17.01.2020, 11:14
Қараулар: 59
Ассамблея – достық пен ынтымақтың кепілі

Ассамблея – достық пен ынтымақтың кепілі

Өткен аптаның аяғында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы шеңберінде «Тұңғыш Президент жолымен» халық экпедициясының эстафетасын Ақжайық ауданы көршілес Жаңақала ауданына табыстады. Эстафета қонақтарын жаңақалалықтар аудан орталығына кіреберістен қарсылап алып, құрмет көрсетті. Төкпе күйдің талай тарландары өмірге келген киелі мекеннің төріне жиналған шара қатысушылары түрлі категория бойынша бес диалогтық алаңға бөлініп, еркін форматта пікір алмасты.

Айта кетер болсақ, бірінші алаңда жиналғандар «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы Елбасының тарихи рөлі» тақырыбында ойларымен бөлісті.  Ақжайық аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Дәулетжан Жақсыбаев модераторлығымен өткен келелі кеңесте жиналғандар тәуелсіздік алғаннан бергі еліміздің саяси-экономикалық тұрғыдан дамуына Елбасының қосқан зор үлесі туралы әңгіме қозғады. Жиын модераторы басқосудың мақсаты – жергілікті деңгейдегі барлық өзекті мәселелерге нақты шешімдер ұсыну, азаматтардың мүмкіндіктерін, халық пен қоғамның өзара іс-қимылын кеңейту арқылы қоғамдық бақылау жүйесін дамыту екенін айтып өтті.

«Ата сөз – бата сөз» диалогтық алаңында ауданымыздың және Жаңақала ауданының ақсақалдары ұрпақ тәрбиесі мен елдікті, тыныштықты сақтау жөнінде әңгіме-дүкен құрды. Ардагерлер бата беру туралы баяндама жасап, бата сөзінің шығу тарихы мен ата дінімізбен астасып жатқан киелі сөздің мән-мағынасын ашып көрсетті. Сондай-ақ осы отырыста спикерлер ақсақалдардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі бағыттары мен олардың қоғамдағы рөлінің төмендеуінің себеп-салдары туралы пікір алмасып, қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешудегі  және отбасы институтын қалыптастырудағы ақсақалдардың рөлі жайында ой қозғады. Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жігербай Қажығалиев: «Ардагерлер ауданның қоғамдық өміріне етене араласып жүреді. Аудан көлемінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары аясында көптеген шараларға ел ағалары қатысып, түрлі облыстық сайыстарда ақсақалдар арасында топ жарып жүрген жандар ауданымызда жетерлік. Мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Исаевтың 120 жылдығының тойлануына да ел жақсылары мен үлкендері мұрындық болса, биыл өтетін ақиық ақын, Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары әлдеқашан басталды», — деді.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешудегі БҚО ҚХА аналар кеңесінің атқарған жұмыстарын үшінші диалогтық алаңда басқосқандар талқылады. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қалампыр Есеналиева  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әжелер ансамбльдері мен ауылдық аналар кеңестерінің өткізген шараларына тоқталып өтсе, жиналғандар да өзекті мәселелер төңірегінде ойларын білдірді.

БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов модераторлық еткен төртінші диалогтық алаң аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өтті. Мұнда басқосқандар ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы мен БҚО ҚХА  этномәдени бірлестіктерінің Ассамблея жұмысына қосқан үлесі мен бүгінгі таңда қол жеткізген нәтижелері туралы пікір алмасты. Бұл еркін пікір сайысқа түрлі этномәдени бірлестік өкілдерімен қоса ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, жастар жетекшілері мен мекеме басшылары қатысты. Алдымен сөз алған Ақжайық ауданы әкімінің міндетін атқарушы Тілекқабыл Габдушев жиналғандарды жаңа жылдарымен және Ассамблеяның 25 жылдығымен құттықтап, ел ынтымағы жолында ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру бойынша өз ойын ортаға салды.

Атақты Нарын құмының жиегінде орналасқан жерұйық Жаңақала елінің жұртшылығымен қауышқанымызға қуаныштымыз!  Баршаңызға белгілі, өткен жылдың соңында «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» атты тың жоба бастау алып, облыс әкімі старт берген болатын. Орал қаласы өз кезегінде эстафетаны біздің Ақжайық ауданына табыстады. Бүгін, міне, өздеріңізге игі шараны жалғастырмақ ниеттеміз. Аталған жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына және Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президент – Елбасының ерен еңбегін айшықтауға бағытталған.

Жайықтың қос қапталын тең жайлаған Жұбан елі – Ақжайық ауданы Орал-Атырау тас жолы бойында орналасқан, облысымыздағы тарихы бай, іргелі аудандардың бірі. Осы өңірде қайталанбас тұлғалар – өнер алыптары – Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Қаламқас Орашева, мемлекет және қоғам қайраткерлері – Ораз Исаев, Бақтығали Бисенов, және Михаил Абдолов, Николай Майданов сынды батырларымыз өмірге келген. Ауданымызда халықтар достығы мен ұлтаралық келісім – басты байлығымыз болғандықтан осы құндылығымыздың арқасында ауданымызда 21 ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Олардың 95 пайызы қазақтар болса қалған 5 пайызы орыс, белорусь, украин, татар, неміс, әзірбайжан, кәріс, шешен, мордва, өзбек, башқұрт, удмурд, т.б. ұлт өкілдері», — деді Тілекқабыл Александрұлы.

Кәсіби емес медиаторлар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бас қосқан келесі пікірсөз алаңында медиация тәртібі мен билер кеңесі жұмысының артықшылығы әңгіме болды. Құрман Бисеғалиев модераторлық еткен жүздесуде спикерлер екі тараптың дауын сотқа жеткізбей бітімгерлікпен шешудің тиімділігі мен отбасылық тәрбие төңірегінде кеңінен талқылады. Арнайы қонақтар күйіп тұрған мәселенің бірі – жас отбасылардың ажырасуы төңірегіндегі дау-дамайды да айналып өтпеді. Қоғам дертіне айналған бұл проблеманы шешу жолында біріге жұмыс атқару керектігі жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Эстафета бағдарламасы түстен кейін Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында жалғасын тапты. Мұнда «Елбасы жолымен» фото көрмесі ұйымдастырылып, көрерменге аудан көркемөнерпаздары концерті ұсынылды. Мәдени шараның соңында Ақжайық ауданы әкімінің міндетін атқарушы Тілекқабыл Габдушев құттықтау сөз сөйлеп, Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшинге эстафетаны жалғастыру кезегін табыстады. Наурызбай Қадырбайұлы келген қонақтарға ықылас гүлін тарту етіп, қазақ күйінің астанасы аталатын Жаңақала елі атынан зор ризашылығын білдірді.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