17.01.2020, 10:17
Қараулар: 138
Қараусыз малдан құт қашады

Қараусыз малдан құт қашады

Атам қазақ бір-бірімен хал сұрасқанда, «Мал-жан аман ба» деп алдымен әңгімені малдан бастайды. Бұрыннан  төрт түлік тірліктің, табыстың көзі болып саналды, қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының көбі малдан қол үзбегені рас. Өз аяғымен өріске шығып жайылатын түлік жегенге азық, ішкенге сусын, жол жүргенге көлік. Дегенмен, көше ортасында немесе жол бойында еш алаңсыз жайылған малға әбден көз үйреніп-ақ кетті. Қанша дабыл қағылса  да, малды бағу, оның ұстау қағидаларына құлақ түріп жатқан қожайындар жоқ. «Баяғы жартас, сол жартас», иелері малды бағымға қоспай, өз еркімен еркін жібере салады. Тіпті ертемен өріске дейін айдап салуға да енжарланып, ерінетіндері де бар.

Бағусыз малың жоғалса, «АЙЫПТҰРАҚТАН» ізде

Былтыр  аудан орталығын көгалдандыру мен абаттандыруға қомақты қаржы бөлініпті. Атап айтсақ, жаз айларында Бауырластар зираты мен Еске алу саябақтарын қоршауға 4 млн 375 мың теңге жұмсалған. Меңдалиев, Айтиев, Қазақстан көшелерінің бойына көшеттер отырғызылып, айналасы қоршалды. Бұл жұмыстарға округ бюджетінен жалпы есебі 600 мың теңгенің айналасында қаражат кеткен. Жазда сан түспен құлпырып, ауылдың сәніне сән үстейтін гүлдер де 156 мың теңгеге сатып алынды. Бұған оларды күтіп ұстайтын жұмысшылардың жалақысын қосыңыз. Алайда қожайындарының керенаулығынан ауыл ішінде қараусыз жүрген мал егілген гүлзарлардың ойранын шығарып, жасыл желектің ортасында жайылып жүретінін, қоршауларды бұзып жатқанын көз көріп жүр. Жергілікті басшылардың осындай малға арнап айып тұрағын ашудан басқа амалы қалмағаны анық. Чапаев ауылдық округінің әкімі Нұртаза Нәбиденовтың айтуынша, бағусыз малды қамайтын тұрақ құрылысының жұмыстары өткен жылдың сәуірінде бастау алған.

Ол үшін 1469 шаршы метр жердің құжаттары заңдастырылып, қоршалды. Мұнда құжат айналымдарын реттейтін қызметкерге арналған орын жайластырылып, айналасы жарықтандырылды. Малдың айыптұрақта тұрған уақытында күтімі де ойластырылған. Шөп қоймасы салынып, суастау орнатылды. Мал тұратын орын да бар. Күннің ыстығы өтпесін деп, 4х8 метрлік қалқан жасақталды. Түліктің кімге тиесілі екенін анықтайтын сырғасын, чипін тексеру үшін темірден раскол салынды. Тек жаз-күз айларының өзінде мұнда бағусыз жүрген 199 бас ірі қара қамалған. Мал иелеріне тиісті бөлім мамандары арқылы ескерту хабарламалары жеткізілді. Сонда да қайталанатын жағдайлар бар. Мысалы, екінші рет қамауға алынған малы үшін  ауылымыздың 2 тұрғынына 83 мың теңгенің үстінде айыппұл төлеуге тура келеді. Малды ағайынға ескерте кетейік, бір бас малға айыппұл мөлшері 5 айлық есептік көрсеткіштің көлемінде.

