24.02.2020, 10:12
Қараулар: 70
Еленбейтін ерікті

Еленбейтін ерікті

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жыл «Волонтерлар жылы» болып жарияланды. «Волонтер» деген жаңа сөз тілдік қорымызға енбеген кезде де асарлату, жылу жию, сауын айту сынды мейірімге толы әрекет қазақ халқының дара болмысының бір қыры болатын. Әр отбасы оқшау өмір сүріп, адами жылылыққа зәру бола бастаған батыстағы елдерде бой көтерген бұл қозғалыс көшпенділердің күнделікті тірлігінің бір көрінісі болғаны рас. Алайда бүгінгі біздің қоғамда да көмекке зәру жандар жеткілікті. Ал, жастарды мейімділікке тәрбиелегеннен ұпайы кеміген ел болмас. «Волонтер» дейсіз бе «ерікті» деп, ерекше атау бересіз бе өз еркіңіз, қалай айтсақ та, қайманаға қылған қайырымдылығының қайтарымын күтпей, ізгілікпен айналысып жүретін жандарға біздің аудан кенде емес. Олай болса, осындай атаулы жылы еңбегін бұлдамай, рухани жетілуде өскелең ұрпаққа үлгі болып жүрген жанмен жүздесіп, базынасына құлақ түрген де жөн болар.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды»

Чапаев ауылында Оразғали Қажығалиевті білмейтін жан жоқ десем, артық айтқандық болмас. Орақаң жаздың аптап ыстығымен қыстың қақаған аязында да зират басын қадағалап, алыстан ат арытып, «ата-бабамның басына топырақ саламын» деп келгендерге жол сілтеп жүреді. Біз де Орақаңды зират басынан таптық. Ашық қалған бейіт қақпасын жабуға келген екен. Жамағатқа жақсылық жасауды жанына серік еткен ағамыздың игі іспен айналысып жүргеніне жиырма жылдан асыпты.

«Күн сайын болмағанмен, қолым қалт еткенде зират басына келіп, туған-туысқандардың басын аралап, тазалығын қадағалаймын. Кейбір бейіт қоршаулары темірден тоқылғандықтан, сүйкенген сиырлардың басы қыстырылып қалып жатады. Бағымдағы малдың өзін қараусыз қалдырса, көлеңкелеп, бейіт ішіне кіреді. Соларды тұрғындарға хабарлап, қараусыз малды қайтарамын. Бұл фәнидің бір күні бітетіндігін сезінген, кез келген адам өліге де құрмет көрсетуі керек. Жастарды осыған тәрбиелеу керек. Кейде зират басынан әке-шешелерінің жерленген жерін таба алмай, жылап бара жатқан жандар жолығысып қалады. Жылдан жылға аумағы ұлғайып бара жатқандықтан, ескі орындарды немесе қоршалмаған жерлерді табу қиынға соғатыны рас. Ондай жандарды тоқтатып, жөн сұрасып, іздегенін тауып беремін. Қатарлас орналасқан орыс зиратынан да қараусыз малды айдап шығарып, марқұм болған ағайындарын іздеп келгендеріне жол сілтеймін. Дүниеден өткен адамды мұсылман, христиан деп бөліп қарау адасуға алып барады. Діні бөлек демесең, олар да біз сияқты пенде. Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады. Шын риза болған адамның бір ауыз алғысын естігеннің өзі ғанибет», — дейді кейіпкеріміз.

«Жасаған сауабыңа Алла есепші»

Осыншама игі істерді ақысыз атқарып жүрген Оразғали ағамыз қабір қазуды да сауапты іс санайды. Ал үлкен қалалар мен шәрлі жерлерде қызметтің бұл түрі баяғыда кәсіпке айналып үлгергені рас.

