24.02.2020, 11:08
Қараулар: 61
Ұлыдан көрдім шарапат

Ұлыдан көрдім шарапат

Осыдан дәл отыз жыл бұрын, дәлірек айтсақ 1980 жылы Қазақстан жазушылар одағының күндері Ақ Жайық өңірінде өтті.

Жоғарғы жақтың ұйғарымы солай болды ма, әлде өз қалауы ма, мүмкін, ауданның атағы дүрілдеп, одақтық, республикалық, облыстық тулардың бәрін иемденіп, аты республиканың «Алтын кітабына» жазылып, оның бірінші басшысы Әділғазы Нұрғазыұлының беделі дүркіреп тұрған соң ба, әйтеуір Одақтың бірінші хатшысы Жұбан Молдағалиевтің сапары қасиетті Жаңақала өңіріне түсті.

Пай…пай…пай… ол кез Жұбағаңның да атағы жер-көкті сілкіндіріп тұрған кезі еді-ау.

Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшысы, КСРО жазушылар одағының хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі, Қазақ КСР және КСРО мемлекеттік  сыйлығының лауреаты. Осындай атақ-шеңдер бір адамға аз ба еді? Оны да көтеретін кеуде, сабыр керек-ау.

— Жұбағаң келеді – дегеннен өрекпіп жүрген көңіліміз әлгіндей абырой-атақтан кейін ақиық ақынды көз алдымызға әрқилы тұрғыда елестетеміз.

Жұбағаң келді: орта бойлы, атжақты, қараторы, кәдімгі өзіміз күнде көріп жүрген адамдардан еш айырмашылығы жоқ. Тек бір ерекшелігі: костюмінің өңірінде депутаттық белгісі бар екен.  Ел ағалары қонақты құрметтеп төрге шығарсын, қолпаштап сөз берсін. Шалқасынан қайырған шашын бір сипап, көзілдірігін бір түзеп қойып, мейманымыз қоңыр даусымен сөйлеп берсін.

Енді біз таңғалайық. Алдымызда атағы жер жарған ақын емес, қырдағы қойшы, қырмандағы диқанмен қоян-қолтық араласып жүрген жәй бір шаруашылық басшысы тұрған сияқты.  Республиканың, соның ішінде Ақ Жайық өңірі еңбеккерлерінің қол жеткен табыстарын жайып салсын.

Бір ғажабы өзінің елді тамсандырған эпикалық шығармалары мен жалынды жырларының бірін де аузына алған жоқ. Сөзінің түйінінде Ақ Жайық өңіріне жасап отырған іс-сапарларының мақсат-мұратына тоқталды.

Есесіне аудан басшыларының тапсырысымен сол кезде аудандық газеттің босағасын енді ғана аттап жүрген досым Амангелді Шахин екеуміз ақынға арналған өлеңдерімізді оқыдық. Аяғымыз дірілдеп, даусымыз қалтырап оқыған өлеңіміздің Жұбағаңа қаншалықты ұнаған-ұнамағанын білмейміз, әйтеуір, арқалы ақынның арқамнан қаққан алақанының табын әлі күнге шейін сезінемін.

1982 жылы арман қуып Алматыға бардым. Мақсатым – бүкіл еліміздегі жалғыз университеттің журналистік факультетіне түсу. Ауылда жүріп, аңғара бермейміз екен, оқуға түсудің де машақаты аз болмай шықты. Әйтеуір көңіл шат, тамақ тоқ. Өйткені Қазақстанның халық артисі, атақты композитор Әсет Бейсеуовтің үйінде жатырмын.

Күндердің күнінде Әсекең жетектеп отырып, Жұбан ағаның өзіне апарды. Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Жұбағаң Әсекеңді өзінің қызметтік кабинетінде қабылдады. Аңқылдап кірген Әсекеңді орнынан тұрып қарсылап, тап бір баласындай еркелетіп, мейірлене маңдайынан иіскегенде жанарымнан еріксіз жас шығып кетті. Одан кейін маған назар аударып, жассынбай елді, елдегі өзі көрген азаматтарды сұрастырды. Мән-жайға қаныққан соң: «Өлеңдерің бар ма, Отан, туған жер жөнінде, тек мен туралы болмасын» — деп күліп алды. Жұбекең жанындағы телефондардың бірін көтеріп: «Шерхан, елден інім келіп отыр, өлеңдері бар екен, қарашы» — деді. Сөйтіп көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» газетіне бір топ өлеңдерім жарияланды.

Сол жерде Жұбағаң мені «Жұлдыз» журналының бас редакторы, белгілі жазушы Бекежан Тілегенов пен осы басылымның сын бөлімінің меңгерушісі ақын Жарасқан Әбдірашовпен таныстырды. Кейін Жарасқанмен жақсы жарасып, аралас-құралас болып кеттік.

Жұбағаң жөнінде айтарымыз да жазарымыз да аз емес. Осы шағын естелігімде ұлыдан көрген шарапатымды еске түсіріп, ұлы ақынның жүз жылдық торқалы тойына тәбәрәк болсын деген ниетпен қолыма қалам алдым.

Закария Сисенғали,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі