13.03.2020, 11:05
Қараулар: 158
Ұлт дәстүрі ұрпаққа үлгі

Ұлт дәстүрі ұрпаққа үлгі

Ескіден қалған салт-дәстүрлерімізді қағазға түсіріп, жинақтап, ойында қалғаны жайлы оқырманмен бөлісіп жүретін жандар қазір көп емес. Қолында барды қазынадай сақтап, ойында қалғанды қағазға жазып, қаттап жинап жүрген ақсақалдарымыздың бірі Аманғали Қайсағалиев ағамыз. Арғы аталары елге танымал шебер болған ағамыз ағаштан домбыра жонып, ат әбзелдерін өзі жасай беретіндігі бөлек бір әңгіме. Редакция ұжымымен де байланысын үзбей, құнды дерек қолына түссе, көпшілікпен бөлісіп отырады. Ұлтқа қажеттіні ұлықтап, ұрпақ жадында жаңғыртуға атсалысып жүрген ақсақалдың жазбалары газетімізде әлі де жарық көретін болады. Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі мен көрісу айт қарсаңында ұмыт қалған дәстүрлеріміз төңірегіндегі бірер жазбасын оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Көмеші бар мен ерулік жайлы не білеміз?

Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәні бар тұстары көп. Ата-бабаларымыз малымен бірге көшіп-қонып, жаз жайлау, қыс қыстауға ауысып отырғаны бәрімізге белгілі. Осы көшіп-қонуға байланысты бабаларымыз екі дәстүрді қатты сақтаған. Біріншісі көшкен елдің көмеші бар деген. Екіншісі көшіп келген көршіге ерулік беру. Көмеші бар деген көшіп келе жатқан жұрттың алдынан шығып, ақ беріп, қолында бар сусынды ұсынып, «көш көлікті болсын» деп тілек айту. Көшті осылай қарсылап алып, тынықтырып, «барған қоныстарың қайырлы, қазандарың майлы болсын» деп шығарып салады. Не болмаса, жанына көшіп келген адамның жүгін түсірісіп, үйін құрысып, қолғабыс етеді. Азаматтары үй тігуге жәрдемдесіп жатқан кезде әйелдер жағы қазан-ошақ салысып, қолдан келгенше септігін тигізеді. Бұндай жағдайда көмектесем дегенге шақырудың да қажеті жоқ. Қолы бос өтіп бара жатқан кез-келген ауыл адамы қол ұшын тигізіп өтетін болған. «Көмектеспеген адамнан туған бала бүкір болады» деген әзіл-шыны аралас әңгіме қалған. Тереңінде тәрбиелік мән бар бұл сөз жұмыс жасап жатқан жандардың қасына келіп белін таянып тұратын жандарға қарап әлі де қолданылады. Негізінде түпкі мағынасы осыдан шыққан.

Ерулік беру дегеніміз жанына қоңсы қонған адамға үйін көрсетіп, қонаққа шақыру. Бұл жайында білмейтін қазақ кемде-кем . Жаңадан келген көршіге кейбір адамдар әлі күнге ерулік береді. Бұрынғы заманда ерулік берген үйде арнайы мал сойылып, қазан көтерілетін болған. Осы жайында ел аузында қалған әзіл әңгіме бар.

Баянбайды бұқтырған бір шумақ

Ертеректе Баянбай және Киікбай деген екі бай болыпты. Баянбайдың қолы қытымырлау қатты кісі болса керек. Киікбай керісінше мырзалығы бар көпшіл адам болыпты. Жылқылары көп екеуі де асқан бай көрінеді. Қыстақтан кең жайлауға Баянбай бұрын барып орналасып, Киікбай кештеу келіп жанына қоныстанады. Көршісінің келгенін білсе де Баянбай ерулікке шақырмапты. Бір күні жылқысын түгендеп жүрген сараң байға Киікбай далада кезігіп, «орналасып бола алмай, төр көрсетіп, табақ тарта алмай жатырмын» депті. Баянбай өзінің қателігін түсінеді де, дереу ерулікке шақырмақ болады. Үйіне келген бетте мал соймақ болғанымен  көп жылқыдан тәуірін қимайды. Ауырып тұрған биесіне көзі түсіп, арам өлмесін деп, соны сойып, көршісін қонаққа шақырады. Ел құлағы елу емес пе, ауру мал сойғанын Киікбай ұзынқұлақтан естіп қалыпты. Дастархан басына ет келген кезде Баянбай «ас алыңыз, ас алыңыз» деп қоймапты. Сол кезде Киікбай:

Белгілі жұртқа Баянсың

Арқаңды жүкке таяйсың

Талаудан өлген жылқыңнын етін

Же-же демей, менен несін аяйсың, — деп тұқыртады. Біраз абдырап, үнсіз отырып қалған Баянбай да қарап қалмай:

Белгілі сен Киіксің

Сыбағама тиіпсің

Әзірге барын жей тұрсайшы

Соңынан не боларын қайдан біліпсің,- деп, алда қонағына дұрыстап дастархан жайылатынын меңзеп құтылыпты. Еруліктің ақ ниет пен адал ас беріп жасалу керектігі туралы ел ішінде осындай әңгіме қалған.

Осы секілді түрлі дәстүрлер туралы көнекөз қарияларымыз айтып жеткізбесе, бүгінгі ұрпақ түгілі осы сала маңында жүрген аға буын өкілдері де біле бермейтін қызық тұстар көп. Ағамыздың әңгімесінен ұққанымыз романтиканың көкесі қазақтарда болған екен. Сайын даланың төсін еркін жайлаған қазақ халқының жазылмаған заңдары іспетті, жігіттің қызбен танысуының да өзіндік ерекшеліктері бар. Осы төңіректе ақсақал қызық дерекпен бөлісті.

