10.01.2020, 15:13
Қараулар: 46
Бар жақсылық балаларға

Бар жақсылық балаларға

Әр түрлі мерекеде ақжайықтық «атымтайлар» ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, жан-жақты демеушілік танытып жатады. Жаңа жыл қарсаңында балалар да базарлықсыз қалып көрген емес. Күні кеше Мерген ауылдық округіндегі «Дөңгелек» шаруа қожалығы балақайларға мерекелік сыйлықтар табыс етті. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жіті түсінген шаруашылық иесі Михаил Пшеничный осыған дейін де аудандық деңгейдегі шараларға жиі атсалысып жүр. Бес жылдан бері жаңа жылда бүлдіршіндерге сыйлық беруді дәстүрге айналдырған екен.

Мерген ауылдық мәдениет үйінде өткен балалар шыршасында ауыл әкімі Мәмбетқали Сағаденов тұрғындарды мерекелерімен құттықтап, қожалық өкілдері сыйлықтарын табыстады. «Баласының күлкісі жарқын елдің келер күні де кемел болмақ. Бала біздің болашағымыз. Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында өздеріңізбен кездесіп, осындай қуанышты сәттің куәсі болу мен үшін де үлкен бақыт. Жаңа жыл жаңа бастамалар мен толайым табыс әкелсін», — деді «Дөңгелек» шаруа қожалығының бас есепшісі Гүлмайра Сағидан. Биыл аталмыш қожалық Мерген мен Мойылды ауылындағы 70 балаға тарту-таралғы жасады.

Сонымен бірге Чапаев ауылындағы кәсіпкер Әлия Шоқановадан табысы аз, көп балалы 32 үйге құттықтау жетті. Бұл тек жай құттықтау емес, 19 қыз, 13 ұл балаға арнап, өзі шырша ұйымдастырып,  осында жаңажылдық сыйлықтар табыстады.

Сыйлыққа қысқы күртке, аяқ киімді алдын ала алған ол осылайша көптің алғысына бөленді. Шырша тойы оның «Төрехан» тойханасында өтті. Мұнда кәсіпкердің туыстары, тойхана қызметкерлері түрлі ертегі кейіпкерлерінің бейнесін сомдап, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл оның, әрине, алғашқы қайырымды ісі емес. Кәсіпкердің бұл өнегесі басқа ауылдастарға, әріптестеріне жұғысты болғаны да анық.

Ал, Кеңсуат сынды кішкене ауылда алып жүректі адамдар көп көрінеді. Шағын елдімекеннің «Ата жолы», «Шерхан», «Айшуақ» және «Санжар» шаруа қожалықтары мен жеке кәсіп иелерінен бастап, ауыл тұрғындарына дейін қалталары көтергенше қаржылай көмек білдіріп, балақайларды қуанышқа бөлепті. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Жұбатованың айтуынша, жалпы сомасы жетпіс мың теңгеге жуық қаражатқа жаңа жылдық сыйлықтар алынып, 12 үздік оқушы мен балаларға түрлі сый-сияпат жасалған екен. Ауыл тұрғыны Райхан Еламанова болса өз қаражатына бес оқушыны бір жылға облыстық «Самал» газетіне жаздырыпты.

«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген, ұл-қыздарымыздың Жаңа жыл мерекесінде мейірімге бөленгеніне не жетсін!

Өз тілшіміз

Суретті түсірген Мұстафа БЕКЕЙ