13.03.2020, 11:10
Қараулар: 113
Абайды ұлықтаған байқау

Абайды ұлықтаған байқау

Лбішін негізгі жалпы білім беретін мектебінде ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай – ұлы қайраткер» тақырыбында  байқау ұйымдастырылды. Абай мұрасын кеңінен насихаттау, балғын өнерпаздарды анықтау, ақын шығармашылығының жас ұрпақтың арасында таралуына қолдау көрсету, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен сайыста 5, 6, 7 және 9 сынып оқушыларының топтары өзара бақ сынасты. Байқау шарттарына сәйкес ұл-қыздар ең алдымен ұлы ақынның әндерін әуелете шырқап, өлеңдерін жатқа оқыды. Одан әрі Абай хәкімнің өмірі мен шығармашылығы туралы қойылған сұрақтарға мүдірместен жауап беріп, ұлт ағартушысының ұрпаққа қалдырған құнды мирасының мәңгілік екендігін тағы бір дәлелдеді.

Айталық, оқушылар адамзат алыбының «Қалың елім, қазағым…», «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Әсемпаз болма әрнеге» атты, басқа да біраз өлеңдерін сахнадан ерекше мәнермен, леппен оқылды.

Әділқазылар шешіміне сай 7 сынып оқушылары «Белсене қатысқаны үшін» аталымын иеленсе, 9 сынып оқушылары III, 6 сынып оқушылары II орындарды иеленіп, ақын өлеңдерін жатқа оқып, барлық жағынан оқ бойы оза шауып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген 5 сынып оқушылары бас жүлдені жеңіп алды.

Шара соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Күлаш Қапсиққызы сөз алып, Абайдың мұрасынан сусындап, байқауға түскен балалардың ұлттық тамырымыздан, салт-дәстүр, ділімізден ажырамай, елінің қамын ойлайтын азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді.

Шыңғыс РОМАШЕВ,

Лбішін НЖББМ тарих пәнінің мұғалімі