23.01.2020, 16:59
Қараулар: 92
«Толғауы тоқсан» техникалық құжат

«Толғауы тоқсан» техникалық құжат

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шыққаннан бері көптеген жоба жүзеге асып, ауыл-елдімекендерде нысандар бой көтерді. Шабдаржап ауылындағы техникалық су құбыры да – осы бастама барысында салынған нысан. Бірлігі жарасқан бұл ауылда бұрыннан да бірігіп атқарған жұмыстар жетерлік. Ауылға ауыз судың алдында техникалық су тарту жобасы да осылай бірлесіп шешкен жұмыс. Өздеріңізге белгілі, ауданымыздың Атырау облысымен шекаралас бұл шеті жазда жауынсыз, қыста да қар аз түсетін жер. Осы орайда іргесінен Жайық өзені ағып жатқан шабдаржаптықтардың техникалық су тартып, ауылды абаттандыру бағытында бастама көтеруі құптарлық жайт.

Жақында Шабдаржапқа жолым түсіп, аталмыш техникалық су жобасының бой көтеруіне мұрындық болған жан  Талғат Мұхамбетияров ағамызбен жолығып қалдым. Аман-саулық сұрасып, біраз әңгіменің басын қайырған соң, Талғат ағамыздан «жазғы судың» жайын сұрадым. Тәкең аз кем ойланып алып, техникалық су мұнарасының құжаттары әлі бір қалыпқа келмегенін айтты. Жазда барғанымда, ауылдағылар мәз болып жатқанын көріп, жұмысы біткеніне риза болып, құжатын реттеу қиын емес шығар деп кеткем. Сөйтсек, мәселенің көкесі осы жерде жатыр екен. Ауыл азаматтарының басын біріктіріп, әупірімдеп басталған жұмыс, біртіндеп біте бастағанда, округ әкімдігі тарапынан қолдау табылып, бөлек электр көзі тартылып, арнайы трансформатор алыныпты. Сөйтіп көптен күткен су да аулаларға жетеді. Жұмыс толық аяқталған соң құжатын рәсімдеу керек екені айтпаса да, түсінікті. Су мұнарасының құжатын жабдықтау қарайған қаражат тұратындықтан, аудан әкімдігі жерге қажет қағаздарды рәсімдеуді жергілікті атқарушы органға тапсырады. Талғат ағамыздың әр босағаның табалдырығын тоздырып, кабинеттен кабинетке қақпақыл болуы осы тұста басталыпты.

Жалпы жерге берілетін барлық құжаттарды рәсімдейтін жалғыз мекеме – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы – жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің Ақжайық аудандық бөлімшесі.  Ел аузында «гипрозем» аталып кеткен осы мекеме өздері келіп, Шабдаржаптағы нысанның өлшемін алып кетіпті. Алайда құжат әлі жасалмаған. Осы орайда аталмыш мекеменің басшысы Нұрғали Здихановқа жолыққанбыз. «Қазіргі таңда Тайпақ ауылдық округі әкімдігі техникалық судың мұнарасы орналасқан жерді өз теңгерімдеріне рәсімдеп жатыр. Жерді өздерінің атына алғаннан кейін барып, жеке кісіге немесе жеке кәсіпкерге береді. Ол азамат өз бетінше қабылдау актісін жасайды. Сонан соң халыққа қызмет көрсету орталығына барып тіркейді. Әрі қарай өзі алып қала ма, әлде округ әкімдігінің теңгеріміне өткізе ме, ол өзінің еркінде», — дейді Нұрғали Ізғалиұлы. Аталмыш жұмыстарға бір-екі жұманың көлемінде уақыт кетеді екен. Тайпақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Марат Есениязовтың айтуынша, тиесілі жерге құжат рәсімдеу үшін біраз уақытты алса керек. Енді барлық шаруа бір ыңғайға келе бастағанға ұқсайды. Алайда толық аяқталу бірер айдың еншісінде көрінеді. Арық айтып, семіз шығатын қазақылығымызға салып, уақытты шамамен белгілеуге «мамандардың немқұрайлығы кінәлі ме, әлде құжат айналымындағы кейбір тұстардың бюрократтық ұстанымнан ажырай алмай отырғандығы кінәлі ме?» деген сұрақ туады. Екі жыл бойы етек-жеңі жинақталып бітпеген жер құжаты туралы басқа ештеңе айта алмаспыз.

