20.03.2020, 10:46
Қараулар: 163
ӨКІНІШ

ӨКІНІШ

Бүгін Әли ұйқыдан сергек оянды. Күнде тұрғысы келмей, көрпесін бүркеніп, төсегінде жатып алатын. Анасының «тұр, сабағыңнан қаласың» деген қатқылдау үнінен кейін, амалсыз жастықтан басын көтеретін. Кешеден бері көрісу мерекесін күтіп жүр. Кешеден бері емес, күтіп жүргеніне тура бір жыл болыпты. Бәрі өткен жылы басталды…

***

– Ой, ішің… осы боты да, шешілсе киілмейді, киілсе, шешілмейді. Сен асықпай күтсейші адамды. Бірге кіреміз дедік қой, — деп Әли сәл ұзаңқырап кеткен Арманға кіжіне дауыстады. Өзі етікке аяғын сұғып алып, сиғыза алмай әлек. Өкшесімен аяқ астын бір теуіп, ызалана «ыңқ» етті.

– Боқтама, апай өтіп бара жатыр. Жартылай киіп алсаңшы, шешілмейтін болса. Ешқайда кірмей, күтемін ғой, — деп досы да ақталып жауап берді.

– Сірісін бассам, арты қиылып қалмай ма?! Сосын апа өлтіреді ғо, — деп мұрнының астынан бұрқылдай сөйледі.

Ауылдың ық бетінен тезек түтіні мен бауырсақтың исі аңқып тұратын осы мерекені ауыл балалары асыға күтеді. Көше толы бір-бірінің үйін аралап, көрісіп жүрген адамдар. Балалар да топ-топ болып жөңкіледі. Түске дейін ауылды тегіс айналып, көрісіп шыққан соң, «олжалаған» тәттілерін ортаға шығарып жейді де, асық ойнауға кіріседі. Оның үстіне жоғарыдағы ауылдарға қарағанда, Жайықтың төменгі ағысының бойында орналасқан ауылда көктемнің алғашқы күнгі ауа райы жылда бір қалыпты. Жадырап тұрады. Сондықтан жер де тез кебеді. Кеберсіп қалған дөңдеу жерге жиналып алып, асықтың қызуына түскенге не жетсін.

Жылдағы әдет бойынша Әли мен досы Арман екеуі көрісу күні ауыл аралап жүрген болатын. Таңертеңгісін үйден шыққанда, жеңіл кроссовкасын кигісі келген. Апасы «күн әлі дұрыс кепкен жоқ, жалғыз красопкаңды бүлдіресің. Резеңке етігіңді ки» деген соң, амалсыз қара етікті киген. Ағасынан қалған ұзын қоныш қара резеңке етікті өткен жылдан киіп келеді. Биыл тарлық етсе де, «күзде жаңасын алып береміз» деген соң, көп қыңқылдап, әке-ешесінің мазасын алмаған. Жұқа шұлықпен кигенде аяғына кептеліп тұратын қара етігінің рақатын ләңгі тепкенде көріп жүр. Әйтеуір қой терісіне сары сыммен байланған қорғасынды тобықтың ішкі бетімен тоқтамай шекігенде қара етік серіппедей сарт-сарт етеді. Басқалай мақтайтын жері жоқ. Әсіресе көрші Анардың үйіне бірдеңе сұрай барғанда, шұлығы етігімен бірге шешіліп, бетті қызартатыны бар. Көрісуде көше аралап, үй-үйге кіргенде қара етікті киіп-шешу оңай болмасын сезген. Солай болды да.

– Әли, кеттік, шеткі үйдегі Сартай атайдың үйіне кіріп, көрісіп шығайық. Сосын арғы көшеге барып, асық ойнаймыз. Кеше қойдың алдынан шыққанда Дамирлердің ойнап жүргенін көрдім. Соларға рақат, қойлары қырда. Мамасы да ұрыспайды, — деп әңгімесін бастай беріп еді:

– Ой, сол шалдыкіне кірмей-ақ қояйықшы. Жалғыз өзі тұрады. Үйі де қорқынышты. Бүгіндікке онсыз да мына етіктен ығырым шықты. Одан да жинаған кәмпиттерді іріктеп, бөлек салып қояйық та, бауырсақ, тоқаштарды жеп алайық, — деді Әли. Әкесі де «бірінші Сартай атаңа кіріп көріс» деген болатын. Іштей «сол шалдың көрісіп барғанға беретін дымы жоқ шығар» деген арам ой жылт етті.

Арманның айтып тұрғаны өзі тұратын көшенің шетіндегі Сартай деген шалдың үйі. Әкесі әр апта сол үйге барып, амандық-саулығын біліп, отын-сумен жәрдемдесіп кетеді. Бір-екі рет ілесіп барған. Қария үлкен орыс үйдің бір бөлмесін ғана мекен етеді. Қалған бөлмелер жаздың аптабында да іші үңірейіп, суық көрінетін. Құдды ертегілердегі жалмауыздың шахары секілді. Шалдың өзі де қабағы түксиіп, көп үндемей отыратын. Қасынан өткен кезде көзі жасаурап, назар салғанын байқаған, бірақ жақын баруға жүрегі дауаламайтын. Сондықтан досымен екеуі ақсақалдың үйіне соқпай, асық ойнауға асты.

***

Әли үйге ымырт үйіріле келді. Әкесі баласын сөзге тартып:

– Наурызға да бірер күн қалды. Кімнің тайына шабатын болдың сонымен. Үш күн көрісумен жүріп сұрамаппын, балам, кімге көрістің? Сартай атаңнан бастадың ба, — деп сұрады.

– Сабыр ағайдың тайына шабамын. Өзім үреттім ғой. Тек қарашылдығы бар, сосын үркек. Біздің көшенің барлығымен көрістік Арман екеуміз. Сартай атанікіне кірмедім. Үйі жаман, әрі ештеңесі де жоқ шығар беретін, — деп томсырайды.

Әкесі төмен қарап, үнсіз қалды. Біраздан соң әңгіме бастады. «Балам, Сартай атаңа кірмегенің дұрыс болмаған. Біз үй ішімізбен ол атаңа қарыздармыз. Мен дәл сенен бірер жас үлкен кезімде әке-шешем көктемде көрші ауылдан келе жатып, Жайықтан өтеміз деп қайықпен ауып, суға кетіп, қаза тапты. Жетім қалдым. Жалғыз қарындасым анамның қолында бірге кетті. Бірер аптадан соң әкем мен анам табылды. Ал, қарындасым сол күйі тұңғиыққа сіңіп, ғайып болды. Әкем де жетім өскен жан болатын. Мені бауырына басатын ағайын табыла қоймады», деп бір тоқталды. Әкесінің даусы тарғылданып кеткендей көрінді. Онымен сәл отырып барып «Заманның да дүбіліп, тәуелсіздік алмақ болып жатқан кезі ғой. Мектеп пен селсовет интернатқа тапсырмақ болған кезде осы Сартай атаң араша түсіп, мені өз тәрбиесіне алды. Мәрзия шешей екеуі өздерінің екі ұлымен бірге тәрбиелеп, өзекке теппей өсірді. Мына біз тұрып жатқан үйдің орнында ескі үй болатын. «Әкеңнің қара шаңырағы. Туғаны жоқ болса да, ағалап шауып жүретін адал жан еді. Тым ерте кетті. Шырағын сөндірме, өмірін жалға» деп, ешкімге бұздыртпай, мен өсіп-жетілгенше қызғыштай қорумен болды. Ол кезде Сартай атаң да еңселі, қайың қаптал, қыр мұрынды орта жастағы азамат болатын. Кез-келген адам тіке келіп сөйлей алмайтын сұсты, бір сөйлейтін, елге сыйлы жан еді. Сөйтіп мен оқуымды жақсы бітіріп, қалаға қалатын мүмкіндік болса да, туған ауылыма оралдым. Әкемнің үйін жаңғыртып, анаңа үйлендім. Осы қуанышымның барлығында Сартай атаң демеу болды. Екі ұлы болды деп айтып едім ғой. Екі ұлы да жақсы оқып, жоғары лауазымды қызмет атқарды. Үлкені Асхат әскери адам болатын. Беріректе оқу-жаттығуда жүріп, мезгілсіз қаза тапты. Екінші ұлы Сәбит… отбасымен түгел шет елге кетіп, із-түссіз жоғалды. Үш немересімен бірге», деп әкесі үнсіз қалды. Теріс дінге өтіп, тау асып, мерт болғандарын оннан жаңа асқан ұлына қайдан айтсын. «Солардың күйігіне шыдамай әйелі Мәрзия анамыз қайтты. Ал, Сартай атаң содан бері күллі әлемге есігін тарс жапты. Сондықтан әрдайым үйіне барып, шешең екеуміз көмектесіп жүреміз. Мен жалғыз қалғанда бауырына басқан азамат, қартайғанда осылай «жетім шал» атанды. Менің жетімдігімді білдіртпей, әкемнің өше жаздаған отын үрлеп жаққан адамның шырағданы сөніп бара жатқанын көргеннен асқан азап жоқ. Сондықтан екі ағаң секілді бүгіннен бастап, сен де атаңа қамқоршы боласың. Ал көрісіп бармағаның жөн болмаған», — деді. Әли ойланып кеткен екен. Өзінің қылығына ұялып, денесі ауыр тартып бара жатты.