Қыз көру – қызға бару емес

Бағзы заманда қазақ жігіттерінің туған жерге деген махаббаты ерекше болған. «Өскен елім, ата қонысым, атамның күлдігі, бабалардың жатқан жері», деп өз ауылынан шалғай кете бермегені белгілі. «Туған жерге туыңды тік» деген ұстаныммен өмір сүретін адамға кіндік қаны тамған өңірдің оты мен суы да ыстық болары сөзсіз. Сондықтан іргелес қонған ауылдармен аралас-құралас өмір сүріп, ата кәсібі төрт түлікті өрістетіп, өмір сүрген.

Көктем келіп, жер аяғы кеңіп, малдан мойыны босаған кезде ауыл-ауылдағы ағайындарын аралап, кішілер үлкендерге сәлем беру — баяғыдан бар салт. Соның ішінде жігіттер үшін көрісумен қоса қыз көру де дәстүрдің бір түрі болса керек. Жария түрде салт болып айтылмағанымен, бұл туралы кез келген қыр қазағы білген. Әр жерде мал бағып отырған ауылдың қазіргідей жастар бас қосатын клуб, кино секілді мәдени орындары болмағанын білеміз. Оның үстіне «қызға қырық үйден тыю» деп бойжеткендерді кеш түссе, үйден ешқайда жібермейді. Қыз бала той-томалаққа бара қалған күннің өзінде анасы болмаса жеңгесі секілді шанымды біреуге ертіп жіберетін болған. Осындай кезде қыз көруге шыққан жігіттің онымен кездесетін орны құдық болған екен. Су алуға шыққан қызды күтіп жүріп, ат суарған болып сылтауратып, көңілі қалаған жанмен сәл уақыт болса да, жүздесіп қалатын болған. Бізге дейінгі үлкендердің айтуы бойынша босаға аттамаған қыздың су ағашы (иін ағаш) ою өрнекпен көмкерілген немесе сырлаулы болған. Су алуға міндетті түрде тік шелекпен барған екен. Тайпақ шелекпен тек қана келіншектер мен әйелдер суға баратын. Міне осындай белгілері бойынша жігіт-желең құдыққа кімнің келе жатқанын алыстан-ақ айырады. Текті қазақ тұрмыс құрмаған қыздың тайпақ шелекпен суға баруын сүйекке таңба, масқара санап, қатты қадағалаған. Көрші ауылға қыз көре келген жігіттің де ат көпшігі қызыл болған. Құдық басында кездесіп, тілдесе алса, оның өзі үлкен бақыт. Міне, қалыңдыққа ұрын баруға дейін жасалатын осындай үрдіс сақталған.

Бұндай үрдістің бар екенін қыз жақтың үлкендері де іштей біліп отыратынын оқырман өзі де түсінген шығар. Қалай десек те, жазылмаған дала заңы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, шарттары мен қағидалары қатаң сақталған. Тумысынан уәдеге берік ұлт осындай әдептен озбаған. Көрісуге, қауышуға деген нәзік іңкәрліктің қандай болғанын шынайы сезіну бағы әңгіме тыңдап отырған бізге бұйырмапты. Керемет дәстүріміздің қайманамен қайта қауышпайтыны да көңіл көншітпейді.

Тайтұяқ, жеңге, жеңгетай

Қызы бар үйге баса көктеп кірмек түгілі, маңынан жүрудің өзі ол кездің жігіттеріне арман еді. Әдептілікті қатты ұстанған аталы елдің ұлы ерсі әрекеттен бойын аулақ ұстаған. Қызы бар үйдің тұсына тоқтап, атты бекітіп тастап, тай тұяғын тықылдататын болған. Естісе, қыз шығып жолығады, естімесе сол ауылдан бір хабарлаушы іздейді. Қыздың бір жақын жеңгесін тауып, жеңгелік қадесін беріп, көмектесуін сұрайды. Ол жеңге де сол ауылдағы біреудің келіні, әдептен аттай алмайды. Үйде үлкендер болып, айтудың сәті келмесе, қызға тай тұяғын көрсетеді. Бұл «саған алыстан ат сабылтып жолығуға жігіт келіп тұр» дегеннің белгісі. Қазақ жастары ертеде ақсүйек ойнағанда да, тай тұяғын қыз шақыру үшін пайдаланған. Жеңге түбіріне тайтұяқтағы тай сөзі жалғанып, «жеңгетай» деген керемет атау осылай пайда болса керек. Қойнына құпия сыр бүккен, осындай жақсы атаудың, бүгінде «былғанған тірлікке» қатысты қолданылатыны өкінішті-ақ.

Жоғарыда айтылған кездесулерден кейін әңгіме ширатылып, үлкендерге жолданылған. Соңы тойға ұласып, қос ауыл құдандалы болған. Өткенге тереңірек көз салсаң, қазақ халқының әр салты орнымен қолданылғаны көрініп тұрады. Әр әдет-ғұрыпта әдептілік, мәдениеттілік және тектілік сынды ғажап қасиеттер жатыр.

Қазақта махаббат болмағандай, қыздарын күң еткендей көретін көкірек көзі соқыр кейбір жандарға біздің кейіпкерімізбен кездесіп, әңгімесін тыңдауына болады. Аманғали ақсақалдың әлі де айтары мол. Тыңдар құлақ болса, ұлтымыз түгел қуғынға ұшыраған зобалаң кездер туралы таңға әңгіме айтуға бар. Өткеннің өңін өзгертпей, ұрпағына аманаттай білген қазыналы қарияларымыз аман жүргей.

Рауан САТЫБАЛДЫ