Әрине, айыптұраққа кірген малды аштан-аш, сусыз ұстай алмайсың. Оның шөбін салып, орнын тазалайтын адам қажет. «Көбіне, тұраққа бірден 10-15 мал қамалады. Ал оларға уақтылы шөбі салынып, суы құйылып тұруы керек, жануарлар сүзісіп, бірін-бірі жарақаттамауы қажет. Сондықтан былтыр біз осы нысанның жұмысына қоғамдық қызметкерлерді тарттық. Бірақ малдың күтіміне кететін қаражатты өзіміздің қалтамыздан шығаруға тура келгенін жасырмаймын. Себебі бюджетте айыпқораның шығынының өтелуі қарастырылмаған. Ал күтіміне кететін шығынды мал иесінен өндіріп, табыс табуға әкімдіктің заң бойынша құқығы тағы жоқ. Негізінде мұндай тұрақтардың жұмысы жеке бизнестің қарамағында болуы керек. Сондықтан тендер жарияланып, оның қорытындысы бойынша айыптұрақты сенімгерлік басқаруға алатын кәсіпкер желтоқсан айының соңында анықталды», — дейді округ әкімі Нұртаза Нұрхатұлы.

Бүгінде ауылдық округ әкімдігі мен «АЙОК» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Алмат Сағындықтың арасында айыптұрақты сенімгерлік басқару жөнінде келісімшарт жасалып, кәсіпкер өз жұмысына кірісіп те кетті. Ол өз кәсібінен табыс табуға, яғни шыққан қаражатын кері қайтаруға, әрине, мүдделі. Сондықтан қазірдің өзінде ауыл шаруашылық жануарларының күтіміне кететін шығындардың нақтыланып, 1 басқа сағатына 200  теңге боп бекітілді. Сөзсіз, айыппұлмен қатар оқшауланған уақыттағы жем-шөп шығынын төлеуге мәжбүр болған малды жан енді жауапкершілікті анық сезінетіні анық.

Сырғаның жөні бөлек

Жөн-жосықсыз ауыл іші, жол бойында жайылған мал басын уақытша шектеп ұстаудың рәсімдеріне келер болсақ. Қазір жеке тұрғындардың иелігіндегі малдың саны артып келеді. Бірақ оны сырғалауға салғырттық танытып жататын жерлестеріміз де аз емес. «Айыптұраққа қамалған малдың сырғасы болмаса, оның иесі екеніңізді дәлелдеу үшін көршілеріңізбен бірге келіп немесе таныстарыңыздан растайтын қолхатты ұсынуыңыз қажет. Осыдан соң біздің мекеменің қызметкерлері малдың ветеринариялыққ паспортын рәсімдеп, сырғалайды», дейді аудандық ветеринарлық стансасының жергілікті мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Асхат Абдешов. Оның айтуынша, былтыр қамалған жануарлардың 48-інің иесі анықталып, сырға салынған.

Егер малдың қожайыны табылмаса, қалай болмақ? Мұндай жағдайда кәсіпкер түлікті 3 айға дейін тұрақта ұстауы қажет. Осы аралықта да иесі табылмаса, шаруа қожалықтарына коммуналдық меншікке 6 айға беріледі. Ол үшін аудандық экономика және қаржы бөлімінің жанынан құрылған арнайы комиссияның шешімімен малдың өзіндік құны шығарылады. 6 айдан соң ауыл шаруашылық жануары орталық базарда сатылады. Одан түскен қаражаттан тұрақ иесі мен шаруа қожалығының шығындары өтеліп, қалған сома ауылдық округ әкімдігінің бюджетіне түседі.

Қараусыз малдан қауіп көп

Өріске бет алды кеткен, артынан қарауы жоқ малдан ауылдың ажарын айтпағанда, жол-көлік қозғалысына келер қауіптің зор екені айтпаса да, түсінікті. Өткен жылдың өзінде аудан аумағында үй жануарларының қатысуымен 40 жол-көлік оқиғалары орын алған. «Осы апаттардың біреуінде ғана көлік жүргізуші, қалған 39-ында мал иесінің кінәлі екені анықталды. Олардың 21-інде ен-сырғаның  апатқа себеп болған малдың қожайындары табылмады. 18-іне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 620-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 154 025 теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды. Малмен соқтығысқан көлік апаттарында 1 адам көз жұмып, 4 адам дене жарақатын алды», — дейді  аудандық полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Руслан Алмағанбетов.

