13.03.2020, 9:58
Қараулар: 89
Әлеуметтік көмек таратылды

Әлеуметтік көмек таратылды

Биыл елімізде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда оның ашықтығын, әділдігін және тұрғындардың еңбекке деген ынтасын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына орай әлжуаз топтағы отбасыларға  әлеуметтік қолдауды тағайындау механизміне өзгерістер енгізілгені белгілі. Енді тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемақымен қатар балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама беріледі. Бұл топтамамен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1 жастан 3 жасқа дейін, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына ай-сайын азық-түлік және тоқсанына бір рет 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға тұрмыстық химия тауарларын беру қарастырылған.

Жоба ауданымызда  бастау алып, атаулы әлеуметтік көмек алатын 99 отбасындағы бір жастан алты жасқа дейінгі 148 баланың барлығына да кепілдік берілген әлеуметтік топтама таратылды. Сонымен бірге бұл жұмыстар аясында мектеп жасындағы балалар ыстық тамақпен, мектеп формасымен және оқуға қажет құрал-жабдықтармен қамту да көзделген. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен алдын-ала топтамалардың талаптары, техникалық сипаттамалары әзірленіп, олардың сапасы, жарамдылық мерзімі, қаптау тәртібі, жеткізу талаптары екшеленді.

Бударин ауылының тұрғыны, 6 баланың анасы Балболсын Мұхамбетиярованың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекке қосылған қосымша әлеуметтік топтама — мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау.

«Мен қазір бала күтімімен отырсын, сондықтан біздің отбасымыз үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама түріндегі әлеуметтік қолдау – қомақты көмек. Топтамадағы азық-түлікке көңілім толады, өте жақсы таңдалған. Күйеуім ауылдағы «Айбатыр» шаруа қожалығында механизатор болып жұмыс істейді, жалақысы үлкен отбасымызды толық қамтамасыз етуге жетпейді», – деді Б.Мұхамбетиярова.

Айта кетелік, 1-ден 3 жасқа дейінгі балаларға арналған жиынтық сүт, печенье, ботқа, жүгері мен сұлы үлпегі, жеміс пен көкөніс езбелерінен, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған азық-түлік жиынтығы сүт, макарон, сұлы үлпектері, күнбағыс майы, гематоген, таңғы асқа арналған сүтті жастық, балалар печеньесінен, арпа, қарақұмық жармасынан, бұршақ пен балдан тұрады.

Мәншүк БАЙБАРАҚОВА,

аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі

Ақжайық ауданы