17.01.2020, 10:57
Қараулар: 91
Зиянкестер өріс алмасын десек…

Зиянкестер өріс алмасын десек…

Ауданның агроклиматтық жағдайына байланысты ауыл шаруашылығының өсімдік саласы негізінен көкөніс-бақша өнімдерімен ұсынылған. Сондықтан біздің өңірімізде ауыл шаруашылығындағы көкөніс-бақша дақылдары мен жайылым мен шабындық алқаптарына зиян келтіретін аса қауіпті зиянкестердің ішінде үйірлілігімен ерекшеленетін итальяндық прус, азиат шегірткесі және саяқ шегірткелерге, саршұнақ пен тышқантектес кеміргіштерге және арам шөптер мен өсімдіктер аурулары топтамасына аса көңіл бөлініледі.

2019 жылы аса қауіпті және зиянды организмдерге қарсы мониторингтік жұмыстар 469 мың 720 га ауыл шаруашылық жерде жүргізілді. Мониторингтік тексеру қорытындысы бойынша ауданда аса қауіпті және зиянды организмдердің экономикалық зияндылық шегінен асып, ауылшаруашылық өсімдіктеріне аса қауіп төндірмейтіндігі анықталды. Дегенмен жылдағыдай карантиндік арамшөптер, соның ішінде жатаған укекіремен залалданған 328 га аумақ химиялық өңдеуден өткізілді. Мониторингтік материалдарды талдау мен ауа райы көрсеткіштерінің негізінде биыл аса қауіпті зиянкес үйірсіз (саяқ) шегірткеге қарсы өндеу жұмыстарын 3000 га жерде жүргізу жоспарланды. Ал карантиндік жатаған укекіреге қарсы 224,1 га аумақты улау жұмыстары жүргізілмек.

Бұл орайда, ауыл шаруашылығы саласында тауар өндірушілерінің назарына ескерте кететін жаңалық, 2019 жылдың 28 қазанында  ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен қосымшаларды енгізу туралы» Заңымен ҚР «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Соның ішінде, ерекше тоқталып өтетін өзгерістердің бірі  —  ол заңның 9 және 20 баптарға енгізілген өзгерістер: жаңа талаптарға сай, уәкілетті орган болып табылатын Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің ведомстволық органдарының күшімен үйірлі шегірткелерге (азиат шегірткесі, мароккалық шегіртке және итальяндық прус) қарсы фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу қарастырылған.

Облыстық мемлекеттік атқарушы органдардың тарапынан үйірсіз (саяқ) шегірткелерге қарсы күрес жөніндегі фитосанитариялық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу құзыреті нақты заңға енгізілген.

Ал қызметі мемлекеттік фитосанитариялық бақылау объектілерімен байланысты жеке және заңды  тұлғалар өз қаражаты есебінен зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу міндеттеледі. Алайда бұл тараптарға артылатын салмақты жеңілдету бойынша түрлі шешімдер ұсынылып, қарастырылуда. Олардың бірі химиялық өңдеуге пайдаланған пестицидке жұмсалған қаржыны субсидиялау шарасы қаралуда.

Махамбет НЫСАНБАЕВ,

аудандық аумақтық инспекция басшысы