31.01.2020, 9:42
Қараулар: 213
Ерлан Айтенов: «Дәстүрге дендеп енбей тұрып, теріс қылықты тоқтатқан дұрыс»

Ерлан Айтенов: «Дәстүрге дендеп енбей тұрып, теріс қылықты тоқтатқан дұрыс»

Тірлік барда, өлім хақ. Сондықтан «садақаны сауда бер» деп жатамыз. Қым-қуыт тіршілік қамымен жүріп, сауапты іс жасауды жадымыздан шығаратынымыз да рас. Жақсылық жасаған күннің өзінде пенделікке салынып, істеген істің қайырымын күтетіндігіміз тағы бар. Қай дінді алып қарасаңыз да, астары адамның адамға деген махаббаты мен жалпы тіршілік иесіне құрмет пен ысырапшылдықтан сақтауға негізделген. Ал Ислам дінінің тек жақсылыққа тәрбиелейтінін айтып жату артық болар. Оқырмандарымыз тарапынан түсіп жататын өзекті мәселелерді топтастырып, ауданымыздың бас имамы Ерлан Айтеновпен аздаған әңгіме дүкен құрдық.

Өлі разы болмай, тірі байымайды

Осы бір ауыз сөз арқылы қазақ өзінің өткеніне, тарихи танымына құрметпен қарайтындығын білдірсе керек. Өмірден өткен ата-бабаларымыз бен тума-туыстарымызды әрдайым еске алып, өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі етіп отыру да сауапты іс. Алайда бізде өлген адамның жаназасын шығару мен қаделеріне садақа беру де бәсекелестіктің аренасына айналған секілді. Рет-ретімен айтар болсақ, алдымен қайғылы отбасының өлім басында сойған малының сүбесіне жинаған майы сөз ететін нәрсе емес. Қолында бар адам семіз ту бие сойса, жоқ-жітік адам барын сояды. Екеуі де тірінің мерейі үшін болса керек. Өлген адамға одан келіп-кететін ештеңе жоқ. Бар адам әкесі өлгенде сараңдық танытса, ол да өзінің сүйегіне таңба. Әкесінің тірліктегі амалына одан келер не пайда бар? Керісінше жоқ адам тыраштанып, бала-шағаның аузынын жырып, тіпті қарызға кіріп берген садақада сауап бола ма? Тәберік ретінде таратқан жыртыстың бағасын мақтан санап, әңгіме қылу, тіпті адамдардың шені мен лауазымына қарай бөліп беру деген қарақасқа надандық әрекет меңдеп барады. Осы турасында ойыңызбен бөлісіп кетсеңіз.

– Өлімге сойылған мал бәсеке емес. Қазақта «өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деп айтылған сөз бар. Осы сөз біздің қазіргі жасап жатқан әрекетімізге дөп келетіндей. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. айтқан «қаза болған үйде үш күн қазан көтерілмесін» деген хадис бар. Яғни, бұрынғы бабаларымыз ауыр қайғы орын алған үйге қажетті заттарды өздері алып барып, көмек көрсететін болған. Онсыз да қайғыға душар болған шаңырақ иелеріне материалдық тұрғыдан демеу көрсетіп, арық малын семізге айналдырып, уақ жандықтың өздерінен артылғаны болса Алланың сауабы үшін беріп, жәрдемдескен. Өкінішке қарай, қазір басқаша. Кісінің көз жұмылысымен келіп, көңіл айтқан бойда «соятын мал дайын ба, анау қайда, мынау неге олай емес?» деп, онсыз да қамкөңіл адамдарды сабылтып, әбігерге салып қоямыз. Қайғылы шаңырақтан кезек-кезек ас жеп, шай ішіп, жамбастап жатып алатын ауылдастар да аз емес. Мұның бәрі шаңырақ иесіне салмақ салады.«Тас түскен жеріне ауыр» деп көңіл айта келген адамның кез-келгені айтқанымен, осы сөздің шын парқына бара бермейміз-ау. Ал сойылған малдың саны мен семізі, арықтығынан марқұмға келіп-кетер ештеңе жоқ. Садақаға сойылған малдың күйлі болуы сол ауыл азаматтарының ынтымағы мен бірлігін, ағайынның татулығын ғана білдіретін амал. Қарыз алып, садақа бергеннен келер сауап жоқ! Қазақтың «жыртыс жырту» деп аталатын рәсімі негізінде шариғатта жоқ нәрсе. Дәстүрімізге сіңген осы әрекет дінге қайшы келмеген соң тыйым салып жатқанымыз жоқ. Дей тұрғанмен, жыртыспен бәсекелесу мүлде миға сыймайтын әрекет. Менің ойымша, тер орамалға түйіп, дүйім жұртқа жиырма теңге таратқанша, осы жыртыстың ішіне мың теңгеден салып, қабіршілер мен қазан-ошақ басында тік тұрып қызмет қылған азын-шоғын адамға берген жөн секілді. Себебі нағыз еңбек солардікі. Олар еңбектерін бұлдамаса да, марқұмның соңғы сапарында көрсеткен қызметтері үшін үй иесі осылай шағын құрмет көрсетсе, несі айып?!

