13.03.2020, 10:06
Қараулар: 101
Гүл-көктем, ана-махаббат

Гүл-көктем, ана-махаббат

Халықаралық әйелдер күніне орай өткен аптаның жұмасында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов аудан орталығында мерекелік қабылдау өткізді. Байырғы айтулы мейрам иелері – ауылдардан келген әйел-аналарға олардың ел игілігіне арналған еңбегі үшін, отбасының бағын гүлдендірудегі мақсаткерліктері үшін зор ризашылығын айтып, жүрекжарды тілегін білдірді.

«Қазіргі кезде қоғамдық өмірдің кез-келген саласын әйелдерсіз елестету мүмкін емес. Біздің ауданымызда да денсаулық сақтау, мәдениет, білім, әлеуметтік салаларды жауапты лауазымдардың басым бөлігін әйелдер құрайды. Ауылдағы ағайынның ауызбіршілікте өмір сүріп,өзара татулық пен бірліктің орнауы да нәзік жандыларға тікелей байланысты, — деп әйел-азаматтардың қоғамдағы салмақты рөлін бекемдеген аудан басшысы ауданда гендерлік саясатты жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ауданда аналардың өнегелі үлгісін ұрапққа сабақтастырып, қыз бала тәрбиесінде ұлттық дәстүрлерді жандандырған «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің беделі зор. Елімізде қазақстандықтардың, оның ішінде көпбалалы отбасылардың тұрмыс деңгейін көтеруге қатысты ауқымды да нақты жұмыстар атқарылып жатқаны көпшілікке мәлім. Қ.Ш. Айтмұхамбетов мемлекеттің осындай қолдауына, қамқорлығына сай, ақжайықтықтар, барлық әйел-аналар еңбектерін еселеп, жаңа дәуірдің талабына сай ұғыныстықты, жауапкершілікті шыңдай түсеріне зор сенімін жеткізді.

Аудан басшысы мерекелік жиында мереке қарсаңында 80 жасын тойлаған ардагер-дәрігер Жұпар Дінекешеваны мерейжасымен құттықтады. Сонымен қатар ҚР Мәслихаттарының 25 жылдығына орай «Қазақстан мәслихаттар депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашевтің Алғыс хатын аудандық мәслихат депутаты Светлана Оразова табыстады. Отбасы институтын және неке мен отбасы қарым-қатынастарын нығайту, отбасы құндылықтарын насихаттау, беделін көтері мақсатында жергілікті деңгейде аналар кеңесінің жұмысын жандандыруғаны үшін БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымының докторы, профессор Шалқыма Құрманалинаның Алғыс хатымен аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қалампыр Есеналиева мен аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева марапатталды.

Мерекелік қабылдауда қурайлысайлық зейнеткер Жұпар Дінекешова, «Жайдарман» әжелер тобының мүшесі Ғайни Машаева, ақсуаттық кәсіпкер Ләззат Сейткереева, тайпақтық Светлана Тілекеева және басқалары сөз сөйлеп, ауылдастарының, еңбек ұжымындағы әріптестерінің ұмтылысы туралы баяндап, жарқын мерекеге толы нұрлы наурыз айына орай жиналғандарға игі лебіздерін арнады. Гүлжамал Кайбалиева гүл-көктемнің шуағы мен ыстық ықыласқа бөленген аналарды әсем әнмен құттықтады.

Әйел-аналарға раушан гүлімен қоса естелік сыйлықтар тапсырылды.

Әлия ШАРАПИЕВА,

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