10.01.2020, 11:29
Қараулар: 16
Жеңіс сарбазына ілтипат

Жеңіс сарбазына ілтипат

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Ілбішін ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Сұпығали Есімовті жаңа жылымен құттықтап, шаңырағында болды. Жерлестерінің майдангерге деген жаңажылдық лебізін жеткізген Қалияр Шадиярұлы: «Келе жатқан жаңа жылымыз құтты болсын! Ауданымызда сіздей ақсақалымыздың болғанын әрдайым мақтан тұтамыз және өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі етіп отырамыз. Сіздердің жанкешті ерліктеріңіз бен уақытпен санаспай еткен еңбектеріңіздің арқасында біз бүгін тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз. Ізіңізді басып келе жатқан ұрпақ атынан сізге зор алғыс білдіріп, бас иемін. Келе жатқан Ұлы Жеңістің 75 жылдығын бірге тойлауды нәсіп етсін. Жылдан жылға аман жетейік», деп, алғыс хат пен жаңа жылдық сыйлығын тарту етті. Амандық-саулық сұрасқан соң дастархан басына жиналғандар ақсақалдың әңгімесін тыңдап, ақ батасын алды. «Құдай береген жасқа жеттік. Біздің бала күнімізде, жас кезімізде көрген қиындығымызды сендердің бастарыңа бермесін! Ел үшін ешқашан аянып қалғанымыз жоқ. Буынымыз бекіп үлгермей соғысқа араластық. Соғыстан кейін де тұралап қалған ел экономикасын көтеруге қал-қадырымыз жеткенше еңбек еттік. Болашақ сендердің қолдарыңда. Ауыр да абыройлы жұмысты атқаруға бел буған соң, оның жауапкершілігін де мойынмен көтеру – нағыз ердің ісі. Қариясын құрметтеген елдің ұрпағының да бетінен иманы төгіліп, болашағы да жарқын болмақ. Әрқашан аман жүргейсіңдер!», деді көнекөз қария.

Жеңіс мерекесі қарсаңында ардагердің құрметіне ауыл азаматтарының демеушілігімен үлкен мерекелік шара ұйымдастыру жоспарлануда.

Бүгінде 93 жасқа толған Сұпығали Есімов 1944 жылдың қараша айында 18 жасында әскер қатарына алынып, Кеңес әскерінің сапында Чкалов қаласында әскери оқу-жаттығудан өтеді. Сержант шенімен Жуков басқаратын І Украина майданында болған. 1170 атқыштар полкінде пулеметші, бөлімше командирі болып, Берлинді азат етуге қатысқан.

 

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН