6.03.2020, 15:01
Қараулар: 224
Қайраткердің құрметіне

Қайраткердің құрметіне

26 ақпан күні аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген туризм нұсқаушысы Қуаныш Аққалиевтің жүлдесі үшін кіші топ арасында жаяу туризм техникасы жарысы өтті.  Сайысқа Атырау облысының, Орал қаласының, Байтерек ауданы мен облысымыздың балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығының және аудан мектептерінің командалары қатынасты.

Жарыс екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде сайыскерлер жол дорбаны дайындау мен дұрыс жинау, топографиялық белгілер, түйме байлау және алаудың түрлерін анықтау бойынша бақ сынады. Ал, екінші кезеңде жаяу туризм техникасы қашықтығынан өтуден жарысты.

Бірінші кезең қорытындысы бойынша облыстық балалар туризм және экология орталығының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Тайпақ орта мектебіне бұйырса, үшінші орынды Краснояр орта мектебі иеленді. Жарыстың екінші кезеңінде де аталмыш командалардың басқалардан шоқтығы биік болды. Айта кетер болсақ, бірінші орынды Тайпақ орта мектебі, екінші орынды Краснояр орта мектебі, ал үшінші орынды ОБЖТжЭО командасы иеленді. Жарысқа қатысушылар жалпы командалық есепте де осы көрсеткішті ұстап қалды.

Осы жарыс аудан және облысымыздың  оқушыларын  спортқа  баулу және салауатты өмірді насихаттау мақсатында өткізілді. Жеңімпаз командалар кубок медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Ақжайық өңірінде Қуаныш Аққалиевті танымайтын адам кемде-кем. Туризм десе, есімі бірге аталатын Қуаныш Ізімғалиұлы 1957 жылы 26 ақпанда бұрынғы Тайпақ ауданының Қарауылтөбе ауылында дүниеге келген. Тәжірибелі маман 2006 жылы Ақжайық туризм және экология орталығы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне орналасты.  Араға бір жыл салып, Қуаныш Ізімғалиұлына Мәскеу балалар-жасөспірімдер туризм және өлкетану академиясының «Құрметті профессоры» атағы берілді. Ал, 2010 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген туризм нұсқаушысы» төсбелгісін тағынды. 2011 жылы Астана қаласында Білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының «Балалар-жасөспірімдер туризмінің нұсқаушысы» атағы мен төсбелгісі берілді. 2018 жылы «Орал өңірінде балалар туризмін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