17.02.2020, 10:39
Қараулар: 99
Балуан Ираттың жүлдесін сарапқа салған бәсеке

Балуан Ираттың жүлдесін сарапқа салған бәсеке

Жастар арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында Жаңабұлақ ауылында спорт ардагері, белгілі жаттықтырушы, ұстаз Ират Қырықбаевтың жүлдесіне қазақ күресінен  ашық турнир өткізілді. Аталған шараның ауылдың үлкен-кіші буынды азаматтарының күшімен ұйымдастырылуы – ел жігіттерінің ауызбірлігінің, ұстазға деген құрметтің айшықты нышаны. Турнирге ауданның Алғабас, Бударин, Есенсай, Көнеккеткен, Қарауылтөбе, Чапаевтан «Алшын» жекпе-жек спорт клубы және Жаңабұлақ ауылынан 90-ға жуық балуан қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында ауыл әкімі Ермек Құсайынов жарысқа қатысушылар мен қонақтарды, ауыл тұрғындарын дүбірлі доданын басталуымен құттықтап,  осындай шаралардың жас ұрпақтын саламатты өмірге тартылуына себеп болатына сенім білдірді. Әр жылдары облыстық және республикалық жарыстарда ауыл мен аудан намысын лайықты қорғап жүрген И.Қырықбаевтың бір топ шәкірттері өз құттықтауларын арнап, бапкеріне алғысын білдірді. Ауылдастары атынан той иесіне шапан кигізіп, бағалы сыйлық  табыстады. Салтанатта кеңес әскерінің Ауғаныстаннан шығарылғанына 31 жыл толуына орай жерлесіміз, ауған соғысының ардагері Е.Айтжановқа да  қошемет көрсетілді.

Жарыстың  ерекшелігі — турнир ауданда алғаш рет командалық  белдесулер түрінде ұйымдастырылды. Тартысты өткен сайыста үшінші орынды Көнеккеткен мен «Алшын» спорт клубы бөлісті. Екінші орында Алғабас ауылының палуандары командасы. Қарауылтөбе ауылының спортшылары жеңімпаз атанды. «Өгіз палуан» атағына белдесуге түскен жергілікті жігіттер өзара мықтыны анықтады. Аралбек Жұмағалиев үшінші орын еншілесе, жеңістің екінші тұғырына Мерлібай Пауетдин көтерілді. Турнирдің «Өгіз палуан» атағы Молдашев Әлібайға бұйырды.

Жиналғандардың ерекше назарына бөленген «Түйе палуан» атағын 15 палуан сарапқа салды. Палуандар шеберлік танытып, көрермендерге әсем өнер сыйлап, жеңіс тұғырынан көрінуге бар күштерін салғанын айтып өту керек.  Нәтижесінде жаңақалалық Нұрғали Шаймарданов үшінші орынды иеленді. Финалдық кездесу қабыршақтылық Еркебұлан Беляков (жаттықтырушысы Дәулет Мұңайтпашов) пен жаңабұлақтық Никита Стармаусов (жаттықтырушысы Ират Қырықбаев) арасында өтті. Жергілікті жанкүйерлердің қуанышына орай жамбастан шалу әдісін ұтымды пайдаланып, қарсыласынан айласын асырған Н.Стармаусов «Түйе палуаны» атанды.

«Үздік жаттықтырушы» аталымымен Нұрдаулет Уахитов (Қарауылтөбе), «Үздік төреші» аталымымен Жасұлан Күнбатыров (Жайық), «Үздік палуан» аталымымен Аманжол Қабашев (Жаңабұлақ) марапатталды.

Турнирдің барлық жүлдегерлері мен жеңімпаздарына ұйымдастыру алқасы диплом, медал және кубоктар, ақшалай сыйлықтар табыстады.

 

Жанболат ШАЙДУЛЛИЕВ

Жаңабұлақ