«Қаза болған үйдің иесі хабарласып, көмектесуімді сұрап жатады. Жағдайым жетіп тұрса, бұндай кезде жақсылық жасаудан жалтарып көргем жоқ. Қазір қабір қазуға құлшына кірісіп кететін жастар да аз. Бұл бүгінгі ұрпақтың қайраты кеміп, жер қаза алмайтын жағдайға жеткендігі емес, рухани діңгегінің әлсіздігі», — дейді. Әншейінде қалың нөпір «Аллашыл» жастардың осындай сауапты іске келгенде, қарасы сиреп кететіні – өкінішті. Жалпы, кейіпкеріміз сынды жандар жасаған жақсылығының қайтарымын күтіп жатпайтынын сабырлы әңгімесінен-ақ байқауға болады. Ағамыздың замандастарына аздаған реніші де бар екен.

«Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» демекші, ел іші болған соң түрлі жандар кездеседі. Келіп көмек сұраған соң, аянып қайтейін. Өлім қайғысымен әбігер болып, алас-қапаста алғыс айтпаған жан болса, оған ренжудің қажеті жоқ. Жасаған әр сауапты ісіңе Алла тағала есепші. Мені қынжылтатыны, адамдардың дүниеден өткен аруақтарға деген құрметінің болмауы. Адам жерленген жерлерге темекі тұқылын лақтырып, әрбір жерге дәрет сындырып жүре беретін жандар да жеткілікті. Мұндай әрекетке баратынның көбі ересек адамдар. Осыны көріп тұрып, жастарға не айтамыз. Тіпті жерлеу рәсімі біткеннен кейін бәрі көліктеріне отырып, ауылға қайтқан кезде, артына қайрылып, зираттың қақпасын жабатын адам табылмай жатады. Автокөлікпен келген жастар да жаяу жүруге ерініп, мола ішін машинамен аралағаны былай тұрсын, кірген қақпасын аңқайтып ашып кетеді. «Менен кейін күл болмаса, бүл болсын» дегендей, осындай ерсі әдеп дендеп барады. Оның үстіне қаза шақырғандай болып, зираттың қақпасы ашық тұруы қазақта жаман ырым», — дейді ол.

Адамның ит болмысынан, иттің досың болғаны жақсы

Қасынан қыл елі қалмай жүрген ақ төбеті ағамыздың ажырамас серігі көрінеді. Әсіресе жаз мезгілінде қоршауы жоқ зиратқа түскен малды қайтаратын жалғыз көмекші де осы салпаң құлақ екен. Қырда жалғыз көп жүретін адамның көкірек көзі ашық, дүние танымы да ерекше болады. Біздің көзіміз түскенін байқады ма, «серігі» жайлы, азайып бара жатқан адами құндылық туралы біраз нәрсе айтты. «Бұл итке де де тиісетіндер көп. Баяғы бос ілесіп жүрген соң, адам қабады дейтін шығар. Тіпті «атып тастаймыз» деп қоқаңдағандар да аз емес. Үй ауласын қорып, жат кісіге үргені болмаса, далада ілесіп жүргенде адам баласына зияны жоқ. «Аруақтардың мекеніне қойын көлеңкелетіп, жайбарақат жататын адамнан, аптапта менімен бірге мал айдасып жүретін осы төбеттің санасы биік-ау» деп ойлаймын кейде. Жоғарыда айтқандай, кей кезде бейіт қоршауына ірі қара малдың басы қыстырылып қалады. Ірі қараны жалғыз босатып алуға дәрменім жетпейтіні анық. Сол кезде жақын маңдағы азаматтардың көмегіне жүгінемін. Тауым қайтатын кездер де көп. Жол бойында пункттері орналасқан «төтеншеліктердің» жігіттеріне барып та, сағым сынған кездер болды. Әрине, жұмыс уақытында арнайы бекеттерін тастап кетуге болмайтын шығар, алайда осындай бір оқыс оқиға орын алғанда жәрдемдескеннен ешкімнің ештеңесі кетпейтін шығар. Мал иесін тапқанша осылай әбігерге түскен кезде, кей адамдардан көңілім қалады», — дейді азамат. Ия, сыныққа сылтау іздеп немесе айыптан жалтарар болсақ, жата жастанып, Әкімшілік Кодексті қопаратынымыз бар. Ал, айтуға тұрмайтын нәрсеге бола адамзат баласына ғана тән «Ар Кодексінен» аттап кететініміз де өтірік емес. Орақаң болса сол жиырма жылғы ұстанымынан тайқымай, жұртшылыққа жақсылық жасаумен келеді.

