13.03.2020, 11:00
Қараулар: 155
Жазылған жайттың жаңғырығы

Жазылған жайттың жаңғырығы

Көпшілікке  белгілі, газетіміздің 2019 жылдың 47-санында тілші Рауан Сатыбалдиевтің «Сулы газдың сергелдеңі қашан бітеді» тақырыбында мақаласы жарық көрген болатын. Оқырмандарымыз да ортақ мәселеге үн қосып, өз пікірлерін жолдауда. Солардың бірі, көпбалалы ана Қалампыр Есеналиеваның редакциямызға жазған хатын газетіміздің 8-санында жарияладық. Ауыл тұрғынының жанайқайына ауданымызды газбен қамтамасыз етіп отырған мекеме жауап қатып, өздерінің атқарған қызметтерін тізбектеп тұрып, көрсетіпті. Әрине, газет — халық пен билік арасындағы дәнекер құрал. Тұрғындардың газдан көрген қиындығын зерделеп, орынды көтергендіктен, құзырлы мекеменің де мәселені ушықтырмай, дер кезінде жауабын бергені – құптарлық іс. Сондықтан  «ҚазТрансГаз Аймақ»АҚ, Батыс Қазақстан Өндірістік филиалының Ақжайық газ шаруашылығы ұжымының басшысы Айболат Әнесовтың берген жауабын айна-қатесіз жариялауды жөн көрдік.

Оқырманға жауап

Бүгінгі таңда Ақжайық газ шаруашылығы аудан бойынша 32 елді мекендегі 6244 жеке тұрғын үй , және 234 ірілі-ұсақ мекемелерді көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отыр.

Мекеме  238784 шақырым жоғары қысымды газ құбырларын, 480657 орта қысымды газ құбырларын, 146218,4 төмен қысымды газ құбырларын күтіп, жөндеп ұстаумен айналысады. Жыл сайын газ құбырларын, тиісті жабдықтар жоспарға сәйкес жөнделіп, жарамсыз деп танылғандары ауыстырылады. Мысалы: 2017 жылы Ақжайық ауданы бойынша 26 дана газ қысымын реттеуші шкафтар жаңадан ауыстырылды. Сонымен қатар 39 дана газ құбырларының бағаналары ауыстырылды. 4 шақырым жер бетіндегі темір газ құбырлары сырланды. 2018 жылы 28 дана газ қысымың реттеуіш шкафтар, 34 дана газ құбырларының бағаналары  жаңартылды, 1,2 шақырым жер бетіндегі темір газ құбырлары сырланды. 2019 жылы 9 дана газ қысымының реттеуші шкафтары, 57 дана газ құбырларының бағаналары ауыстырылды. 4,6 шақырым құрайтын Ақсуат ауылының жоғары қысымды газ құбыры түгелдей жаңартылды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша табиғи монополист болып есептелетін «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы бүгінгі таңда тек жоғары және орта қысымды газ құбырларына жөндеу жұмыстарын өткізуде. Ауыл ішіндегі төмен қысымды газ құбырлары иесіз болған себептен, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгерімінде болмағандықтан, бұл газ таратушы, тасымалдаушы компанияның құзырына кірмейді. Бірақ соған қарамастан  жылдар бойы ауысқан қаражат есебінен жөндеуден өткізіледі.

Біздің аудан 1995 жылдан бастап газдандырылды. Ауданды газдандыру үшін тек қана бір жолы болды, ол алғашында мұнай құбыры ретінде салынған Ростоши-Тайпақты газ құбырына айналдыру. Көп жылдары мұнай тасымалданған құбыр кейін су құбырына ауыстырылды. 1995 жылдан бастап, су құбыры газ құбырына айналдырылып, жоғары қысымды таратушы газ құбыры Ростоши-Тайпақ деп аталды.