Газеттің оқырмандарына таныс дерек. Өткен жылдың күзінде «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігі ұтып алған гранттың шеңберінде жеке сектордағы малдың мойнына жарық шағылыстырғыш лента байлап, Орал-Атырау тасжолының аудан аумағындағы аса қауіпті учаскелеріне сиыр мен МАИ көліктерінің макеттерін, көлік жүргізушілерге ескерту баннерлерін орнатқан болатын. Істелген жұмыстың нәтижесіне келер болсақ, 2300 бастай жылқы мен ірі қараға осындай ленталар тағылыпты. Жергілікті тұрғындар да, көлік иелері де қараңғыда көлік жарығына шағылысатын қарғыбаудың пайдасы зор екенін айтады. Енді қорасынан мал өргізген ағайын жастардың осы бастамасын қолдап, жануарларына осы қарғыбауды ілсе, жол бойында апаттың азаяры анық. Әзірге лента таққан бірде бір түлікке көлік соқтығыспағаны осы сөзімізге айғақ.

Мал баққанға бітеді

Қазақ «өзіңе-өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» дейді. Қазіргі таңда малды ауылда ұрлықтың белең алып тұрғаны жасырын емес. Еркін жайылымдағы малға қарақшылардың көзі жиі түсіп жатады. Мал ұрлығының көбеюіне, ішкі істер органы мамандарының айтуынша, көбіне адамдардың салғырттығы да себеп болып жатады екен. Өйткені, мал далада қараусыз жайылады. Ондай малды айдап әкетуге де оңай. Көбіне малын қараусыз қалдырғандар опық жегенін біраз уақыттан кейін бір-ақ біледі. Әбден ақ адал малын сансырап іздеп, таба алмай, амалдары құрыған соң ғана ішкі істер қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Қарақшылар бұл кезде ізін суытып та үлгереді емес пе?! Мысалы, былтыр 52 мал ұрлығы тіркелсе, оның 45-і өрістен қолды болыпты.

Ұрлықты тиюдың ең тиімді жолы – ауыл тұрғындарының өз малын қараусыз қалдырмай, сақтық шараларына жете көңіл бөлуі. Ұйымдастырылған мал бағымына қолыңдағы ірі қараңды уақтылы қосу да өзекті мәселе. Біраз жыл бұрын аудан орталығында мал бағымын жолға қою – тұрғындардың тарапынан үнемі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі болғаны аян. Былтыр бұл күрмеудің де түйіні тарқап, ірі қара бағымы екі бағытта ұйымдастырылған болатын. Бірақ тұрғындар бастапқыда малын бағымға қосқанымен, артынша өріске үйренген соң «Малым өзі барып, өзі келіп жүр. Табынға қосқан жоқпын» деген сынды түрлі сылтауды алға тартып, ақшасын төлеуден жалтарғандардың салдарынан бір бақташы өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Ал өздері бағымға қоспаған сиыры жоғалса, кінаны полицияға артатын жерлестеріміз де жетерлік.

Аудан орталығының Қарасай шағын ауданы тұрғындары малын сеніп тапсырған бақташы Серік Ғұмаровты сөзге тартқан болатынбыз. Оның айтуынша, әкімдік тарапынан мал бағымы жұмысының тоқтап қалмауы үшін барлық жағдай жасалған. «Бақташылық қызметке кіріскен бойда маған мініске ат берді. Мал бағылатын орынға қос салынып, құдық та соқтырылды. Бәлкім сенерсіз, бәлкім сенбессіз, осы қостың басында ас-суымды дайындайтын ошағым да бар. Қазір жылыту қазандығының операторы ретінде уақытша қызметтемін. Бұйыртса, жаз айларында қайтадан өз жұмысыма кірісемін» — деді ол.

Расында, мал баққанға бітеді деп бекер айтпаса керек. Төрт түлігін төлдетіп, мал баққанның несібесі зор болмақ. Дегенмен, қолдағы азын-аулақ қараны иесіз жіберіп, артынан айыптұрақтан іздегенше, тіпті одан да сорақысы айдың күні аманында ұрлықшыларға жем қылғанша, күндіз жайылымға шығарып, кешке түгендеп қорамызға қамап, күзетті күшейтсек, абзал. Қарамаған малдан құт қашатынын ұмытпайық, ағайын.

Әлия ШАРАПИЕВА

«Жайық таңы»