14.02.2020, 9:43
Қараулар: 138
Ет жіліктеу — ептіліктің, табақ тарту — тектіліктің белгісі

Ет жіліктеу — ептіліктің, табақ тарту — тектіліктің белгісі

Қазақ өркениетінде мал шаруашылығының орны туралы айтып жату артық болар. Көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі тұтастай төрт түлікке тәуелді болғаны белгілі. Қазақтың ас мәзірінің де түгелдей мал өнімінен құралатынын тәптіштеп түсіндірудің қажеті бола қоймас. Ет – көшпелі халықтар үшін ең басты тағам. Ал, қазақ халқының етке деген құрметі мүлде бөлек. Сойылған мал мүшелерінің әрқайсысы туралы ауыз әдебиет бойынша әңгіме тарқатып, дала мектебінің дәрісі іспетті атадан балаға жеткен мысал жеткілікті. Көптеген аңыз-әпсаналар мен ислам дініне дейін пайда болып, әлі күнге халық арасында қолданылып жүрген ырымдар да осы төрт түлік төңірегінде.

Ақсақалдың айтары бар

Замана үдерісімен бірге өркениет көшіне ілесіп, қазақы дастарқан мәзіріне де жаңа тағамдар қосылды. Алайда етке деген сұраныс азайған емес. Жалпы кез-келген қонақжай халық ретінде қазақ халқының да дастархан басындағы мәдениеті ерекше. Қарсылап жатқан қонағының жас ерекшелігі мен сол үйге туысқандық жағының дәреже-деңгейіне сай табақ тартылады. Бұл ұлтымыздың салт-дәстүрінің ажырамас бір бөлігі. Сондықтан әлі күнге үлкен жиындар мен той-томалақтарда ересектер жағы осы салтты берік ұстанады. Алайда жастар мен орта буын арасында салтқа сай мал сойып, ет бұзу және табақ тарту қағидалары сақтала бермейді. Ауыл адамдарының урбанизация көшімен аудан орталықтары мен қалаларға үдере көшуі де осы дәстүріміздің біртіндеп жойылуына алып келе жатқандай. Бір кезде кез-келген отағасы білетін мал сою өнерін де насихаттау керек-ақ. Әзірше ауыл-ауылда мал соятын адамдар болғанымен, мал бауыздаудан бастап, ет мүшелеуге дейінгі қалыптасқан дәстүрлі тәрбие қалай жалғасуда? Осы төңірегінде Аманғали Қайсағалиев ағамызбен жолығып, біраз мәлімет білдік. Ағамыздың өмір тәжірибесін оқырманымызбен бөлісуді жөн көрдік.

Мал сою да бір мектеп

«Қазақта мал союдың өзі – дәстүрлік тәрбиемізге сай жүзеге асатын үлкен рәсім. Ықылым заманнан бері ата-бабамыз қалай мал сойды, біз де сол бағытпен жүріп келеміз. Ең біріншіден, мал –азық. Қазақ дәстүрінде тағамның, соның ішінде еттің қадір-қасиеті жоғары, тиісінше оған деген құрмет те бөлек.Сондықтан мал союдың да өзіндік тәртібі бар және ол қатаң сақталуы тиіс. Әр ұлтты ұлт ретінде сақтап тұратын тілі, мәдениеті мен салт дәстүрі болса, мал сою – сол дәстүрдің ажырамас бөлігі. Тінін тарқатсаң, біріне бірі жалғасып кете беретін қазақ дәстүрінің терең тарихы бар екенін өзіміз күнделікті өмірде көп мән бермейтін кез-келген ырым-ишарадан байқауға болады. Ал мал сою тұтас бір мектеп десек, артық айтқандық емес. Сойылатын малды жығып, құбылаға қаратудан бастап, аяқ буып байлаудың әр қайсысының тәрбиелік мәні бар. Қазір көп жерде байқаймын, бір жылқыны он шақты жігіт алып шығып, жарты сағат алысып, әзер жығады. Төрт аяғын бос буып, жыққан мал тұрып кетіп жатқан кездер де болады. Осының бәрі білместіктен болатын ерсі әдеп. Алла азық үшін жаратқанмен, кез-келген тірі мақұлық секілді сойылатын малдың да өмір сүргісі келетіні анық. Сондықтан тез жығып, жанын қинамай бауыздау керек. Бауыздар алдында сойылатын малға пышақты көрсетіп қайрамайды. Бұның астарында да адамның азығы үшін құрбан болатын түлікке деген құрмет сынды үлкен тәрбиелік мән бар.  Ал арқанмен мал байлау әкеден балаға міндетті түрде үйретілуі тиіс», — дейді ақсақал.