Алғашқы салынған кезде жоғарыда аталған мұнай құбыры жердің рельефіне сай салынған. Яғни біручаскесі биікте болса, бір учаскесі терең сайда орналасқан. Құбырдың тереңде орналасқан учаскелерінде су қалып қойған. АГРС Ростошидан өндіріліп шыққан табиғи газ су тұрған учаскелерінен өткенде бойына ылғал жинап алады. Жердің асты жылы болғандықтан онда конденсат жиналмайды. Конденсат жерден шығатын жерлерде, жылы мен салқынның шекарасында жиналады.

Газ құбырында конденсаттың жиналуының тағы бір себебі мынада: Ростоши-Тайпақ жоғары қысымды газ құбыры Новоузень-Самара мұнай құбырымен қатар салынған. Екеуінін арасы кейбір учаскілерде өте жақын. Мұнайды тасымалдау үшін оны қыздыратындықтан, газ құбыры да жылытылады. Табиғи газ салқын, жылы жермен өткенде газдың құрамы жылиды, сондықтан конденсат пайда болады. Осында көрсетілген себептерге байланысты газ құбырлары қысқы уақытта конденсаттық пробкалар кесірінен бітеліп қалады. Газ құбыры жердің астынан шығатын жерлерде бұл конденсат мұзға айналады. Бұндай ерекше жағдай тек қана Ростоши-Тайпақ жоғары қысымды газ құбырынан пайдаланып отырған елді мекендерде орын алуда. Олар Зеленов ауданының Орал-Атырау тас жолы бойында орналасқан ауылдары, Ақжайық ауданының ауылдары (Алғабас ауылынан басқасы), Теректі ауданының бес ауылы. Облысымыздың басқа газдандырылған елді мекендері газды ИнтерГаз — Орталық Азия газ құбырынан пайдаланып отыр. Онда біздің ауданымызда конденсаттың  кесірінен  газ тұрып қалу мәселесі жоқ. Бұл мәселе жайында аудан басшылығы, облыс басшылығы, жауапты министірлікте біледі. Қомақты қаражат талап етуіне байланысты, шешімі табылмай тұр. «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының инвестицялық жобасы арқасында 2018 жылы Ростоши-Тайпақ жоғары қысымды газ құбырының 16 шақырымы жаңартылды. Бұл жұмыс әрі қарай өз жалғасын табады. Оған уақыт керек.

Ақжайық ауданы әкімінің халық алдында есеп беру жиналысына «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның облыстық филиал басшысы қатыспаған себебі — ол кісіні жиналысқа ешкім шақырмаған. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның өкілі ретінде жоғарыда көрсетілген жиналысқа өзім қатыстым. Біз «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақстан Өндірістік филиалы Ақжайық газ шаруашылығының жұмысшылары «Жайық таңы» газеті бетіне жарық көрген «Баяғы жартас, сол жартас» деген мақалада біздің жұмысымызды сынап, компаниямызды тұтынушыларымызға сапалы қызмет көрсете алмаған монополист компания өз тұтынушыларынын алдындағы жауапкершілігін түсінбейді деген сөздермен келіспейміз. Табиғаттың жасаған ісіне компания қалай жауап береді. Конденсат жиналу үшін аяз керек емес. Бір қатырып, бір еріткен ауа райы конденсат жиналуға өте қолайлы. Конденсат жиналмау үшін тұрақты аяз, ия болмаса тұрақты жылы ауа райы керек. Өткен қыс мезгілінде Чапаев ауылы бойынша алты рет газ тоқтатылды. Ол Исаев көшесі бойында орналасқан орта қысымды газ құбырында конденсаттан қатырмау үшін алдын ала профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Тоқтатқан уақытта біз әдейі жылы күндерді тандаймыз және  түстен кейінгі уақытты. Сосын жұмыс уақыты аяғына дейін қосуға тырысамыз. Сонымен қатар ауылдың ішінде орналасқан газдын қысымын реттейтін шкафтардың конденсат себебінен тоқтап қалуы орын алды. Барлық жағдайларда біз күн демей, түн демей уақытында  жөндеу жұмыстарын жүргізіп, газды уақытында қосамыз.

