13.03.2020, 11:12
Қараулар: 190
Табиғат қорғау – ардың ісі

Табиғат қорғау – ардың ісі

Табиғат — адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағын шашатын сұлулық пен әсемдік әлемі, баға жетпес байлық. Осы турасында «орман-елінің дәулеті, жерінің сәулеті» деп халқымыз бекер айтпаған. Орманды күзетіп, қорғап, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен  айналысатын Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қарамағында мемлекеттік орман қорының 30306 гектары, ал мұның тал-терекпен көмкерілгені 8214,0 гектар жерді құрайды. Өткен жылы жоспарға сай 35 га жерге екпе ағаш отырғызылды. Көктемгі егу жұмыстарында 101 мың дана, толықтыру жұмыстарында 25 мың дана көшет отырғызылды. Көшеттердің барлығы өз тұқым бағымызда өсірілгендігін айта кету керек. «Жасыл даму» бағдарламасын іске асыру мақсатымен елді мекендерді көгалдандыруға ауыл мекемелеріне 900 дана көшет таратылды. Ағымдағы жылы 803 га аумақта орман зиянкестерін анықтау мақсатында патологиялық тексеру жүргізіліп, 105 шұңқыр қазылды. 15 шақырым жерде  орман орам соқпағын кесу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылға екпе ағаш отырғызуға 35 га жер дайындалып, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде.

Жасыл желекті екпелерді стандартық деңгейін жеткізуде 3 га тұқымбағымызда  жылма-жыл қажетті тұқым ағаштарымен өз мекемемізді қамтамасыз етеміз. Өткен жылы да орман тұқымбағында шаруашылыққа қажетті мөлшерде 400 келі тұқым егілді. Мемлекеттік мекеме бойынша 300 келі көлемінде қарағаш, жиде, үйеңкі, шаған, акация тұқымдары уақытында жиналып, тазартылып, Қостанай аумақтық тұқымды зерттеу станциясына жіберілді. Зерттеу қорытындысы бойынша қарағаш пен шаған – 1 класс, жиде – 2, үйеңкі – 3 класс екендігі анықталды. Бұл екпе материалдары орман бөлімшелеріне орман дақылдарын отырғызуға және жергілікті әкімдіктерге, мектептерге, тұрғындарға ауылды, аулаларды абаттандыруға жіберіледі. Алдағы уақытта көшет түрлерін көбейту мақсатында жұмыстанудамыз.

Орман жауының бірі- өрт. Орман өртінің алдын алу бағытында 6 шақырым жер минералдандырылып, 715 км жер жылдағы жоспарға сай қайта өңделді. Сонымен қатар мемлекеттік орман қор жерінде күтіп-баптау және санитарлық кесу (барлығы 341,4 га жерде  16399,0 м3 көлемінде ағаш кесу) жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік орман қоры аумағында өрттің алдын алу мақсатында мекемеге өрт сөндіру бекетін құруға бюджеттен қаражат бөлініп, 10 сарбаз өрт сөндіру құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, 15 сәуірден бастап 15 қазанға дейін жұмыс жасады. Өртті болдырмау мен тез арада сөндіруде өткізілген оқу-жаттығу жиындарының мәні зор.

Орманды табиғат заңнамаларын бұзушылардан қорғау бағытында жыл басынан бері барлығы 165 рейдтік шолу жүргізіліп, 25 табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылық анықталып, заңсыз ағаш кесу бойынша 1 хаттама толтырылды. Сонымен қоса басқа да табиғат қорғау заңнамаларын бұзғаны үшін 25 тұлға әкімшілік жауапкершілікке  тартылып, 194425,0 теңге көлемінде қаражат өндірілді.

Жайық өзеннің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы үздіксіз өткізіледі. Мемлекеттік орман қоры аумағын, республикалық және жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының бойларын қураған және құлаған ағаштардан, сонымен қатар тұрмыстық қалдықтардан тазарта отырып, барлық бөлімше қызметкерлерін жұмылдырып, сенбілік ұйымдастыру да дәстүрге айналды.

Сондай-ақ, су айдындарын тазалап, өскелең ұрпақты туған жердің табиғатына жауапкершілікпен қарауға баулу мақсатында шілдеде «Таза жағалау» облыстық экологиялық акциясына атсалыстық.

Халықтың бар өмір тіршілігі табиғатпен тікелей байланысты. Адамның өзін дүниеге келтіретін аяулы анасы. Сондықтан да адамның табиғатты ана деп құрметтеуінде өте үлкен мән жатыр. Атадан балаға мұра болып келе жатқан табиғатты көзінің қарашығындай сақтау керектігін жастарға сезіндіру – біздің басты мақсатымыз.

Тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс ұстаудың нәтижесінде қайырылымдық қозғалысына қатысып келеміз. Ізгі істерге өз үлесімізді қосып, «Мектепке жол» акциясына да әрдайым ықыласпен атсалысамыз. Өз мекемеміздің ардагерлері де назарымыздан тыс қалған емес.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы»Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысымен «Орман шаруашылығы қызметкері күні» бекітіліп, ол енді жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін болды. Осыған орай ұжым болып кәсіби мерекемен тұспа-тұс келген  «Орман шаруашылығына 70 жыл» мерейтойын атап өттік. Мерекеге орай Краснояр орта мектебі жанынан «Орманшылар саябағы» ашылып, мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Орман шаруашылығындағы елеулі еңбектері мен табиғат байлықтарын қорғау және көбейту бағытында еңбектегі озық жетістіктері үшін көптеген қызметкерлеріміз БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының, аудан әкімінің, ауыл әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Табиғат ана алдындағы борышымыз бізді зор жауапкершілікке жетелейді. Жасыл желекке жанашыр тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен бірлескен істің берекесі де мол болмақ.

Құрманғазы ҚУАНШАЛИЕВ,

Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, аудандық маслихат депутаты