24.02.2020, 10:28
Қараулар: 31
Жастар жақсылық жолында

Жастар жақсылық жолында

«Ақжайық» балалар саяхат кешенінде аудан волонтерлерінің слеті өтті. Слет барысында жастар бірнеше топқа бөлініп, қысқы қызықты ойындар мен «көңілді старт» бойынша сайысты. Қыз-жігіттердің ауызбіршілігін арттырып, волонтерларды өзара жақын таныстыру мақсатында команда жасақтау ойындары ұйымдастырылды. Слет аясында волонтерлер «Құстарға қамқорлық» акциясын қолдап, қолдан ұя жасап, Жайық өзені жағасындағы ағаштарға орнатты.

Волонтерлер жылы аясында өткен шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қатысып, жиналған жастарды мерекелерімен құттықтады.

«Өздеріңізге мәлім өткен жылды Елбасымыз Жастар жылы деп бекітіп, көптеген жобалар жүзеге асқан болатын. Биылғы жылды да Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Волонтерлар жылы деп жариялап, жастардың ізгі бастамалары жалғасын таба бермек. Ежелден қазақ халқы мұқтаж адамдарды назардан тыс қалдырмай, қамқорлыққа зәру жандардан көмегін аямаған. Осындай бағытта биылғы жылы көптеген жоспарларымыз бар. Қоғам өмірінің негізгі қозғаушы күші ретінде біздер әрқашан жастарға сенім артамыз. Волонтерлар жылында да жастардан тың бастамалар мен тосын идеялар күтеміз», -деді аудан басшысы.

Сонымен қатар Қалияр Шадиярұлы волонтерлік қозғалыстың дамуына үлес қосқаны үшін «Үздік жоспар» номинациясымен «Ақ бота» балабақшасы жанынан құрылған «Таза жүрек» тобын марапаттап, имидждік киімдер табыстады.

Содан соң алау басында  жиналған волонтерлық корпус жетекшілері және белсенді жастар аудан басшысымен емін-еркін әңгіме өрбітіп, еріктілер жылының жоспарын талқылады. Көктем, жаз және күз мезгілдерінде белсенді жастардың басын қосатын дәл осындай слеттар өткізу жоспарлануда екен. Слет қатысушылары да аудан әкіміне атқарылатын жұмыстарға байланысты ұсыныстарын жеткізіп, алау басында достық әнін шырқады. Айта кетер болсақ, Ақжайық ауданы бойынша 35 волонтерлық топта 400 ге тарта еріктілер тіркелген.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ,

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