13.03.2020, 10:05
Қараулар: 98
Анаға құрмет

Анаға құрмет

8 наурыз қарсаңында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің жесірлерін көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, сый-сияпат тарту етті. Бүгінде аудан бойынша тек 1 ғана жеңіс сарбазы болса, бейбіт күнге жеткізген майдангерлер жарының 18-нің көзі тірі. Олардың бірде-біреуі назардан тыс қалған емес, әрқайсысына құрмет те ерек.

Нәзима Теженова әжей осы күні өзінің 94-көктемін қарсылады. Мерейжасымен және көктем мерекесімен құттықтай барған аудан басшысына алғысын білдіре отырып, өмір шежіресінен сыр тартты. Репрессияның салдарынан әкеден айырылған отбасының басынан өткерген ауыртпалығын, соғыс жылдарындағы бала-шаға, әйелдердің атқарған еселі еңбегін әңгімелеген ол тәуелсіздігімізге, бүгінгі күннің тыныштығына тәу етті. «Барша жастарды бейбітшіліктің қадірін біліп, елдің игілігіне жұмыс жасауға шақырамын. Қазір барлығы тез дамуда, бір орнында тұрып қалмайды. Сондықтан тек қана алға ұмтылу қажет, ол үшін барлық жағдай жасалған», — деді абзал ана.

Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстазға аудан әкімі алғысын білдіре отырып, барша ақжайықтықтардың жылы лебізін жеткізді: «Төбеміздегі тұнық аспан үшін сіздерге көп рахмет. Біз сол соғыста жанқилы ерлігімен, тынымсыз еңбегімен жеңісті күнді жақындатқан әрқайсыңызға, арамыздағы әрбір батырға алғыс айтамыз, құрмет тұтамыз. Біздің міндет – сіздерді көзіміздің қарашығындай сақтап, ертеңгі ұрпаққа өнегелеріңізді жеткізу. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық тілеймін», – деді әкім.

Осыдан соң аудан басшысы Полина Найденова, Нина Шукурованың шаңырағында болды. Қариялар аудан әкіміне және онымен бірге келген, өздеріне ақ тілектерін арнаған аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғабдушевке, Чапаев әкімі Нұртаза Нәбиденовқа шын жүректен ризашылықтарын айтты.

Айта кетейік, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыс ардагеріне бір реттік 300 000 теңге көлемінде, жеңіс сарбаздарының  жесірлері мен әскери жылдардағы тыл еңбеккерлеріне  30 000 теңге көлемінде  материалдық көмек беріледі.

Әлия СЕРІК

Суретті түсірген автор