Бұл ауыл азаматтарының «елге болсын» деген ізгі ниетінен туындаған бастама болғандықтан, астарынан ешқандай пайда табу мақсатын іздемеу керек секілді. Сондықтан ауылдық округ әкімдігі өз теңгеріміне алып, жекеге бере салса, «бұл бастаманың болашағы не болмақ?» деген заңды сұрақ туындайды. Себебі округ әкімдігі өз теңгеріміндегі нысандарға болашақта жөндеу жүргізуге немесе қираған тұстарын қалпына келтіруге құқылы, әрі мүдделі. Ел игілігіне жұмыс жасайтын нысанның тағдыры да жауапкершілікті талап етеді. Егер жекенің қарамағына түбегейлі тапсырылса, болашақта бұл нысанның хал-жағдайын жауапкершілігіне алған адам бас ауыртуы тиіс. Ал техникалық су тек жазда бау-бақша егуге арналғандықтан, одан түсетін қаражаттан жеке адам айтарлықтай пайда таппасы белгілі. Электр көзіне кететін шығын мен жеңіл жөндеу жұмыстарын және құбырлардың қалыпты жұмыс жасауын қадағалауға кеткен адам еңбегінің шығынын жапса, соның өзі аз олжа емес. Оның үстіне антимонополиялық комитет арқылы тариф бекітуді айтпағанда, Жайық-Каспий бассейіндік инспекциясының рұқсаты тағы бар. Осы орайда ауылдық округ әкімдігі сенімгерлік басқарумен жеке кәсіпкерге өткізіп, басталған жобаның болашағына мүдделіліктен бас тартпағаны жөн секілді. Болашақта мемлекет тарапынан қандай да бір субсидияға ілігіп, бар құрылым одан сайын гүлденер ме еді деген ой ғана біздікі… Шабдаржап өзінің шағын тарихында техникалық суды бұған дейін де жүргізіп, заманның ауыс-түйіс тұсында бұл бастама аяқсыз қалған болатын. Тіпті ауыл орталығында шағын саябақ салынғаны да есімізде. Алайда бұл нысанның да ғұмыры қысқа болды.

Бірінен кейін бірі шыға беретін құжаттарға қол жинап, табалдырық тоздыру үшін де табандылық қажет. Болашақта үлкен пайда түсіретін жобалар болса, жеке азамат «жүгіріп жүруге» өзі де бақилы болар еді. Алайда жоғарыда аты аталған азаматты екі жыл бойы қағаз жинаудың өзі қажытып жібергендей көрінді. Өз аумағында орналасқан шағын мекемелерге басшылықтың құзыреті жүрмейтініне, жүрсе де, тұрғындар мәселесімен жергілікті деңгейде жанын салып, ешкімнің айналыспайтынына ренжулі. Әйтпесе, Талғат Мұхамбетияровтың ойында неше түрлі идеялардың жүргенін әңгіме барысында ұғындық. Тіпті бір кездері материалдық тапшылық салдарынан жалғасын таппаған, ауыл маңына үлкен бақша егу жұмысын да қайтадан қолға алғысы келеді.

Жайық бойында орналасқан Шабдаржап ауылы бүгінгі таңда ауыз сумен қамтылған. Алайда күні кешеге дейін өзеннен тасылған құдық суын қолданып келді. «Ақбұлақ» бағдарламасынан бұрын қолға алынған техникалық су тарту жөніндегі бастаманың о баста ауылды абаттандырып қана қоймай, ауыз сумен қамтуға да үлес қосқанын осыдан-ақ түсіне беруге болады. «Ауыз су құбырмен келетін болса, техникалық судың қажеті қанша?» дейтін оқырмандар үшін түсіндіріп кеткен жөн шығар. Біріншіден бұл су ешқандай тұздар қосылып, фильтрленбегендіктен бақша өсуіне өте пайдалы. «Ақбұлақ» арқылы жер асты су көздері пайдаланылатын болса, ұңғымадағы су күнделікті белгілі бір мөлшерде қолданылуға есептелген. Сондықтан шектен тыс пайдалану ұңғыманың тозып, су сорғыш құралдардың ерте істен шығуына әкеліп соғады. Ал жаз мезгілдерінде қосымша су жүйесінің болуы осы келеңсіздіктердің алдын алары сөзсіз. Топырағы толық эрозияға ұшыраған ауылдың ортасына терек егіліп, аулаларда гүлзарлар жайқалып тұрар болса, әр азаматтың өскелең ұрпақ алдындағы борышы өтелді деген осы да.

Ауылдың елжанды азаматтарының арқасында көптеген бастама бой көтеріп жатыр. Алайда шағын нысанның жерін заңдастырудың құны жобаның бағасынан асып кетпесе, кем түспейді. Мысалы аталмыш су мұнарасының құжаттарын жеке адам рәсімдейтін болса, 300 мың теңгенің көлемінде қаражат керек екен. Бұл айналып келгенде, азаматтық бастамалардың бас көтеруне кереғар әсер етері кәміл. Шағын кәсіп иесі әзер деп бір жобаның қаражатына ақша жинағанда, оның құжатын рәсімдеу жоба құнымен бірдей болса, бұл бюджеттің де, жеке азаматтың да қалтасына ауыр тиері анық. Осындай жайттарды ескеріп, жасалған жұмыстың санын алға тартып, ауыл мен ауыл, аудан мен аудан жарыспай, сапаға көңіл бөлген жөн. Болашақта да Шабдаржаптағы техникалық су секілді талай нысан салынары сөзсіз. Аталмыш нысанның «Рухани жаңғыру» бойынша жөнді жолға қойылған жұмыс ретінде теле эфирлерде де көрсетілгенін ескерсек, «асығыстық болмады ма» деген ой мазалайды. Дәл осындай бастамамен бой көтерген нысандардың құжатын рәсімдеуде мемлекет тарапынан қандай да бір жеңілдік қарастыру керек-ақ. Бұл туралы ұсынысты «жоғарыға» жеткізу үшін ел тізгінін ұстаған жандарда да елге деген азаматтық ұстанымның болуы қажет пе, әлде? «Ауызы күйген үрлеп ішеді» деп, осындай болмашы келеңсіздіктердің бітпес қайғыға айналуының салдарынан қанша азаматтық идеялар жанбай, өшкенін кім білсін…

Рауан САТЫБАЛДИЕВ