Ия, қазақ үшін «көргенсіз» дегеннен ауыр сөз жоқ. Әр әдептің жол-жоралғысын біліп, ұрпағымыз көргенді болсын десек, осындай уақ-түйек нәрселерді баламен ойнап отырып-ақ үйретуге болады емес пе?  «Түйе, жылқы немесе ірі қара мал төрт аяқ, он екі жілікке бөлініп сойылады. Түйеге бөлек тоқталсақ, бұрын Маңғыстау, Атырау секілді ойсылқара түлігін көптеп ұстайтын жерлерде қысты күтпей-ақ,нән атанды жылдың жылы маусымдарында да соя беретін. Ағайын-туған түгел жиналып, жылқы секілді он екі жілік емес, қырық сегіз бөлікке бөліп алады. Сөйтіп бір жілікті үшке бөліп, жаз бойына аз-аздан азық қылып отырады. Бұл ыстық аймақта көп етті бұзып алмаудан бастау алған арнайы дәстүр бар. Қазіргі уақытта да сапасы көңілге секем ұялататын базардың етінен гөрі көз алдарында өскен малды осылай бөліп сояды екен. Біз жақта қазанасы (күздік), соғымға малды қал-қадірі жеткендер тұтас сойса, біреулер бөліп алып жатады. Ешкімнің көңілі қалмас үшін ірі малды теңдей қылып төрт аяққа немесе он екі жілікке бөлу де – бағзыдан келе жатқан дәстүріміз. Қолының ебі бар жігіттер балталамай ақ, пышақпен қабырғаны жігінен бөліп, омыртқаны шаппай түсіріп жатады. Бұл да жігіттің жігітінің ғана қолынан келетін үлкен өнер», — дейді Аманғали ақсақал.

Жігіт ет жіліктеп, қыз қазан көтере білуі керек

«Уақ жандықты союды екінің бірі білуі тиіс. Оны үйретіп жатудың қажеті болмас. Кез-келген малды құбылаға қаратып, «біссіміләңді» айтып бауыздау діни тәрбие арқылы бойымызға сіңген дұрыс қасиет. Ауыз екі тілде «адалдап алу» деген сөз осылай сойылған малға айтылады. Малдың қаны арқылы шығуы тиіс заттардың бар екенін қазіргі медицина да дәлелдеп жатыр ғой. Бауыздалған малдың етін былғамай, терісін сыпырғаннан кейін жіліктеу басталады. Әр жіліктің жігін тауып, қолға күш түсірмей бөлудің өзі үлкен ептілікті талап етеді. Қойды бұзған кезде міндетті түрде алынып тасталуы керек мүшелер бар. Мысалы, төстегі шеміршек. Ел аузында бұл «арам шеміршек» деп те аталады. Бауырдағы өт те міндетті түрде алынуы керек. Ал асық жіліктің жанында иненің жуандығындай шілдеуік деген болады. Осыны алып тастау керек. Соңғы кезде қой сойғандар осы шілдеуікті алмай, етке жіберіп жатады. Піскен етті жеген кезде шілдеуікке адамның қақалуы мүмкін. Бұлардан бөлек асық жілікті бұзғанда, жауырынның етін жарғанда шығатын бездер де шикілей сылынып алынуы керек. Бездің шикілей қазанға түспеуін қазақ халқы қатты қадағалаған. Сондықтан етті қазанға салмас бұрын осындай қажетсіз нәрселер алынуы тиіс. Сонан соң барып табаққа салынуға дайын болады. Әйтпесе, білместікпен етте кеткен бездің өзі әулетке ұят әкелуі мүмкін.

