24.02.2020, 10:32
Қараулар: 23
Студенттермен ой бөлісті

Студенттермен ой бөлісті

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенттерімен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуде Қалияр Шадиярұлы жастарға еліміз тәуелсіздік алған тұстағы экономикалық дағдарыстан қалай шыққандығы туралы баяндап өтті. Жалақысыз жүріп, ел әлеуетін көтеруге атсалысқан аға буын өкілдерін мысалға келтіріп, егемендік жолында еңбек еткен азаматтар туралы ой тарқатты. «Ақжайық ауданы жылдан-жылға түлеп, жаңарып келеді. Аудандық жастар саясаты да қарқынды дамып, өскелең ұрпақтың болашағы үшін көптеген жобалар жүзеге асуда. Жастар үшін барлық ауылдық округтерде заманауи спорттық алаңдар салынды. Биыл үлкен спорт кешені бой көтеретін болады. Ендігі мақсатымыз тұрғындар арасындағы жұмыссыздықпен күресіп қана қоймай, отбасылық бизнесті дамытып, ел экономикасына өз үлесімізді қосу», — деді аудан басшысы.

Студенттер де өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, мазалап жүрген мәселелерімен бөлісті. Асылзада есімді студент колледжді тамамдап шыққаннан кейін ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша аудан көлемінде жұмыс табу мәселесін көтеріп, қатарластарының тағдырына алаңдаушылық білдірді. Аудан әкімі өз кезегінде биылғы жылдан бастап, «Жастар практикасы» бағдарламасымен ең бірінші колледж студенттерін қамту жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонан соң түрлі салаларға сұраныс бойынша жастардың жұмыспен қамтылуын бақылауда ұстайтынын айтты. Сондай-ақ, «Статус» жайдарман командасының мүшесі Ерқанат  та көптеген үлкен жарыстарға өз қаражатымен барып жүргендерін айтып, Қызылорда қаласында өтетін республикалық жарысқа қолдау білдіруін сұрады. Ақжайық өлкесінің намысын қорғап жүрген кез-келген жасқа аудан басшысы қолынан келгенше қолдау білдіретінін айтты.

Басқосу барысында жастар келген қонақтардан биылғы волонтерлық жылында атқарылатын шаралар туралы мағлұмат алып, ауданымыздың әрі қарай өркендеуі жолында жастық жігерін аямайтынына сендірді.

 

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