10.01.2020, 15:47
Қараулар: 58
Қадірлесең кәріңді, Алла сыйлар бәріңді

Қадірлесең кәріңді, Алла сыйлар бәріңді

Жұманың аяғында редакциямызға Құрман Бисеғалиев ағамыз келіп, қал-жағдай сұрасқаннан кейін, шаруасын айтты. Жүрген жерінде баталы сөз айтып, есті әңгіме естісе, жадына түйіп жүретін Құрекеңнің жайдан-жай редакцияға келмейтіні бізге онсыз да мәлім. Аудан көлеміндегі ардагерлердің арғы-бергісі мен ата тегін жатқа соғатын ағамыздың ақсақалдарға алаңдап, кейуаналардың көзден таса қалмауын қадағалап жүретіні тағы бар. Бұл жолы да аудан орталығынан шалғай жердегі бір ақсақалдың халын біліп келмекке жолға шығыпты. Бізге соққандағы шаруасы да қасына бір тілшіні ертіп барып, ақсақалдың айтқанын хатқа түю екен. Келістік те, «Жамбыл ауылдық округі қайдасың?» деп жолға шықтық. Бағытымыз аталмыш округке қарасты Бітік ауылынан үш шақырым жерде орналасқан қыстақтағы Сейтжан Қойсариев ақсақалдың үйі. Осы жерді 40 жылдан астам мекен еткен ақсақалдың атына орай, жергілікті халық «Сейітжан құдық» деп атайды екен бұл мекенді. Біз барсақ, ақсақал есік алдында тұр екен. Алды-артымызға қаратпастан үйге бастай жөнелді.

Қонағын өзі қарсылап, үйге бастап барған аласа бойлы, арық қарттың қағылез қимылына қарап, жасы тоқсанға таяп қалды деп айта алмассыз. Жастайынан еңбекке араласып өскен ақсақал әлі тың көрінеді. Төрге озып, аман-саулық сұрасқан соң әңгімесін бастады. «Туған жерім Жаңақала ауданына қарасты НовоКазанка ауылы. 1934 жылдың 14 қаңтарында сол жерде дүниеге келіппін. Бала күнімде ата-анам осы Чапаев ауданына қоныс аударды (қазіргі Ақжайық ауданы). Біздің бала күніміз деп айтқанымызбен, бала болып асыр салып ойнап, желік қуатын жағдай болмады. Енді ес біліп келе жатқан шағымызда сұрапыл соғыс басталды. Екі ағам бірдей сол Ұлы Отан соғысында қаза тапты. Тек мен емес, сол кездегі балалардың қай-қайсысы да ауылда қалған ата-аналарымен бірге еңбекке ерте араласты. Аға-әкелеріміз жаумен арпалысса, буынымыз бекімей жатып, үкіметтің айыр-күрегін ұстап, біздер ауылда жүріп, майдандағы қандастарымызға қолғабыс еттік. Суықтан тоңып, үйге келгенде пешке жағатын отын да жоқ еді ол кезде. Малдан қалған сабанды пешке жағып, жылынып, балаң күнімізді өткіздік. Есейіп өзім де ел қатарлы әскери борышымды өтеп келген соң да, осы колхозда мал шаруашылығының маңында еңбек еттім. Бақташының көмекшісі де болдым. 1970 жылы Первомай совхозына келіп, қой бақтым. Кейіннен 1973 жылы аталмыш кеңшар екіге бөлініп, жаңадан құрылған Жамбыл атындағы кеңшарға қойшы болып келдім. Содан зейнет жасыма дейінгі бар ғұмырым үкіметтің малының соңында өтті», — дейді ақсақал. Әңгіме арасында отбасылық архивте сақталған түрлі марапаттарын тамашалап отырып, ақсақалдың мал шаруашылығын дамытуда аз еңбектенбегенін байқадық. Түрлі социалистік сайыстардағы мақтау қағаздарынан бөлек «КСРО халық шаруашылығын дамытудағы жетістігі үшін» қола медальмен және «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталған екен. Тіпті өткен жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ауыл шаруашылығы министрлігінің  құрмет грамотасымен марапатталыпты.

Бүгінде сол заманның тірі куәгерлерімен сұхбаттаса қалсаң, мал баққан адамға марапат мол болғанын айтып жатады. Тіпті қойшылар арасынан «Социалистік еңбек ерлерінің» көп шыққанына қызғанышты кейіп танытатындар да аз емес. Алайда мен талай қойшылармен тілдескеннен ұққаным – жас ғұмырыңды қатарластарыңнан бөлініп, мал бағуға арнаудың өзі үлкен ерлік. Өткен ғасырдың идеологиясы осы тұста өте жақсы жұмыс жасаған-ау. Қар жамылып, мұз жастанып, қой баққан адам басқалардан бір саты биік тұруы заңдылық секілді. Осындай қажырлы еңбек атқарған қарттарды бүгінгі ұрпақ та ұмытпауы тиіс.

«Қадірлесең кәріңді, Алла сыйлар бәріңді» демекші, арнайы ат басын бұрып келгендеріңе рахмет. Жас ұлғайған сайын есіктен сығалайтын қатарың да сирей бастайды. Құлақтың мүкістігінен еркін әңгімелесу де қиын. Бос уақытта газет-журнал қараймын. Соңғы кезде мерзімді басылымдар да кешігіп келеді», — дейді. Газеттің оқырманға жетуінде мұндай олқылықтың аз емес екенін біз де мойындадық.

«Үш жыл қой баққаннан ақыл сұрама» деген сөзді бұрынғылар біреуге жөн сілтемек түгіл, өз бейнеті басынан асып жататын малшының тірлігіне қарап шығырса керек, әйтпесе әңгімелесе кетсең, мал баққанның қай-қайсысы да нағыз қырдың философы. Біз барған Сейітжан ақсақал да сол. Қытымыр қыста отар қоймен далада қалғаны жайлы, үкімет малын қасқырға бермеу үшін күзгі қара суықта түз тағысымен арбасқан сәттерін әңгімелеген кезде, жылы үйдің ішінде отырып арқамнан мұздай су құйғандай әсерде болдым. Тыңдар құлақ болса, балалық шағынан бүгінге дейін жаз жайлау, қыс қыстаққа көшіп жүріп көрген бейнетті өмірі талай шығарма жазуға болғандай.

Жылы үй демекші, ауылға тартылған газ құбырынан көгілдір отынды ақсақалдың үйіне жеткізу тым қымбат көрінеді. Осы мәселемен де біраз табалдырықты тоздырған екен. Сейітжан ақсақал жары Меңсұлу екеуі 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, өсірген. Қария өз таяғын Еламан атты ұлына қалдырыпты. Бүгінде бар шаруашылықты ұлы қарап отыр. Әдемі қартаю деген осы болса керек. Қалай десек те саналы ғұмырын дала тірлігіне арнап, қырық жылдан астам бір орыннан тапжылмай, мемлекетіміздің экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосқан жан қандай құрметке де лайық. Біз де келер жылға тек жақсылық тілеп қайттық.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