Қазақ халқында табақ тартудың өзіндік мектебі бар. Әр өңірге байланысты түрлі өзгерістер болса да, басты бағыты бірдей, қонақ құрметтеуге бағытталған. Күнделікті қонақтық, құдалықтар мен ағайын арасында тартылатын табақ төрден төмен қарай отырған қонақтардың жолына байланысты. Сыйлы қонақ келгенде, құдаларды қарсылағанда тартылатын табақ – үлкен табақ деп аталады. Жамбас, тоқпан жілік, жауырын, бел омыртқа, сүбе, құйрық пен басты қояды да, ұсынады. Осы жерде бас ұстауды да білу керек. Сыйлы қонақ басты оң қолына алып, оң жақ бөлігін ғана алады. Оң жағынан бастап, дәм татады. Жалпы қазақта оң бағытқа деген ырымдар көп. Одан кейін орта табақ, кіші табақ болып кете береді. Осы табақ тарту дәстүрін әр үлкен кісі өз ұрпағына үйрету арқылы ғана салтымыз жаңа заманға сабақтасып, дами бермек», — деп қайырды қария.

«Тобыққа тісің тимесін, Аллаға тілің тимесін»

«Қазақ халқында дәстүрлі ислам діні келместен бұрын қалыптасып, әлі күнге дейін сақталып келе жатқан ырымдар жеткілікті. Солардың кейбіреуі мал сүйегіне байланысты. Ертеректе әр бай өз жанына барымташы жиғаны, палуан мен өнерлі шешен жігіттерді ерткені өтірік емес. Астары ұрлық болғанмен, барымта да дала қазағына жат болмаған. Сол кезден тараған аңыздар да жетерлік. Баяғыда бір жігіттің малын ұры торып жүргенін жамағайыны ескертеді. Мал қайғысы – жан қайғысы деп өскен қыр қазағы қайтерін білмей, сол елдің бір әулиесіне жүгінеді. Абыз ақсақал жеті сүйегі бұзылмаған кәрі жілік алып келуді тапсырады. Жеті кәрі жілікті оқып беріп, «жаныңнан тастамай алып жүр» деп кері қайтарады. Сөйтіп мал күзетінде жүрген жігітке ұрылар қанша жақындағанмен бас қойып, барымта жасауға бата алмай кері қайтіпті. Сөйтсе жеті кәрі жілік ұрыларға сойыл асынған жеті соқталдай азамат болып елестеген екен. Осылай малшы малын аман алып қалыпты. Бұл, әрине, ауызекі тараған аңыз ғана. Алайда кәрі жілікті қора есігінің жақтауына, үйінің кіреберісіне іліп қоятын жандар әлі жеткілікті. Тобыққа қатысты да осындай аңыз бар. «Мың бір пәледен сақта» деп қазақ халқы үйінде сақтайды. Ұлттық нанымымыз бойынша әр үйде бір тобық сақталуы керек. Асыққа байланысты да  ел аузында таралған ырым жеткілікті. Баласы алыс жорыққа аттанғанда, «асығың алшынан тұрсын» деп, аналарымыз үйдің бір жеріне асық сақтаған. Осының бәрі ұлтымыздың сенім-нанымынан бастап, тұрмыс тіршілігінің өзі төрт түлікпен тығыз байланысты екенін білдіреді. Бабадан қалған осы мұраны болашаққа аман жеткізу, бүгіннен бастап насихаттай беру сендердің міндеттерің», — деп әңгімесін аяқтады. Аманғали ақсақалдың бұдан басқа да айтары көп-ақ. Газеттің бір беті бұл кісінің бар айтарын қамти алмасы анық. Болашақта да байланысымызды үзбей, осындай ақылгөй ақсақалдардың әңгімелерін жарыққа шығарып тұрамыз.

 

Рауан САТЫБАЛДИЕВ