10.01.2020, 15:25
Қараулар: 22
Үздіктер. Мақтаулылар.

Үздіктер. Мақтаулылар.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің өзінің тындырымды қызметімен, тың бастамаларымен облыс, республикамызға танымал. Жыл белесінде тек кітапты насихаттау шараларымен шектелмей, ұлттық құндылықтарымыз бен рухани байлығымызды, ұрпақ тәрбиесі мен білімін шыңдау бағытындағы жұмыстарды үзбей өткізген ұжым жылды түйіндеді.

«Жетістікпен жұлдызды сәтке» деп аталған марафонында  асыл қазынамыздың сақшылары кітапхана белсенділері, саланың дамуына, жыл бойы ұйымдастырылған шараларға өз үлестерін қосып, жарқырап көріне білген жандарды марапаттады. Жарқын шараның алдында кітапхана саласының қызметкерлерін, жыл үздіктерін аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Габдушев құттықтап, мұндай ынталандыру рухани орда өкілдеріне және оның оқырмандарына шабыт сыйлап, табысты жұмыс істеуіне қамшы болатынын айтты.

Осыдан соң ол белсенді оқырмандарды, кітапхананың қоғамдық жұмыстарына үлес қосқан, руханият жанашыры, әдебиет туындыларын насихаттаған бірқатар жандарға аталымдар бойынша сый-сияпат табыстады. Айталық, жас оқырман Айша Берік «Тарыдай болып кіргенмін», қабыршақтылық Сарсенғазиевтер «Үздік оқырман отбасы», мамандандырылған күзет қызметі басқармасының взвод командирі Сайлау Бисалиев «Белсенді ұжым», Ақжайық аграрлық-техникалық колледж директорының орынбасары Марат Сарсенғаиев «Руханият тілекшісі», «Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің» инженері Мәлік Мұхтар «Білімді оқырман», ардагер ұстаз, журналист Тілес Жазықбай «Кітапхана кеңесшісі», Ақжол ауылдық округінің  әкімі Тәтжан Өтемісов «Үздік оқырман әкім», Чапаев №1 орта мектебінің мұғалімі Ирина Шамина «Бастамашыл ұстаз», «Жайық таңы» газетінің редакторы Әлия Шарапиева «Кітап шыңдарын бағындырушы», Абай атындағы мектеп-гимназия мұғалімі Әлия Макашева «Жан азығының жанашыры» аталымдарымен марапатталды.

Базаршолан ауылдық кітапханасының меңгерушісі Ғалия Даулетияроваға «Үздік қызметкер» төсбелгісі табысталды, Қарауылтөбе ауылдық кітапханасы үздік кітапхана деп танылып, алмалылық Дархан Қапатаева «Белсенді кітапханашы», орталықтандандырылған кітапханалар жүйесінің автоматтандыру бөлімінің жетекшісі Динара Хадесова «Заманауи кітапханашы» атанды. Ал Жаңабұлақ ауылдық кітапхананың коворкинг орталығының кітапханашысы Жұлдыз Балхашева «Жыл үздігі» аталымымен марапатталып, оған 100000 теңге көлемінде сертификат табысталды.

 

Әлия СЕРІК

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