10.01.2020, 16:06
Қараулар: 51
Жаңа орталықтың жұмысы қарқынды

Жаңа орталықтың жұмысы қарқынды

Орталықта ота жасалыпты

Жыл аяқталған тұста аудан орталығында инсультті орталық ашылғаны туралы жазған болатынбыз. Бір өзі бес ауданға қызмет көрсететін орталық жұмысын бастап, бір айдан бері 11 адам емделіп шыққан екен. Орталық дәрігері Нұрсұлтан Меңдалиев жас та болса, өз ісін жетік меңгерген маманның бірі. «Бүгінгі күнге инсульт орталыққа 11адам түссе, соның төртеуі Жәнібек, Казталов аудандары мен Орал қаласынан жеткізілген науқастар. Он бір науқастың екеуі геморрагиялық инсульт диагнозымен түсіп, біреуіне осы орталықта жергілікті нейрохирург Серік Ерниязов ота жасады. Ота жасалған науқас Жәнібек ауданынан жеткізілген болатын. Қазіргі таңда жағдайы жақсы, операциядан кейін де дәрігерлердің жіті бақылауында болды, жақында ауылына қайтарамыз. Науқас түскеннен бастап, бізге ақыл-кеңес беріп отыратын өзіміздің нұсқаушымыз бар, — дейді жас дәрігер.

Бұған дейін де жазғанымыздай, орталықтағы компьютерлік томография аппараты арқылы аурудың жағдайы анықталып, емдеу тәсілі тағайындалады. «КТ-нің ауруды анықтауға тигізетін пайдасы зор. Әсіресе мида жиналған қан мен ісіктің көлемін анықтап, әрі қарай емдеуде таптырмас құрылғы. Ауыр сырқатпен түскеннің өзінде барлық пациентке бірдей ота жасалмайды. Дәрігерлердің көмегімен дәрімен емдеу арқылы біртіндеп қалпына келетін науқастар да бар. Бізге түскендердің көпшілігі ауыр науқастар болғаннан кейін емделіп шыққаннан кейін де көп күтімді қажет етеді. Бүгінде инсульт ауруы жиілеп кеткені ешкімге жасырын емес. Ересектер түгілі, бүлдіршіндер арасынан да шығып жатады. Бұның барлығы жүктілік кезінде жас аналардың салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс күтінбеудің салдарынан орын алады. Адам ағзасындағы кез келген ауру мен психологиялық стресс салдары жатырдағы балаға әсер етпей қоймасы анық», — дейді Нұрсұлтан Байтемірұлы.

Инсультті жеңу өз қолыңызда

Жиі ұшырасатын аурулардың қатарындағы бұл кесел туралы «қорқынышты» ақпарат көп болғанмен, шылауына жабысқан адамын құлатпай қоймайтын дерттен оңалу да науқастың өз қолында екен.  «Бізге инсульттан кейін өте ауыр халде түскен науқастар ем-домын алып, есін жиғызғаннан соң да, көптеген процедуралардан өтеді. Біртіндеп-біртіндеп жасалатын курстардан кейін 15-20 күн ішінде сырқат адам үйіне қайтарылып жатады. Біз өз қолымыздан келген көмекті көрсеткеннен кейін де, адам толық айығып кетті деуге болмайды. Әрі қарайғы оңалту процесі үйінде жалғасуы тиіс. Бұл науқаспен ауырған адамның көбіне тірек-қимыл аппараты зардап шегеді. Сол себепті бос уақытында көп қимыл-қозғалыс пен дене жаттығуларын қажет етеді. Жанына дерт батқан адамның көңілі кінәмшіл, жүйкесі әлсіз келеді. Сәл нәрсеге ренжіп қалуы немесе ауыр дерттен тауы қайтып, тұрып жүруге сескенуі мүмкін. Осындай сәттерде жақын адамдар жанынан табылған дұрыс.

Инсульт соққаннан кейін емделіп шыққан адамның 85 пайызы еңбекке қабілетсіз болып қалады. Ал науқастардың 15 пайызы толық жазылып, қайтадан еңбекке араласып кетеді екен. Жоғарыда айтылған 85 пайыздың ішінде де көбі аурудан соң қайта тіктеліп, қоғам өміріне қайтадан белсене араласа бастайды. Дерттің алдын алудағы басты мақсат та осы – сырқат адамды қоғамнан оқшауламау. Инсульттан кейін тұрып жүруге ниеттенбей, төсек тартып жата барген адамның бойындағы басқа дерттер оянып, жағдайы нашарлай береді. Сондықтан «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, егер үйіңізде бір жан инсульт соғып, артынан айықса, ешқашан назардан тыс қалдырмау керек екендігін жадыңызда ұстаған жөн», — дейді маман.

«Бетін әрмен қылғыр» бұл кесел туралы бұрын өте сирек еститінбіз. Бүгінде егде тартқандарды былай қойғанда, балалар арасында да ұшырасып жататын бұл аурудан кез-келген адам сақтанып жүрсе, артық етпейді. Әлдеқалай айналаңыздағы адамның біреуі  ауруға шалдыққан күнде де сабырға келіп, дәрігерлердің көмегімен науқасты аяғынан тұрғызуға мүмкіндік мол. Оған заманауи құрылғылармен жабдықталып, ауданымызда ашылған жаңа инсульт орталығының әлеуеті толық жетеді.

 

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суретке түсірген автор.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар