13.03.2020, 10:01
Қараулар: 166
«Жаны сірі» сарып сарсаңға салды

«Жаны сірі» сарып сарсаңға салды

????????????????????????????????????

Ауданда бруцеллез ауруы бойынша қолайсыз жағдай жайында үсті-үстіне айтылып келеді. Өткен аптада өткен аудан әкімдігінің кеңесі мен аудандық үйлестіру кеңесінің де күн тәртібіне арқау болды. Күні кеше басталған ауылдық округ әкімдерінің де есепті жиындарында да тұрғындар тарапынан өзекті мәселе қатарында. Мәселе аудандық газет беттерінде де әлсін-әлі көтеріліп жүр. Өкінішке қарай, аталған кеселге тосқауыл қоя алмай келеміз. Неге?

Баяғыдан мәлім, мал мен оның өнімінен адамға жұғатын дерт аз емес. Бруцеллез соның бірі болып табылады. Мысалы дейік, 2017 жылы 41 тұрғынның сарыппен ауыру дерті тіркелсе, осы көрсеткіш 2018 жылы 20 болды. Аудандық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өткен жылға жасаған сараптамасына қарасақ, облысымызда  тұрғындар арасында сарып індетінің нақтыланған 48 оқиғасы тіркелді (100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші – 7,3), 2018ж – 51 (100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші – 7,6) құрап, былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 6 пайызға төмендеген. Облыста көрсеткіш төмендеді дегенмен, аудандағы ахуал сол деңгейде сақталып тұр. 2018-дегі көрсеткіштен бір мысқал да кемімегені – былтыр қоздырғышының жаны сірі мал кеселіне 20 адам шалдыққан, яғни аурушаңдық көрсеткіші — 49,7, бұл облыстық көрсеткіштен  6,8 есе жоғары. Олардың 4-еуі – Чапаевта, 3-еуден – Алмалы мен Тайпақта, 2-еуден – Бударин мен Ақсуатта тіркелсе, Қабыл, Сарытоғай, Самал, Жаңабұлақ, Жайық, Ақбұлақ ауылдарында бір-бір адамның бруцеллезді жұқтырғаны анықталды. 14 оқиғада кесел уақ жандықтан, қалған алтауында ірі қара малдан жұққан.

«Ауыл баласы малдың төлімен ойнап, өседі. Дегенмен, бұл тұрғыда өкіндірері, — дейді тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаев, — 14 жасқа дейін 2 бала, 1 жасөспірім аталмыш дертке шалдықты. Балаларды мал қарауға, малды төлдетуге араластырғанның салдары. Тіпті осы балалардың біреуінде аулада тұрған малы да жоқ. Демалыстарында малды ағайынға барғанда жұқтырған. Бұл аурудың негізгі белгілері оны жұқтырғаннан кейін 7-30 күн өткен соң біліне бастайды: адам өзінің тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, делсал болып, бойының ауыр тартқанын сезеді. Емделмеген жағдайда күшейіп, науқастың дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, түнге қарай малшынып терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты, шабының бездері ісіп ауырады. Дәрігерге көрінбесе, науқас адамның белі шойырылып, қол-аяқ буындары ісіп, қозғалтпай ауырып, әрең бүгіледі. Буын-буынға сары су толады. Ағзасы енді жетіліп келе жатқан жеткіншектердің ауруы асқынса, олар келешекте бедеулікке шалдығып, тіпті мүгедек болып қалуы да әбден ықтимал».

Мал иелері жергілікті әкімдермен, мал дәрігерлерімен бірлесіп, барлық мал басын түгелдей есепке алып, мезгілінде ауру-сауын тексеріп, қауіпті ауруларға қарсы ектіріп отыруы тиіс. Заң осыны талап етеді. Басқарма басшысы Ерлан Кенжеғалиұлы осы салада ескерілмей қалған бір жайтты айтты. Айталық, ветеринарларға  алдымен аудандағы ірі қара малының арасындағы бруцеллезді анықтауға тапсырма беріледі, әбден осы жұмыс аяқталған соң ғана , мамандар уақ жандыққа кіріседі. Қазақ болғасын, кемінде екі түлікті қатар өрбітуге тырысады емес пе?! Е.Қанатбаев мүйізді мал мен қой-ешкі бір қорада тұрғандықтан, екеуін бір уақытта тексерген абзал екенін айтады. Әрі маман адамға уақ жандықтан жұққан кеселдің түрі ауырлау тиетінін де алға тартады. Ал бруцеллездің нақ осы қой-ешкінің арасында көбейіп отырғаны біраз алаңдатады. 2018 жылы 222 жағдай тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 2,3 есе көбейіп, 512-ге жетті деп дабыл қағады дейді маман. Айталық, Ақжол, Ақсуат, Базаршолан, Сарытоғай, Тайпақ ауылдық округтерінде кеселдің ошақтары жойылмай отыр, залалдану көрсеткіштері жоғары.

Аудандық ветеринария стансасының мәліметіне қарағанда, осы жылдың 2 айлық ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар жоспарына сай бруцеллезге қарсы аудан бойынша 7740 ірі қара зерттелді. Сонымен, 2 айда 54 бас мүйізді ірі қара бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен. Былтырдың 2 айлық зерттеу қорытындысымен салыстырғанда, биыл бруцеллезге ұшыраған қара мал саны көбейіп отыр. Былтыр осындай уақыттың ішінде 20 қара мал кеселге ұрынса, биыл бұл көрсеткіш 34-ке артты.

