13.03.2020, 11:23
Қараулар: 182
Өнерімен өрге озған

Өнерімен өрге озған

«Құдай- ау қайда сол жылдар, махаббат қызық мол жылдар»- деген сұраққа Хасановтар жанұясының отағасы мен отанасы махаббат қызық мол жылдар біздікі әлі сол жылдар деп жәй ғана күлімсіреп жауап береді. Айтса айтқандай, Мақсот ағамыз бен Дина апамыз  бүгінде құрметті демалыста жүрсе де, Ақжайық өңіріндегі тойларда, түрлі- түрлі жиналыстар мен концерттерде, театрлардың қойылымдарында жап- жас күйлеріндегідей көрініп, жарасып жүретіндеріне ел риза.

Әңгімені әріден бастасақ… Мақсот аға Көнеккеткен  ауылында өнерді киесіндей дәріптеген отбасында дүниеге келген. Тағдырға қараңызшы, жастайынан музыкаға әуес болып, жеті өнердің майын шағып өскен бозбаланың көршілес ауылдан шыққан талантқа таласы бар мойылдай қара шашты, әдемі бойжеткенді өмір жолында кездестіретіні он ұйықтаса, түсіне кіріп шықпапты –ау. Ноталық білімі болмаса да, баянды жетік меңгерген, кез-келген музыкалық композицияны бір естісімен сазсырнайдың алты қатарына салып, ерекше шабытпен әуелетер қабілеті бар Мақсот аға еңбек жолын Чапаев аудандық мәдениет үйінен бастаған. Сол кезде осында автоклуб меңгерушісі болып қызмет етіп жүрген Дина сұлуға оның көзі бірден түседі. Өмірде де, өнерде де серік болуға серттесіп, біріне- бірі жарасымды үйлесе  қалған олардың некесі 1973 жылы қиылды. Олардың көтерген шаңырағында  шабыт шалқыды. Шалқуы да заңды. Өнерді өміріне балаған олар  бүгінде көрерменін сыршыл әнмен, әсем сезімге бөлегеніне 40 жыл толып отырған жанұялық ансамблін құрды. Содан бері ән әлемінде қанаттары талмай, құдай берген таланттарын паш етіп көпшілік қошеметіне бөленіп келеді.

Халқымыз «Өнерлінің өрісі кең» — деп, тегіннен тегін айтпаған. Отбасылық ансамбль құрамында да, жеке орындаушы ретінде де облыс, республикамызға танылып, талай рет жеңістің тұғырынан көрінді. «Қазан төңкерісінің 60 жылдығына» арналған халықаралық фестивальдің лауреаты , «Ұлы Жеңістің 40 жылдығына» арналған отбасылық ансамбльдер сайысында лауреат атанса, Болгария,  Румыния елдерінде, Мәскеу, Кишинев қалаларынында өткен халықаралық фестивальде облыстық «Ақжайық» ансамблінің құрамында өнер көрсетіп,  талантымен баршаны тамсандырды.

Өмірін өнермен өрнектеген жанұя шығармашылық жетістіктерінің бірден- бірі ұл- қыздарымның бақытынан артық емес дейді. Расында да білімді, өнерлі ұрпақ тәрбиелеуде, олардың өмірде саналы жолды таңдауында ата – ана,  отбасының маңызы өте жоғары. Ал бүкіл отбасы түгел өнерпаз болса, ол үлкен мәртебе. Бүгін әңгімемізге арқау болып отырған, Хасановтар әулетінің тіпті бесіктегі баласына дейін ән десе, құлағы елеңдейді десек, артық айта қоймаспыз. Өрелі шаңырақтан тараған Гүлайым , Жаңылсын, Айнаш, Қайрат, Асхат, Медетінің төртеуі бүгінде өнер саласында қызмет етуде. Олардың атағы берісі Орал өңіріне, әрісі шет елдерге танылғанына куәгерлер жетіп жатыр.

Хасановтар отбасының өнердегі тұңғышы – Жаңылсын. Алғаш аудан сахнасында бала кезден ән айтып бастаған ол бүгінде «Мемлекеттік награда», «Ерең еңбегі үшін» медалінің иегері, «Шеше көрген тон пішер» — деген,  өнер жолындағы ұстазы анасы Динаның  ұстанымын жалғастырған Жаңылсын Ескендір Хасанғалиев, Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындашылардың халықаралық «Менің Қазақстаным» ән байқауларында дипломант атанып, республикалық «Атамекен» ән байқауының Мәскеу қаласында өткен халықаралық  «Шабыт»  фестивальдарының, республикалық «Жас қанат» байқауының лауреаты, « Күміс қанат» иегері. Ал Жаңылсынмен тете өскен Қайраттың да бойында бірнеше жақсы қасиеттер жинақталған. Мәдени- демалыс орталығының бағдарламашысы, халықтық ұлт- аспаптар оркестрінде дауылпазда  ұрандатады. «Жігітке жеті өнерде аз» — деген. Ірілі- шағын тойларды басқарғаны бір төбе.

Әулеттің бесінші перзенті Асхат та жұртына табиғи дарынымен танылып қалған жігіт. Ата- ана өнегесінің тағы бір көрінісі – ол мектебін тәмамдасымен киелі өнер шаңырағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, үздік аяқтап шықты. Контрабас сынды классикалық аспаптың нағыз  шеберіне айналды. Қазір Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінде бас дирижер. Ал үйдің кенжесі Медет кезінде ата-анасы еңбек еткен Жайық ауылдық клубында киномеханик, музыкант болып қызмет етеді. Әншілік өнері де ешкімнен кем емес.

Қазақ өнерінің кадір-қасиетін төріне көтерген бұл отбасына бүгінде қандай сыйлы сөз айтсаңда лайықты, жарасымды. Дарынды ұрпақтарымен отбасының ғұмыры да, өнері де болашаққа әлі жалғаса берері анық. Мақсот ағамыз бен Дина апамыздың  немере жиендерінің  де балдырған шағынан киелі сахнадан көрінуі осы сөзімізге айғақ.

Әсия ШЫРАЙ