27.12.2019, 10:40
Қараулар: 47
Шаттығың ассын, Тәуелсіз Отаным!

Шаттығың ассын, Тәуелсіз Отаным!

Қазіргі таңда әлемдік қоғамдастық Қазақстанның ұстанған саясатын, халықаралық бағыттағы қол жеткізген жетістіктерін мойындап, біліп отыр. Елімізде көптеген ірі реформа, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени, рухани салалардағы маңызды шаруалар жүзеге асырылуда. Жарқын істердің нәтижесі жер жердегідей барша жерлестеріміз үшін ұлық мереке – Тәуелсіздік күнінде айшықталып, маңыздана түседі. Биыл да қасиетті мейрам ауданымыз ауылдарына ақжарылқап жақсылықтарын, жан жадыратқан жаңалықтарын алып келді.

Егемендігіміздің кемелдігін айғақтайтын мереке құрметіне аудан орталығында өткен салтанатта осы жайында кеңінен қамтылып, азаттығымыздың өткен 28 жылы әкелген жетістіктер, алдағы меже-мұраттар, әр тұрғынның, әр еңбеккердің міндеті мен парызы туралы баяндалды. Аудан әкімі Қалия Айтмұхамбетов өзінің құттықтау сөзінде әлемде ықпалы бар мемлекетке айналған Қазақстанның ішкі саясаты да жаһанға үлгі екеніне тоқталды.

Бүгінгідей нәтижеге еліміз бір күнде қол жеткізген жоқ. Бұл әр жылдары елімізде экономикалық және саяси реформалардың нәтижелі өткізілуінің жемісі. Ел тұрмысының жақсарып, өмір сапасының жаңа сатыға көтерілуі, еліміздің халықаралық кеңістіктегі орны мен қызметі Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күш-жігері, ақыл-парасаты, жылдар бойы жүргізген сындарлы да салмақты саясатының лайықты жалғасының нәтижесі. Бүгін дүниенің төрт бұрышына аты жетіп, мыңдаған қазақ балалары «біз қазақпыз» деп оқуын оқып, бизнес қатынастарын өрбітіп, өнерімен тамсандырып жүрсе, бұл біздің тәуелсіз мемлекет бола алғандығымыздың арқасы. Осыны біліп қана қоймай, сол мүмкіндікті қастерлеп, сезімін еліне, жеріне деген сүйіспеншілігімен ұштастырса, рухымыздың күшті болары анық. Тәуелсіздігімізді бағалай білейік, көзіміздің қарашығындай қорғап жүрейік! — деді аудан басшысы.

Осыдан соң жылдағы дәстүрге сай, ұлы мейрам қарсаңында ауданның шамшырағы, мерейі, сүйініші болып табылатын жандар марапатталды. Атап айтсақ, ҚР Парламент сенатының төрағасының Құрмет Грамотасымен аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, оның  Алғыс хатымен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Амангелді Ашабаев, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының Алғыс хатымен бастауыш партия ұйымының төрайымы Әсел Мұқанғалиева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Алғыс хатымен кәсіпкер Лариса Мырзағалиева, облыс әкімінің Құрмет Грамотасымен «Жайық таңы» газетінің жауапты хатшысы Борис Мырзағалиев марапатталды. Сонымен қатар «Жігер» спорт клубының директоры Марат Игильманов, еңбек ардагері Әленғали Кереев, №1 орта жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Лариса Мостовщикова, Мерген ауылдық округінің әкімі Мәмбетқали Сағаденов облыс басшысының Алғыс хатына ие болды.

Мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкер мен ауыл әкімдері, мұғалімдер және әлеуметтік жұмысшылар. Олардың қай-қайсысы да ауданның ажарланып, егемен елдің өркендеуіне мерейлі үлес қосып жүр. Ел үшін маңызды мерекеде олардың еңбегі ескеріліп, бірқатар маңдайалды еңбеккерлерге аудан әкімі өзінің алғыс хатын табыстады.

Сонымен қатар осы күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен марапатталған көпбалалы аналар Динара Бисенова мен Бақтыгүл Хаймулдинаға «Күміс алқа» тапсырылды.

Салтанатты шара мерекелік концертпен өрнектелді. Сахна төрінде аудан көркемөнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен бірге, «SD», «Балауса», «Дарын» топтары мың бұралған биімен, халықтық ұлт-аспаптар оркестрі күй-әнімен баршаны тамсандырса, «Асыл әжелер» ансамблі, «Радуга» славян ұлттық-мәдени орталығының хоры және өзге де жезтаңдай әншілер Отан тақырыбындағы әндерді шырқап, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

Әлия ШАРАПИЕВА,

«Жайық таңы»

Суреттерді түсірген Мұстафа БЕКЕЙ