23.01.2020, 16:05
Қараулар: 101
Абай және біздің қоғам

Абай және біздің қоғам

Аудандық кітапханада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын талқылау бағытында дөңгелек үстел өтті. Оқырмандар мен шара спикерлері өз пікірлерімен еркін бөліскен әдеби шараны аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Ермұханов ашып, жүргізді. Алдымен сөз алған «Таным» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрман Бисеғалиев би-шешендер мектебінен тәрбие алған хәкім Абайдың тарихи болмысы төңірегінде ой тарқата келе, болашақ ұрпақты білімге жетелеу бағытындағы өлеңдері жылдар өткен сайын жаңа қырынан танылатын өлмес қағида екендігіне тоқталып өтті.

«Мемлекет ісінің мүдделесі» тақырыбына шолу жасаған Чапаев ауылдық округі әкімінің орынбасары Ерболат Сапарғалиев ел ішіндегі масылдық пен әл желі бетіндегі орынсыз сын төңірегінде ойымен бөлісті. Мұхамбетжан Тазабектің «Дін ислам діңгегім» өлеңінен үзінді келтірген мемлекеттік қызметкер, Абайша айтқанда «келелі кеңес жоғалып, ел сыбырды қолға алғандығына» қынжылысын білдірді.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қалампыр Есеналиева да ойшыл ақынның өнегелі өмірі мен философиялық ойға тұнған қара сөздері туралы айта келе, өзінің авторлығымен жарық көрген электронды кітаптар тізімімен таныстырып өтті. Осы мерейлі датаға орай мамыр айында ұстаздар қауымы оқушыларды Абайдың туған жеріне саяхатқа апаруды жоспарлап отыр екен.  Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Сұңғатов та қоғамда жастардың белсенділігін арттыру бағытындағы пікірімен бөлісіп, ел жастарының сүбелі бастамаларының барлығы дерлік ел президенті мен Елбасы саясатынан бастау алуына баса назар аударатындығын айтты.

Ауданымызға танымал ақын, журналист Мәлік Берді Әлі болса, «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» атты тарау бойынша Абайды төрткүл дүниеге таныту бағытындағы жұмыстарға тоқтала келе, ақын туындыларының жүз оннан астам елде аударылуының өзі ұлы ғұламаның өлеңдерін өміршең ете түскендігін айтты. Көптеген елде кемеңгердің ескерткіші бой көтеріп жатуы да – осының анық дәлелі. Ақынның айтуынша, тәуелсіздік алған тұста Абайды әлемге насихаттау бағытында қарқынды жүрген жұмыстар, өкінішке қарай, соңғы жылдары бәсеңсіп қалғанға ұқсайды. Сондай-ақ, ұлтымыздың ұлы ақынын тәржімалауда аударманың сапасы түпнұсқаға құрылымымен де, мағынасымен де ұқсас болуын қадағалауды  назардан тыс қалдырмау керектігін ескертті. Аудандық мешіттің бас имамы Ерлан Айтенов Абай шығармаларының тәрбиелік маңызы ата діннен астар алатындығы, даналығы тегінен екендігіне тоқталып өтті. Әкесі Құнанбайдың қажылыққа сапары мен Зере әжеміздің тектілігі туралы көптеген құнды мағлұмат берді. Басқосу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Хайруллин ұлы ақынның мерейлі жасына орай Ақжайық көлемінде аталып өтетін шараларға тоқталды.

Жиналғандар арасынан ардагер журналист Тілес Жазықбай өзінің өлең жолдарын оқыса, ақын Сағынтай Бисенғалиев президент мақаласы бойынша өз пікірін білдірді. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты өз мақаласында Абайды алға қою арқылы елдің рухани дүниесін тірілтіп қана қоймай, ақын даналығының желісі негізінде елдің экономикалық тұрғыдан дамуын да жолға қоюға болатындығын меңзеді деп білемін. Болашақтағы насихат жұмыстары да осыған бағытталуы тиіс. Осы орайда Президент мақаласын сан тарауға бөліп алып, өзімізше талқылап, тек шарамен шектелуге болмайды. «Шара өткізу осылай екен» деп, желікке еріп, жалаулатып, науқаншылдыққа да бой алдырмау керек. Қазақы тәрбие мен дұрыс даму қағидалары Абай сөзінде болса, мерейлі жылда не істеу қажет екендігі аталмыш мақалада анық көрсетілген. Тек соны жүзеге асыра білу қажет», — деді ол. Басқосу қорытындысы ретінде аудандық мәдени-демалыс орталығының әдіскері Сейілхан Ибраемов абыз ақынның «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» өлеңін оқып берді. Шара соңында оқырмандар «…Ғұламалар алтын діңгек» атты кітап көрмесін тамашалады.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