6.03.2020, 14:54
Қараулар: 109
Әуедоп додасы

Әуедоп додасы

28 ақпан күні Чапаев ауылында спорт ардагері Екатерина Пальгованың жүлдесі үшін әйелдер арасында волейболдан Ақжайық ауданының ашық турнирі өтті. Турнир басталмас бұрын, аудандық кітапханада Екатерина Николаевнаның замандас әріптестері және шәкірттерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Отырыс барысында жиналғандар ардагер спортшымен әңгімелесіп, еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі етті. Саналы ғұмырын спорт жолына арнаған жанның жастарға әлі де берері мол. Аудандық әйелдер командасының негізін қалаушылардың бірі ретінде шәкірттері де құрмет тұтады.

Жарыс ардагерлер және жастар арасында өтті. Дүбірлі доп додасына Орал қаласы мен Бәйтерек аудандарынан, сондай-ақ көршілес Атырау облысының Индер ауданынан және ауданымыздан көптеген командалар қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша ардагерлер арасында Чапаев ауылының №1 орта мектебінің командасы жеңімпаз атанса, М.Әуезов атындағы орта мектеп командасы екінші орын иеленді. Жастар арасында Екатерина Николаевнаның шәкірттері өнер көрсететін Ақжайық ауданының командасы қарсылас шақ келтірмей, жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ командасы иеленді. Орал қалалық №14  орта мектеп пен Ақжайық аудандық БЖСМ жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