10.01.2020, 15:53
Қараулар: 22
Барады. Көреді. Жеңеді.  

Барады. Көреді. Жеңеді.  

Қуанышты бала күнінен білемін. Өйткені ол екеуміз Қарауылтөбенің Тайпақ орта мектебінің түлектеріміз. Араларымыз екі-үш жас болғанымен, бір ауылда, бірге ойнап өстік. Қуаныш бала күнінен спорт дегенде ішкен асын жерге қоятын. Қысқа қашықтыққа жүгіруден алдына «жүйрік» түсірмей зымыраушы еді. Қолтоқпақтай шымыр, қатты үрген доптай секіріп тұратын. Жасына сай өтетін жарыстарда, 60 метрлік қашықтықта мәреден бірінші болып зу етіп, біразға дейін тоқтамай әзер тізгін тартатын. Тіпті бір жылдары  ол екеуміз жүгіруден оқушылар арасында өткен облыстық спартакиадаға да қатысқанбыз. Қуаныш интернационал жанұяда өсті. Әкесі – қазақ, анасы орыс ұлтынан еді. Мая апамыз ұлты орыс дегенмен, қазақтың арасында өскен, қазақ тілінде сөйлегенде қазағыңның өзін орта жолда қалдыратын жан еді, жарықтық. «Путин – інім, Назарбаев – қайын інім» – деп дастарқан басында мәністеп сөйлегенде, ешкім алдына түсе алмайтын…

Қуаныш мектепті бітірген бойда кеңшарда жұмыс істеді де, кейін Оралдың педагогикалық институтының спортфагын тәмамдады. Содан соң Қуаныш Ізімғалиұлының спорттық жарыстарға қатысып, ылғи жүлдегер болғанын жиі естіп жүрдім. Араға жылдар түскенде балалар мен жасөспірімдер туризмі бойынша шәкірттер тәрбиелеп, сол шәкірттерін су жорығы, шаңғы туризмі бойынша өтетін облыстық, республикалық  сайыстарға бастап барып, талай рет жеңіс тұғырынан көрінді.  Ең бір қызығы – біздің Ақжайық атырабы тақтайдай тегіс дала ғой. Тау дегенді  түсімізде ғана көреміз. Ал Қуаныш болса, шәкірттерін сол тауда өтетін жорықтарға дайындап қана қоймай, сол бойынша өтетін жарыстарға да қатысады екен. Әрі сол жарыстардан жүлдесіз оралған кездері болмағанын естіп, білгенде, сол додалардан алған жүлделерін, мақтау қағаздарын көргенде, таңғалғанымды жасыра алмадым.

Қуаныш институтты бітіргесін Калмыков орта мектебінде дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып еңбек еткен. Одан әрі Базартөбенің мектебінде де талай шәкіртті спортқа баулыды. Қуаныш Аққалиевтің ұстаз ретінде, жаттықтырушы ретінде жұлдызының жоғарылауы Ақжайық аудандық туризм және экология орталығына директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып келген жылдардан басталады. Бүгінде Қуаныш Ізімғалиұлы – сол Ақжайық ауданында балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығы туризм бөлімінің меңгерушісі. Ақжайық ауданындағы туризм орталығы облыстағы ең үздік орталық деген атағын ешкімге бермей келеді. Әрине, онда Қуаныштың да үлесі орасан. Айтпақшы, Қуаныш Аққалиев еліміз бойынша өтетін жарыстарды айтпағанда, шәкірттерін ТМД елдеріндегі өткен су жорықтарына да қатыстырыпты. Мысалы, Башқұртстандағы Инзэр және Сакмар өзендерінде өткен су жорықтарына шәкірттері қайық салып келгенін мақтанышпен айтуға болады. Тау жорығы дедік, Қуаныштың шәкірттері Жоңғар тауына әлденеше рет өрмелеп, олардан да жеңісті орындардан көрінген. Қазақстанның шығысындағы Уба өзенін бойлаған су жорығында спортшы ұстаздың, жаттықтырушының шәкірттері облыстың намысын жібермеді. Талай жарыстардан таулары шағылмай келген Аққалиевтің шәкірттері де бүгінде есейген, ержеткен. Әр салада еңбек етіп жүр. Кезінде тау туризмі бойынша ересектер арасында өткен республика біріншілігінде чемпион атанған Райлан Нұрманов – бүгінде облыстық балалар және жасөспірімдер туризмі және экология орталығының спорттық бағдарлау меңгерушісі. Темірболатов Әди деген шәкірті «Спорт шебері» атағын алған. Ол шаңғы туризмі және тау туризмі техникасы спорттық бағдарлау республикалық біріншіліктерінде жүлделі орындар алып, облыстық құрама командасының мүшесі болып табылады. Ұстаздың мұндай шәкірттері көп-ақ. Ал олар ұстаздарымен мақтанады. Мақтанса, мақтанғандай. «ҚР еңбек сіңірген туризм нұсқаушысы», «Орал өңірінде балалар туризмін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін кеудесіне қадаған ұстаздың марапаттары мұнымен бітпейді. Осыдан он екі жыл бұрын, яғни 2007 жылы 17 қыркүйекте РФ Мәскеу қаласында Балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясының төралқа шешімімен Қуаныш Аққалиевке балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану мамандығы бойынша профессор атағы берілді.

Бүгінде Қуаныш өзін туризмге баулыған алғашқы ұстазы Гүлжамал Ғайненқызы Байкееваны ылғи аузынан тастамайды.

Пайғамбар жасына келіп қалса да Қуаныш Ізімғалиұлы әлі тың, сергек, қимылы спортшыға тән ширақ, «жарыс» десе, құр аттай елеңдеп тұрады. Тіпті облыс тарихында Оралдан Атырауға дейін шаңғымен барған алғашқы саяхатшы да осы біздің Қуаныш. Осы биыл сәуір айында Шымкент қаласында өткен ҚР Су туризмі біріншілігіне қатысып, «Суда құтқару» жарысында ҚР чемпионы атанды. Әр жылдарда алған мақтау грамоталары мен алғысхаттары өз алдына бір төбе. Бала күнінен спортты жанындай сүйіп,  оған бүкіл ғұмырын арнаған Қуаныш Аққалиев, шынында да, бақытты ұстаз. Өйткені ол – ұстаздықтың алтын сарай қақпасының, жүздеген шәкірттерінің жан сарайының кілттерін тауып, биік құрметке, шынайы жеңіске қол  жет-кізген  жан.

 

* * *

Бүгінде Қуаныш Ізімғалиұлының шәкірттерін алда үлкен де қиын жарыстар күтіп тұр. Оның бірі келер жылы шілде-тамыз айларында Жоңғар Алатауында күтеді. Ол – IV санатты тау жорығы. Одан әрі РФ Алтай өлкесіндегі Катунь өзенінде өтетін күрделі дәрежелі су жорығына аттанады Қуаныш шәкірттерін бастап.

Бұл мақаламызды цезарьшалап «бардым, көрдім, жеңдім» дегенге жақындатып қойған себебіміз Қуаныш Аққалиевтің шәкірттері қатысатын жарыстар әлі көп болсын деген тілектен туған еді. Ендеше, ол жарыстарға «барсын, көрсін, жеңіспен орала берсін!» дегіміз келеді жаттықтырушы, спортшы ұстаз Қуаныш Ізімғалиұлына.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»