Соңғы кезде қалалық жерлерде қабіршілер ақылы қызмет көрсететіндіктен бе, жерлеу рәсімінде күрек ұстауға ниет білдірген азаматтардың да қарасы сиреп бара жатыр. Қаза дастарханында қасыққа таласқан қолдар қабір басында да күректі кезек ұстап, марқұмға соңғы қызмет етсе, абзал. Бұл сауапты іс.

Садақада тілек айту қайдан шыққан?

Ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан ислам дінінің шариғи талаптарына сай өлген адамды жер қойнына табыстаймыз. Көңіл айтып келгендерге жайылған дастархан басында гу-гу әңгімеден бөлек, бірінен соң бірі көтеріліп сөз сөйлеу сәнге айналғандай. Садақа түгіл тойда үлкеннің алдына шығып көпіртіп сөз сөйлемейтін қазаққа осы дәстүр қайдан келді? Әлде көңіл айтып, төбе көрсеткеніңді сөзбен дәлелдеу керек деген талап бар ма?

– Ия, жасыратыны жоқ, бүгінде өлім-жітім басында етене жақыны болмаса, көп адамның қайғырып көңілі түсіп жатқаны байқалмайды. Ғаламтор желісімен, кино индустриямен өлім деген ұғымды санамызға қарапайым нәрсе секілді күнде сіңіріп жатқандықтан, жүрегіміздің қарайғанының белгісі шығар бұл да. Әйтпесе, әкім-қаралар қатысқан жиналыстарда сілтідей тынып, сағаттап баяндама тыңдайтын халық үшін қабір басына келгенде өлімнен хабары бар екенін білдіріп, бірер минут сабыр сақтау тап бір қиын емес. Садақа дастарханында бірі айтқанды екіншісі қайталап, кезек-кезек сөз айту шариғат тұрғысынан да дұрыс емес. Бұның астарында өзін көрсетуден басқа ешқандай амал жоқ секілді. Садақа үстінде ауылдың ауызы дуалы 4-5 ақсақалы баталы сөз сөйлеп, молдалар өлім хақында уағыз айтқан дұрыс. Біз садақада сөз сөйлеуді дәстүрге айналдырғанымыз соншама, қазір біреу сөйлемесе, содан тілек дәмететін деңгейге жеттік. Басқарып жүрген жандар да «алыстан келген ағайын, құрбы-достарынан сөйлеймін деушілер бар ма?» деп, тақымдап тұрып, сұрап алғандай қылып сөйлетеді. Айтылатын сөз бар да, айта алатын адам бар! Мұны да естен шығармаған жөн. Сондықтан дәстүрге дендеп енбей тұрып, теріс қылықты тоқтатқан дұрыс деп білемін.

Ысырапшылдық қанымызда бар ма?

