сүре алады деп ешкім айта алмайды. Басылымның талғампаз оқырманның арасында сұранысқа ие болуы үшін, кең таралуы үшін міндетті түрде сайты, әлеуметтік желіде аккаунттары болуы керек. Сондықтан тілшінің конвергентті болғаны маңызды, — деді Мұхтар Жанұзақұлы. Журналистің қызметі қолындағы блокноты мен қаламы, диктофоны арқылы жүзеге асады. Бұрын бұл жұмыс көрген-білгенін қағаз бетіне түсірумен ғана шектелетін болса, ендігі уақытта оқиға орнынан онлайн режимде әлеуметтік желі арқылы ақпарат та бере алады. Конвергентті журналистті басқалардан ерекшелейтіні – бір ақпараттың өзін бірнеше форматта ұсынып, фото-бейнеконтентті ұтымды пайдалана білуі. Әрине, мұндай жағдайда дәстүрлі ақпарат құралдары әлеуметтік желілермен қаншалықты бәсекеге түсе алады деген сауал туындайтыны өзінен-өзі түсінікті. Әлемнің бірқатар елдерінің озық оқу орындарында білім алған М.Сеңгірбайдың айтуынша, дамыған елдерде әлеуметтік желідегі тексерілмеген жалған ақпараттан шаршаған оқырман қайтадан дәстүрлі басылымдарға оралу тенденциясы байқалуда. Сондықтан шынайы, сапалы ақпараттың көзі – қағаз бетіне басылған газет пен журналдың салмағы ешқашан кемімейді, — деді ол.

 

Әлия ШАРАПИЕВА

Суреттерді түсірген Эльвира МЕҢДІҒАЛИ