Алты мыңнан асқан жеке тұтынушы болса да, Ақжайық ауданында тәулік бойы жұмыс істейтін авариялық – диспетчерлік қызмет жоқ.  Ақжайық газ шаруашылығының  жұмысшыларының жұмыс кестесі — таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 5-ке дейін. Кешкі уақытта және түнде, таңда олар жұмыс істеу міндетті емес. Бірақ соған қарамастан, жұмысшылар уақытпен санаспай, күндіз түні өз жұмысын атқаруда. Аудан бойынша 32 елді мекеннің газын тоқтатпай жұмыс істеу өте қиын. Ауылдарда жалғыз бір адам жұмысшы. Газ тоқтап қалғаннан кейін қайтып қосу бір адамның қолынан келмейді. Чапайдан арнайы топ көмекке жіберіледі. Кейбір күндерде апта бойы демалмайтын күндері болады. Күндіз де жұмыста, түнде де жұмыста. Оларды ешкім ауыстырмайды, себебі басқа адам жоқ. Алатын жалақылары аудан бойынша ең төмен жалақы десек, қателеспейміз. Себебі бір күн істеп, екі күн демалатын мемлекеттік мекемелерде газ операторы болып, жұмыс жасайтын адамдардың жалақылары біздің жұмысшылардын жалақыларынан әлдеқайда жоғары. Осындай қиын жұмысты атқарып жүретін, тәулік бойы демалмай, «қалай да газды тоқтатпайық, үлкендеріміз бар, кішкентайларымыз бар ғой» деп, таза адамгершіліктің, патриоттық сезімі жоғары болғандығының арқасында денсаулығына зиян келсе де, тіпті кейбір уақыттарда өмірлеріне қауып туып тұрса да өз жұмысын атқарып жүріп, алғыс алудың орынына көп балалы аналардан сөгіс естіп, бүкіл ел алдында сапалы қызмет көрсете алмады деген сөздерді естігенде, «не үшін» деген сұрақ туындайды.

Сағат кешкі бестен кейін біз жұмыс жасаймыз. Ауылда газ тоқтап қалған жағдайда қаладан авариялық қызметтің келуін күтсеңіз, қайтер едіңіз?! Ол қашан келіп болады? Демалыс, мейрам күндерінде де демалыс деп жатып алсақ, не болар еді. Ешқандай қаражатсыз өз еркімізбен демалыс күндері кезекшілік ұйымдастырып, демалатын уақытымызда демалмай жүргеніміз бекер екен.

Жиырма жылдан астам тұтынушыларына сапалы қызмет көрсете алмаған монополист компаниясының жұмысынын арқасында осы жиырма жылда, бірде бір үйдің немесе мекемелердің жылыту жүйесіне зиян келген жок. Бірде бір адам тоңып, балаларына салқын тиіп, емханаларға барған жоқ. Еш жерде жарылыс, газдан улану фактілері орын алған емес. Біздің жұмысымыздың көрсеткіші осы емес пе.

Жиырма жылдан астам уақыт бойы біздің компания ауылымыздың, ауданымыздың, облысымыздың көлемінде өтіп жатқан шараларға белсене қатысуда. Соның ішінде қайрымдылық аясында өтетін шаралардың да басы-қасында. Мысалы, тек өткен бір жылда Тайпақ ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі Жұбанышкалиев Қайырбектің  үйіне тегін газ өткізіп берді. Алмалы ауылында, Ж.Молдағалиев ауылында, Чапаев, Жайық, ауылдарында көп балалы отбасыларына жартылай ақшасына газ жүргізіп берді.

Жақсының жақсылығын айт деген, аталарымыз, әманда бір-біріміздің еңбегімізді бағалайық!