Айтыла айтыла таптаурын болған әңгіме ысырап төңірегінде болса, осы ысырап той-томалақты тастап, өлім-жітімнің маңына жеткелі қашан. Той-томалақтағы аста төк шығынды айтпағанда, қазалы дастархан басында да түрлі тағамнан қасық қоятын орын болмайды. Тірі адамның талғамына жат, жүрдім-бардым дайындалған салаттар, кесілген жеміс-жидек сақтауға келмейтіндіктен дастархан жиылысымен бірден жуындыға төгіледі. Бұны қалай тоқтатсақ болады?

– Қаза деген сөздің түбінде қайғы жұту мен орны толмас өкініш жататынын бәрі білетіні секілді ысырапшылдыққа бой алдырудың дұрыс еместігінен де бәрі хабардар. Айтылып та жүр. Алайда ешкім өзінен бастағысы келмейді. Оған да сол «жұрт не айтады» деген жалған намысқойлығымыз кінәлі. Біздің қоғамда біліп тұрып жасалатын күнәнің түрі көп. Ысырапшылдық та сол. Мысалы, адам жерленбес бұрын сүйекті оң жаққа орналастырған соң үлкен кісілер күзетке отырады. Бұл жерде де отырған адамдар ерсі әңгімелер айтып, карта ойнап жататынын байқаймыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. «Айта алсаң жөнді әңгіме айт, айта алмасаң үндеме» деген екен. Шариғат бойынша мұндай жерлер түгілі күнделікті өмірде де карта ойнауға яғни, құмар ойынға мүлдем тыйым салынған. Ермек үшін деген еш сылтау бола алмайды. Одан да есті әңгіме айтып, отырғандарды дұрыс бағытқа тәрбиелеген абзал. Ысырапшылдықты тоқтатуға келетін болсақ, жуырда ауыл ақсақалдарын жинап, осы төңірегінде түсіндіру жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Болашақта ауыл ақсақалдары мен елге сыйлы азаматтардың басын біріктіріп, халықты ысырапшылдық секілді дарақы әрекеттен бойды алшақ ұстауға шақырғымыз келеді. ҚМДБ мен бекітілген он бір түрлі тағаммен де кез-келген садақаны өткізуге болады. Бұл тұрғыдан тек мешіт имамдарына бәрін ысырып тастап, қарап отырмай, ел азаматтары мен билік өкілдері де халықты бірізділікке үндеулері керек секілді.

Карта ойнау туралы айттыңыз. Кей садақаларда ішімдікке де көз жұмып жататынын байқаймыз. Бұл қалай?

– Ислам дінінде ішімдікке де, құмар ойынға да тыйым салынған. Бұл екеуі болған жердегі садақа мүлдем қабыл болмайды. Жалпы бұл жөнінде де көпшілік жұрт біледі. Жоғарыда айтқанымыздай, мұның екеуі де жұрт алдындағы «көңілшектігіміздің» кесірінен туындаған жағымсыз әрекет. Алла жолындағы құрбандығы мен садақасы қабыл болсын деген жан бұл екеуінің бірін де шаңырағына жуытпайды. Ал, жәй ғана үйінің ішін көрсетіп, құдаларының көңілі үшін жайылған дастархан болса, оны садақа деп, оған Алланы қатыстырудың қажеті жоқ. «Жаман үйдің қазанын қонағы билейді» деген керемет сөз бар қазақта. Өз үйіндегі жайылған дастарқанға адал ас қойылып, тілеген тілегі қабыл болу үшін қызмет қылмай, «жұрт не дейді» дегеннің жетегінде жүретін жандарға қаратып айтылса керек деп ойлаймын. «Дүмше молда дін бұзар» демекші, бұндай дастархан басында да түйсігі иманнан алшақ адам құран оқиды. Жасыратыны жоқ қалалық жерлерде садақа дастарханына өздерінше пәтуә беріп, құран оқуды кәсіп қылып жүрген жандар аз емес. Бұл үлкен тенденцияға айналып, бізге де жетті. Сондықтан көпшілік жиналатын жерлерде діни мәселеге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда мешіт имамдарына жүгінген абзал.

Әңгімеңізге рахмет!

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