13.03.2020, 10:08
Қараулар: 138
Ене мен келін мектебі

Ене мен келін мектебі

М.Әуезов атындағы орта мектепте «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында  аудан орталығындағы Мерей бастауыш партия ұйымының қолдауымен аналар кеңесі «Ене мен келін сыйластығы» атты  дөңгелек үстел өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева, «Шуақ» әйелдер  қоғамдық бірлестігінің  төрайымы  Маншүк Мәмбешова және Чапаев ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Хабашева  Балым Хабашқызы мен ұстаздар, жоғары сыныптың оқушы  қыздары  қатысты.

Отбасы құндылықтарын өскелең ұрпаққа насихаттап, қазақы жанұя институтының берік ұстанымын ұлықтау мақсатында өткен шараның басты қонағы ретінде ақ жаулықты аналар келіндерімен бірге шақырылды. Әбілхайыровтар шаңырағының отанасы Нәсіпқаным апамыз келіні Ләззат пен немере келіні Мөлдірді ертіп келсе, Биғазиевтар отбасынан Орынғаным апай, келіні Жанат және немере келіні Әсел қатысты. Сисенғазиевтар шаңырағынан Райса апай Венера мен Маржан есімді қос келінімен қатысса, Мырзағалиевтер үйінен Асылай апамыз  Гүлжайнар мен Самал атты келіндерімен келіпті. Ал Сариевтер отбасынан Назгүл апай келіні Перизатпен қатысты. Көрермен байқап отырғандай, қонақтар бойжеткендерге ене мен келін арасындағы қарым-қатынас туралы баяндап, ұрпақтар сабақтастығы турасында өз өмір жолдарын үлгі етті. Қазақы тәрбиеге тән қыз бала бойындағы ұяңдық пен келіннің ибалығы жөнінде әңгіме өрбіді.

Басқосу барысында шара қонақтарына «Шайды кім демдеді?» тақырыбында тренинг-ойын ұйымдастырылып, ене мен келін арасындағы сыйластық төңірегіндегі сұрақтар қойылды. Қонақтар да өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, бастарынан өткен қызықты жайттарды баяндап берді. Қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар мен, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Рүстем ДЕМЕУ

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар