2.03.2020, 11:04
Қараулар: 210
Ұстаздар шықты жарысқа

Ұстаздар шықты жарысқа

Жуырда аудан орталығында ұстаздардың дәстүрлі спартакиадасы өз мәресіне жетті. Жас ұрпақтың санасын білім нұрымен нұрландыратын, бүкіл кәсіп атаулының атасы сананалатын ұстаздық кәсіпте еңбек етіп келетін мұғалімдер арасындағы спорттық жарыс жоғары деңгейде өтті. Мұны білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды. Үстел теннисі және волейболдан өткен спорт майданында мұғалімдер шапшаңдығын байқатып, әрқайсысы өз ұжымдарының абыройын асқақтатты. Осы сайысқа ауданның 16 орта мектебінен команда қатысты.

№1 аралас орта мектебінде өткізілген үстел теннисінде шеберлік танытып, өзге сайыскерлерден оқ бойы оза шапқан ұстаздар қатары мол болды. Әрине, жарыста күштілер, яғни аса дайындықпен келгендер жеңіс тұғырынан көрінді. Жарыс төрешілерінің шығарған қорытындысы бойынша спорттың осы түрінен Қаршы орта мектебінің командасы жеңімпаз атанса, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің ұстаздары 2-ші орынды иеленді. Ал Бітік және Краснояр орта мектептерінің қатысушылары 3 -ші орынды тең бөлісіп, өзге командалардан мерейі үстем болды. Осы жеңімпаздар алдағы наурыз айында облыс орталығында өтетін жарыстарға қатысып, басқа қала, аудандардың ұстаздарымен белдеседі.

Тартысты өткен волейбол жарысында да ұстаздар қауымы өздерінің мықтылығын аңғартты. Ерлер мен әйелдерден құралған әр команда сеткадан допты ұтымды асыруда бір – бірінен қалыспады. Ойын соңында жеңіс тұғырның жоғарғы сатысына №1 орта мектеп пен М.Әуезов атындағы орта мектеп командалары көтерілсе, ІІ орынды Бітік пен Қаршы мектептерінің ұстаздары жеңіп алды. ІІІ орында Краснояр және Ғабдолла Махамбетов атындағы орта мектептің командалары.

Ұлағатты ұстаздар арасында өткен спорттық сйыстардың жеңімпаздары кәсіподақ ұйымының алғыс хаттары және сыйлықтарымен марапатталды.

Әсем ЕСБЕК