24.02.2020, 14:56
Қараулар: 51
Ұя жасап, ойық ойды

Ұя жасап, ойық ойды

Балалардың бойындағы қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті ояту арқылы да ел болашағына алаңдайтын азаматтық көзқарас қалыптастыруға болады. Әр бала гаджетке тәуелді болып, «өз әлемімен» жиі оқшауланатын қазіргі уақытта қоршаған ортаға көз жүгірте бермейтіні рас. Табиғат пен адамзаттың біте қайнасып өмір сүруі арқылы жер жаһан жаратылғаннан бергі экобалансты ұстап тұруға болатынын ұрпақ санасына құю – ұстаздық еткен жанның басты міндетінің бірі.

Осы бағытта Мерген орта мектебінің экология үйірмесінің оқушыларымен түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылып тұрады. Жуырда мектебімізде Батыс Қазақстан облысы бойынша ерекше қорғауға алынған немесе қызыл кітапқа енген құстармен және балықтармен таныстыру мақсатында «Балықтарды қорғайық» танымдық сағаты өткізіліп, оқушылар «Мұхит түбіне саяхат» сурет көрмесін тамашалады. Далада жиі кездесетін безгелдек атты құстың Қазақстанның қызыл кітабына енгізілгенін біреу білсе, біреуі білмеуі мүмкін. Ал, шип (Арал бекіресі) пен ақбалық секілді қызыл кітапқа енген балық түрлері де Жайық өзенінің бойында орналасқан өңірлерде сирек те болса ұшырасып қалатындықтан, оқушылар жан-жануарлардың сантүрлілігімен осы бастан таныс болуы қажет. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақты туған жер табиғатын қадірлеп, Отанды сүюге тәрбиелейді.

Осындай танымдық сағаттардан бөлек практикалық бағыт-бағдар беріп, балаларды қоршаған ортаны сүюге баулу да басты міндет. Үйірме мүшелерімен бірге таза ауада тынығып, ауылымыздың маңындағы су қоймаларына экологиялық жорықтар ұйымдастырып, қысқы мезгілде балықтарға ауа жібереміз. Биылғы жылдың 20-қаңтары мен 20-ақпан аралығында «Құстарға қамқорлық, балықтарға қысқы аэрация» айлығы өтті. Акция аясында үйірме мүшелері ауылдағы тал теректерге қолдан жасалған құс ұяларын орналастырды. Сонымен қатар ересектермен бірге бауырлап қататын көлдерге ойық ойып, аэрация тәсілімен оттегін жіберді.

Ақтоты ҚАБДЫ,

экология үйірмесінің жетекшісі,

Мерген ауылы