23.01.2020, 16:09
Қараулар: 80
Ел алдындағы есепте көкейкесті мәселелер көтерілді

Ел алдындағы есепте көкейкесті мәселелер көтерілді

16 қаңтарда тұрғындарға есеп беру кездесуі басталды.Алдымен Сарытоғай, Базаршолан ауылдық округтерінен басталған есепті шара Қабыршақты, Жамбыл, Ақсуат, Базартөбе, Есенсай, Қарауылтөбе, Көнеккеткен, Қурайлысай, Тайпақ, Алмалы округтерінде жалғасты.

Ауыл-еліміз үшін есепті кезеңнің жемісі әрине, аз болған жоқ. Жылдың басты жиылысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Тілекқабыл Ғабдушевауданның барлық жердегі оң беталыстармен қатар назарға алынуға тиісті қам-қарекеттер жайында кеңінен баяндалды. Аудан басшысы өз баяндамасында заманның зілдей талабына тоқталды, тұрғындардың өтінішіне сай белгіленіп отырған істерге шолу жасады.

Кәсіпкерліктің өрістеуі, осыған қатысты меже-міндеттер жайында қашанғыдай, бұл бас қосуда егжей-тегжейлі айтылды. Ауданда тек қазақтың ақбас сиырын өсіретін шаруа қожалықтарының өзі 49-ға жетіп отыр, сонымен қатар жылқы өсіретін 8, қой өсіретін 5 асыл тұқымды қожалықтар бар.Егер мысалы, 2012 жылы 44 шаруа қожалығы 3374 бас МІҚ аналығымен қатысса, 2019 жылы 264 шаруашылық 19,7 мың бас аналықпен қатынасып, аудандағы аналық малдың 53 пайызы тұқымдық түрлендірумен қамтылып отыр. Яғни, мұндай көрсеткіштер уақыт өткен сайын өсіп келеді. Мемлекеттің қолдауына қарап қана қоймай, Тайпақтық шаруа қожалықтары №49 көлтабанды жөндеп, бірқатар демеушілер Карачы каналының 8 шақырымын тазалауға қаражатпен қолғабыс етті. Ауданда шағын және орта бизнес саласында тіркеліп, жұмыс істейтін  субъектілердің қатары 1863-ке жетіп, сәйкесінше олардың жерлестеріне ұсынатын қызметтері мен өнімдерінің бәсекелестігі тоқтаусыз артуда. Бизнес өкілдерінің қатары мемлекеттік «Бастау-бизнес», «Жас кәсіпкер» жобалары, «Еңбек» бағдарламасының арқасында артуда. Айталық, 29 адам несие, 98 тұрғын мемлекеттік грантты иеленді.

Т.Габдушев өз баяндамасында Үкімет тарапынан көмек-қолдаудың мүмкіндігін барлық жерде қапы жібермеу үшін жіті жұмыстану қажеттігін қадап айтты.Көптеген мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жөнінде игі мысалдар бұл ауылдарда да аз емес.

Айталық, Қабыршақты,Жамбыл,Ақсуат,Алмалыда  бір қабатты 2 пәтерлік, Чапаев ауылында екі 3 қабатты 24 пәтерлік, алты 2 пәтерлік, Тайпақ ауылында бір 2 қабатты 12 пәтерлік баспананың құрылысы биыл бастау алмақ. Былтыр Есенсай, Қабыршақты, Мерген дәрігерлік амбулаториялары, Тасоба, Қызылжар медициналық пункттері күрделі жөндеуден өтсе, осы жылы Қарауылтөбе, Коловертное ауылдарындағы медициналық нысандарды жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Есепті кезеңде Жайық, Шабдаржап, Томпақ ауылдары таза ауыз сумен қамтылды. Ал құрылысы басталған Қадырқұл, Қызылжар, Кеңсуат ауылдары және Базартөбе ауылының су құбырын қайта құру жұмыстары биыл тәмамдалмақ. Халықтың осындай жиындардағы үлкен тілегі — Жамбыл мен Битілеуге таза ауыз су кіргізіледі. Жылдың соңына дейін 11 елді мекенге талшықтық-оптикалық байланыс желiлерін қосылса, ауылдық округ орталықтарының 84 пайызы сапалы интернетке қол жеткізеді. Былтыр  7 ауылда спорт алаңдары салынса, биыл Есенсай мен Жамбылда спорт алаңдары бой көтереді.  Жастардың жан-жақты жетіліп, рухани дамуына талпыныс беретін, әрине, кітапхана. Осындай рухани ордалардың жұмысы жаңа форматқа негізделіп, Ақжол және Тайпақ ауылдарында коворкинг орталықтары ашылды. Биыл Орал-Атырау тасжолынан Алғабасқа дейін апаратын жолдың жөндеу жұмыстарының басталатыны жол азабын тартқан ауыл тұрғындарын қуантты.

Осындай бүкіл тірліккетұрғындардың ризашылығы зор. Дегенмен жиылыста ауыл тұрғындары ауылішілік жолдарды жөндеу, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру, ауыл-елдімекендерде жастарды тұрақтандыру, техникалық су, жайылымдарға су жүргізу  турасында ұсыныстарын ортаға салды. Мысалы, базартөбелік ағайын ауылдағы дәрігерлік амбулатория мен орта мектептердің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін алға тартса, Көнеккеткенде Ащы өзені арқылы Азынабай-Тайпақ каналына су жіберместен осы өзендегі су бөгеттерін жөндеу жөнінде мәселе көтерді. Көптен жөндеу көрмеген су бөгеттері бұзылса, өзен суының жайылып кету қаупі бар дейді шаруалар.

Әрине, осындай сан-салалы тынысы, жақсылығы барған сайын молайған ауылдың көркейе беруі үшін оның әр тұрғынының мүдделілігі аса қажет, пікірі де маңызды. Сондықтан жылдың басты жиналысында айтылған ұсыныс-пікірлер зерттеуге алынатын болады. Т.Александұлы сұрақтарға жауап бере отырып, мұны ерекше атап көрсетті. Үлкен ауданның тыныс-тіршілігінен бейнефильм көрсетілді. Барлық ауылдық округтерде есепті жиыннан соң ауыл тұрғындарының мәселелері бойынша жеке қабылдаулар өткізілді.

Әлия ШАРАПИЕВА,

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН