7.02.2020, 15:25
Қараулар: 58
Қайырымдылық тірлікті түлетеді

Қайырымдылық тірлікті түлетеді

Ауылдың ажарын келістірер, оның бүгінін баянды етіп, ертеңіне үміт ұялататын ол, әрине, оның тұрғындары. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Алғабас ауылын көпшілік бірлігі бекем, қаймағы бұзылмаған елдімекендердің бірі ретінде біледі. Расында да, қалаға үдере көшу үрдіске айналған қазіргі кезеңде өздерінің мекенін жұмаққа балаған ауылдастардың тірлігі қуантады. Алтын тамыр – ауылға деген ыстық сүйіспеншілігімен берекелі істерге бастамашы болған азаматтар көп мұнда. Мысалы, өткен жылдың соңында ауыл кəсіпкері Ғабит Ерғалиев осындағы орта мектептің бастауыш сыныбы, нақты айтар болсақ 4-ші Ə сыныбына магнитті тақта мен мұғалім орындығын тарту етіп, ұстаздардың алғысына бөленді.

Ал жыл басында ауыл жастары мен мектеп түлектері мәрттілігін танытып,  мектептің алдына «Менің Жүрегім Алғабас» нысанын орнатты. 340 мың теңгеге салынған нысан түнде жарықтандырылып, ауылдың шырайын келтіріп-ақ тұр. Сонымен қатар ауыл азаматтары Асыланбек Хамзин, Нұрлыбек Ілиясов, Мейірбек Мырзағалиевтердің қаржылай қолдауымен бастауыш сыныптың бір бөлмесі толықтай жиһазбен қамтамасыз етілді.

Қайыржан Аманғалиев мектебіміздегі алғашқы әскери дайындық пәнінің материалдық базасын жақсарту бағытында екі дана пневматикалық  қаруын алып берсе, Мадияр Құрманғалиев шаңғы тарту етті. Ал аудандық мәслихаттың депутаты «Қадеш» шаруа қожалығының жетекшісі Дарын Боранбаев мектептің материалдық техникалық базасының жақсаруына біраз қаражат бөлді.

Ел азаматтарының ыстық ілтипатына, елеулі еңбектеріне, жомарттығы мен жайсаңдығына ауылдастары дән риза.

Ал Алмалыда көпшілік істе үнемі жанашырлық танытып жүрген Аманжол Масалимов берекелі іске тағы да ұйытқы болды. Ол ауыл басшылығына арнайы жолығып, көпбалалы отбасылардың тізімін алыпты. «Ахмед Али» шаруа қожалығының жетекшісі осылайша Тайпақ ауылынан 30, Алмалы ауылынан 12, Атамекен ауылынан 8 отбасыға азық-түлік тауарларын көмек ретінде үлестірген. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген, жүрегі кең азамат бұл жақсы істерінің еселеп қайтарына сенімі мол.

Қайырымды істен шет қалмайтын «Бірлестік» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрболат Қадырғалиев те көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созуға үнемі даяр. Қыстың аты қыс қой, қаһарын төкпесе де, оның ызғары отын түсіруге қауқары жетпеген жанды алаңдатпай қоймайды.  Нұрболат  ауылдағы жалғызілікті кейуананы қамқорлығына алып, қыс бойы тегін отынын жеткізіп, оны кесіп-жарып беріп, үлкен азаматтық танытты.

Көмекке мұқтаждарға демеушілік жасауды дәстүрге айналдырған азаматтарымен мақтанады ауылы. Осылай,ағайынның бір-бірін медеуі тірлікті түлете түсері сөзсіз.

 

Әсия ШЫРАЙ