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ

 

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ

 

P.S. Қорымдағы қордаланған мәселе

Ағамыз қадағалап жүретін қазақы бейіттің бұрыннан қоршауы болмаған екен. Қақпа орнатып, айналдыра жыра қазып, топырағын ғана көтеріп қойған. Техника кірмесін демесең, топырағы туып, жыл сайын шөгіп бара жатқан «қорғансымақтың» төрт аяғы бүтін малға кедергі болмасы анық. Шағын округтердің өзінде қорымдар қоршалып тұрған кезде, аудан орталығының зираты қошаусыз тұрғаны көңілге қонымсыздау. Жаз бойы жайылымдағы қой мен өрістен қайтқан сиыр бейіт басына «соқпай» өтпейтін көрінеді. Сиыр сүйкенген жерін сындырмай тынбасы анық. Қаны қазақ үшін қасиетті жерге мал жапасының сән бермейтіні де бесенеден белгілі. Ауылдан түлеп ұшып, шалғайда еңбек етіп жүрген азаматтар ата-бабаларының басына келген кезде, осындай жайттарды көріп, көңілі пәс болып қайтады екен. Кім-кімге де жақын адамының құлпытасына мал сүйкенгені ұнай қоймас. Осыған орай, түрлі бағдарламалар арқылы жүзеге асып жататын жобалар арасынан «бабалар қорымын қоршау» деген бастама орын алса, нұр үстіне нұр болар еді. Аталмыш зиратқа 1977 жылдан бастап адам жерлене бастаған екен. Сол кездердің ескерткіші сынды бейіт сыртында ескі ғимарат ағараңдайды. Есік, терезеден жұрдай болған бейшара «үйшікке» тіл бітсе, біраз жайтты жайып салар ма еді, кім білсін. Іші де жергілікті адамдардың әжетханасына айналып үлгеріпті. Шатыры шағылып, іргетасы мүжіле бастаған силикат нысан бір кезде құрал-сайман мен керек-жарақ қоятын орын болғанға ұқсайды. «Заманның түзу кезіндегі» құрылыстың сапасына сызат түсірмейін» дегендей, силикат қабырғаның сыры кетсе де, сыны кетпей тұр. Икемді қолға іліксе, бір сілкініп, қайтадан жаңғырып шығар ма еді?!

Оразғали Қажығалиевтің айтуынша, зиратқа қатынайтын саз жолды ауылдық округ әкімшілігі «күзде арнайы трактормен қырып, көтеріп береміз» деп уәде еткен екен, әзірге уәдесін орындамапты. «Грейдер деген атағы болмаса, көктемгі жіпсілеңде езіліп, адам қатынау қиынға соғады. Қыста бораннан кейін қарға көмілген жолмен адам қатынау мүмкін емес. Бұл жолдың күнделікті тазаланғанын көрген емеспін. Қазадан бөлек уақытта да бейіт жолын аршып қойғанның артықтығы жоқ. Тас жолдың іргесіндегі қорымға жол аршуға аса бір көп қаражат кетпес. Шалғай жерден ақсақалдар келіп, қарға адым жерге күртік қардан жаяу бара алмаған жайттарға жиі куә боламын», — дейді.

Ия, бейіт басына еріккен адам келмейтіні рас. Осындай мәселелер орнымен шешілмеуі ел тізгінін ұстаған ерлерге сын. Әзірге қайраты таймаған соң зиратқа қарайлап жүрген Орақаң «болашақта ата-бабалардың мәңгілік мекенін күзетіп, келген-кеткенге жөн сілтеп тұратын бір адам болса» деп армандайды. Несі бар, волонтерлық пен жақсылық жолын насихаттап жатқан жылда бұл да құп аларлық бастама.