***

Келесі күні әкесімен бірге атасының үйіне ілесіп барды. Қарияның қасына ескі керуетке келіп жайғасып еді, өзі ойлағандай суық емес, бір жылы леп байқады. Атасы да қолын бұның басына қойып, салалы саусақтарымен шашын сипады. Бұрыннан да езу тартып жымиғаннан аспайтын Сартай атасы күлмесе де, іштей жадырап отырғанын сезген бала көңілі көкке қалқыды. Сол сәтте Әли «келесі жылы көрісуді міндетті түрде атамның үйінен бастаймын. Өскенде әкем сияқты мен де атамның шаңырағына көшіп келемін» деп өзіне серт берді.

***

Атасы былтырдан бері көп сырқаттанып кетті. Әли жиі барғаннан кейін атасы да басқаша қарай бастаған. Арагідік атасы мұның сұрағанына жауап беріп, көңілді отырған кезде аздап әңгіме де айтатын. Күзде сегіз өрмелі қамшы сыйлады. Алайда атасының жадырап отыратын кезі өте сирек. Көбіне бірдеңе ойлап кетеді. Ауырып жатқан кезінде әкесі осы үйге әкелмек болған, онымен «өлсем, өз шаңырағымда өлемін» деп атасы көнбеді. Қыстай әкесі мен анасы екі үйдің ортасында жүр. Ағалары да сол. Әли де ілесіп барып келіп жүрген, онымен соңғы уақытта «атаңның мазасын аласың» деп, әкесі көп апара бермейтін болды. Көктем шыққалы көрісу мерекесін күтумен болды. Ертең көрісу айт деген күні атасын ойлап, жайға дейін ұйықтап кете алмады. Таң атса, бірінші барып соған көріспек. Ойымен алысып жатып, ұйықтап кетіпті.

***

Ояна салып, үй ішімен көріспек болған, онымен үйде ешкім жоқ екен. Көршілерге кеткен шығар деп, өзі де киіне салып, көшеге шықты. Ала көбең уақыт, көшеде де көп ешкім байқалмайды. Сартай атасының үйіне жақындай бере, кісілердің қараңдап, екі-үш машина тұрғанын байқады. Аулада жиналып тұрғандарға көрісіп барып, әріректе жүрген әкесіне жақындады. Тұнжырап тұрған әкесі бұның қолын алып, бауырына басты. «Балам, атаң енді бізге жоқ. Мәңгілік мекеніне, балаларының жанына кетті. Сен үйге бара бер, ағаң осында болады. Білмейтін біреулер көрісіп келсе, сен азамат ретінде үйде болуың керек», — деді. Әли көшеге жүгіріп шықты. Жай жүрсе, ауладағы кісілерге көз жасы көрініп қалатындай. Үйге қарай адымдай басып жөнелді. Ішін орны толмас өкініш кернеп бара жатты. Енді ешкімге көрісуді ертеңге қалдырмаспын деп іштей егілді. Бір күннің ішінде есейіп бара жатқанын өзі де сезбеді…

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