7.02.2020, 15:09
Қараулар: 214
Марат Ығылманов: «Ұрпақ рухын ояту – ұлттық спортпен байланысты»

Марат Ығылманов: «Ұрпақ рухын ояту – ұлттық спортпен байланысты»

Соңғы жылдары бұқаралық спорт жақсы қарқынмен дамып келеді. Ауылдар арасында командалар жасақталып, түрлі спартакиада, ұлттық ойындардан сайыс секілді жарыстар жиі ұйымдастырылып жатады. Жастар арасында да ішімдік пен шылым шегуге деген құмарлық азайып, керісінше спортқа қызығушылық барын «қарусыз көзбен-ақ» байқауға болады. Бұқараға пайдалы нәрсенің насихаты жиі, мақсаты айқын болуы керек. Осы бағытта 2012 жылы жұмысын бастаған «Жігер спорт клубы» бүгінде біраз жетістікке қол жеткізген екен. Ашылғанына жеті жылдан асқан аудандық спорт клубтың директоры Марат Жеңісұлы мен ұжымы өздерінің «қарашаңырақтары» болашақта үлкен спорттық кешенге айналатынына сенімді.

«Құрылғанына жеті жылдан жаңа асып жатса да, бұқаралық спортты насихаттау бағытында өз базамыз жасақталып үлгерді деп сеніммен айта аламын. Аудан орталығынан бөлек Жамбыл, Үштөбе, Көнеккеткен, Шабдаржап және Ақжол ауылдық округтерінде халыққа спортты насихаттау мақсатында әдіскерлеріміз қызмет етеді. Жалпы штатта 20 қызметкеріміз бар. Бұл азаматтар қазақ күресі, қол күресі, асық ату сынды ұлттық ойындардың ауылдарда дамуына барынша үлестерін қосып жүр. Жалпы спорт клубтың негізгі жұмысы – халық арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау. Осы бағыттағы іс-шараларды жиі ұйымдастырып қана қоймай, жас ерекшеліктеріне қарай спорттық үйірмелерге тартып, болашақта түрлі командалар жасақтау. Біздерде тек жастар емес, ересектер де үйірмелерге жазылып, жүйелі түрде спортпен айналысады», — дейді мекеме басшысы Марат Ығылманов.

Аталмыш мекеме мүмкіндігі шектеулі жандарды да назардан тыс қалдырмайды екен. «Ақжайық ауданы бойынша 1600 мүмкіндігі шектеулі жан болса, соның 200-і жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Дина Аймурзиева жаттықтыратын ерекше жандар өткен жылғы облыстық паралимпиадалық ойындарда аудан намысын қорғап, екінші орын иеленді. Бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандар арасында отырып ойнайтын волейболдан жерлестерімізге тең келетін команда жоқтың қасы. Зағиптар арасындағы түрлі спорттық шараларда да біздің аудан топ жарып келеді», — дейді мекеме басшысы.

«Жігер спорт клубының» ұлттық ойындарды насихаттауда атқарып жүрген жұмыстары да жетерлік. Айта кетер болсақ, 2016 жылы жігерліктердің бастамасымен аудандық «Қазақ күресі федерациясы» құрылып, балғын балуандарды баулуда.Бүгінде белдесудің бұл түрінен қарауылтөбелік балуандар жақсы нәтиже көрсетіп жүр екен. Облыс аудандары арасында бірен-саран ғана федерацияның біздің ауданда алғаш болып ашылуы «болашақ барыстардың» мекені Ақжайық өңірі екенін меңзейтіндей.

«Ұрпақтың рухын ояту – ұлттық спортпен тығыз байланысты.. Бір кезде «асық ойнаған азар» деген жалған ұранмен ұлттық ойынымызға өзіміз тыйым салдық. Бүгінде қанша жарнамаласақ та, «қарасирақтарымыз» осы бір дәстүрлі спортқа дендеп еніп кеткен жоқ. Алайда спорт клуб жанында жұмыс істейтін арнайы асық ату үйірмесі арқылы көптеген жастар бұл ойынға қызығушылық білдіруде. Аудан орталығында ұйымдастырылған түрлі ұлттық мерекелерде асық атудың айналасына жиналған жастардан осыны байқауға болады. Қазіргі таңда М.Әуезов атындағы орта мектебінде асық атудан «Сұрмергендер лигасы» өтуде. Бойжеткендеріміз бен әйел адамдарды бес асық ойынына баулимыз. Бұл ойын түрінен аудан командасы облыста топ жарып, республикалық сайыстарда өңіріміздің намысын қорғап жүр», -деді Марат Жеңісұлы.

Ұлттық спорт туралы сөз қозғалса, ат спортын айналып өте алмаймыз. Талай атышулы атбегілер мен аузымен құс тістеген дүлдүлдердің мекені Ақжайық өңіріне ұлттық спорттың бұл түрі таңсық емес. Өткен жылы «Жайық жүйрігі» сәйгүліктер сайысының бұл өңірден бастау алуының да тарихи негізі бардай. Спорт клуб басшысының айтуынша, болашақта өз бастамаларымен аудандық ат спорты федерациясын құру жоспарларында бар екен. Ал әзірше өткен жылдан бастап Чапаев, Шабдаржап, Ақжол және Үштөбе ауылдарында ат спорты кешені ашылып, жасөспірімдерді ұлттық өнерге тәрбиелеп жатқан көрінеді. Аталмыш төрт спорт кешенінде 76 бала тәлім алуда. Ат жалын тартып мінгеннен, бойына ұлттық үрдісті сіңіріп өскен баланың рухы биік, қадамы нық болары сөзсіз. Ат десе ішкен асын жерге қоятын жастарымыз бүгінде көкпар тарту, теңге ілу, жамбы ату және аударыспақ сынды білектілер бәсекесінде топ жарып жүр. Аламанда ат оздырған атбегілерге шабандоз болып жүргендердің дені де осы сайыпқырандар екен. Ал жігерліктердің мұрындық болуымен ат спортын насихаттау бағытында түрлі шаралар өтіп жүргеніне көпшілік куә. Өткен жылы наурызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ат спортынан «Ұлы дала ойындарының» өтуіне де мұрындық болған осы мекеме екенін біреу білсе, біреу білмес. Тамыздағы ұлттық спорт түрлерінен өткен Батыс Қазақстан облысының V фестивалін де осы ұжым ұйымдастырыпты. Бұқаралық спорттың дамуына жерлестеріміздің де қосып жатқан үлесі аз емес. Жергілікті меценаттар арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Алғабастағы спорттық алаң, Қарауылтөбеде күрес залының ашылу секілді біраз жобалар жүзеге асты. Жарқын бастамаларға халықтың да алғысы шексіз.

Болашақта аудан орталығында үлкен спорттық кешен ашылады деп жоспарланып жатыр. Жақсы десе жан қуанады. Ұлттық спортты ұлықтаған ұжымның да қатары көбейіп, дәстүрлі өнеріміз дәріптеле берсін.

 

Ақберен САЯТ