Аудандық ветеринарлық стансасы директорының орынбасары Қуаныш Құрманов қолданыстағы ветеринариялық-санитарлық қағида талаптарына өткен жылдың маусым айынан бастап енгізілген өзгерістер ауруды ауыздықтау жөнінде қарымды қадам болатынын . Атап айтқанда, туғанына 12 айдан асқан ірі қара міндетті түрде жылына екі рет бруцеллезге зерттеліп жатыр. Ал бруцеллез анықталған табын, отар секілді эпизоотиялық бірліктерде 15-20 күн сайын қосымша зерттеулер жүргізілуде. Сала мамандарымен тілдесу барысында олар бізге іс жүйелі жүруі үшін шешімі күн ұзартпай табылуға тиісті түйіндерді баяндап берді. Қазіргі таңда шаруа қожалықтарында бруцеллезге қарсы егу жұмыстары біркелі жолға қойылған. Нарықта тиімділігі дәлелденген «РБ-51» вакцинасын иелік қожайындары сатып алып, жаппай егуде. Осының арқасында бүгінде қожалықтарда сарыптың шығуы сиреп келеді. Дегенмен, осы жерде ескере кететін жайт – бұл вакцина аудан орталығында сатылмайды, тек облыс орталығындағы ірі дистрибьюторлардың ғана қолында бар, әрі бұл дәрі терможәшікпен тасымалдануы тиіс. Бір вакцинаның көлемі 25 басқа жетеді. Жеке тұрғындардың ауласында әрі кетсе 4-5 малдан аспайды. Азын-аулақ малы үшін бағасы қымбат дәріні кез-келгеннің ала бермесі анық. Қ.Құрманов ауыл-елдімекендердегі малды ағайындарға осы тұста мекеме тарапынан көмектің ұсынылғанын айтады. «Бір шарты – мүйізділері бір бағымда жайылатын тұрғындардың дәрінің қаражатын жинақтап, ветеринарлық дәрігерге жеткізуі. Сонда жолына кететін шығынына салмақ салмай, арнайы температураны сақтайтын қорабымен бірге жеткізіп, бір мезетте егіп шығудың мүмкіндігі болар еді», — дейді ол.

Расы сол, түлігінен кеселдің табылғанына сенбейтіндер көп арамызда, «басында қан алынғанда ештеңесі жоқ еді ғой. Күйі жақсы, осындай мал ауыра ма?» дейтіндер бар мамандардың сөзінше. Бар пәле осыдан басталады. Біраз тұрғын мал мамандарының кеңесін құлаққа да ілмей, қолындағы малын дер уақытында жоймай, жасырып қалуға тырысады. Былтыр «ауруын жасырған» осындай 6 адамға 290 мың 375 теңге көлемінде айыппұл салынған. Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы Дәурен Сапаш қожайын жануар бруцеллез ауруына оң әсер көрсеткен жағдайда оны қалған сау жануарлардан оқшаулауды ұйымдастырып және күнтізбелік 15 күн ішінде тиісті аумақта орналасқан санитарлық малды союды жүзеге асыратын өндіріс нысандарына  санитарлық сою үшін тапсыруға тиісті екендігін ескертеді. Яғни, адам өзінің, жанұясының денсаулығымен қатар, болашақта басқа жануарлар ауырмасын десе, сол малдан тезірек құтылуға, ветеринария өкілінен берген нұсқамасын орындауға асығуы керек. Сондай-ақ ол кеселді түлікті өз қажеттілігіне сойып алуға болмайтынын да ескертеді.

Мерген ауылдық округіне қарасты «Тайыр» қожалығының жетекшісі Амангелді Меңдешұлы шаруасын енді бастаған жылдарда сатып алынған малдан сарыптың анықталып, біраз ірі қарасының пышаққа іліккенін жасырмайды. «2014-2015 жылдары. Енді қожалық ашып, мал басын көбейтемін деп ниеттенгенде, 15 малды бруцеллез қырғаны бар. «Малым – жанымның садағасы» деген, біраз абдырап қалдым. Былай жыл сайын өскен түлікті кесел құрта беретін болса, қожалықтан не пайда деп ойлаған кездерім де болды. Дегенмен, көш жүре бара түзеледі демей ме?! Осы жағдайдан сабақ алып, малды дер уақытында ектірудің маңызын әбден түсіндім. Жыл сайын облыс орталығынан құны 50 000 теңге тұратын 25 малға жетерлік вакцина алдыртып, мал төлдегеннен кейін ектіріп жатырмыз. Соның арқасында соңғы 5 жылда иелігімде сарыпқа шалдыққан мал жоқ», — дейді шаруа иесі.

Иә, айта берсек, әңгіменің шеті көрінбейтіндей. Ауыл-ауылда жұқпалы ауруға қатысты осындай бір сілкініс керек-ақ. Жоғарыда айтқанымыздай, жеке тұрғындар бейқамдықтан арылып, ветеринар мамандардың ұсынып отырған көмегін пайдаланып, дәріні алдын ала егіп отырса, көрсеткіштердің біраз төмендері анық. Дерттің бір қитұрқысы — адамға жұғуында. Осы жылдың екі айының өзінде кеселдің 3 аурудан анықталғанын ескерсек, мұның өзі өзі дабыл қағуды қажет ететіні анық.

Әлия ШАРАПИЕВА.

«Жайық таңы»