20.03.2020, 10:52
Қараулар: 41
Ұлық мереке – ұлттық діңгегіміз

Ұлық мереке – ұлттық діңгегіміз

Алдымызда ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі келе жатыр. Күн мен түн теңеліп, дала төсі бусанған кезде жер жаһан мен қоса адамзат баласы да бір түлейді. Қыстың сызынан босанып, тіршілік біткен жаңа белеске аяқ басар тұста қазақ халқының жаңа жылы да жетеді. Өзге де шығыс елдері секілді қазақ халқы үшін наурыз айы – жыл басы. Бұл мереке ешқандай діни астары жоқ, көнеден келе жатқан дәстүрлі мейрам. Бұл мерекені Жайық бойын жайлаған жұрт та асыға күтіп, ас та төк дастархан жаяды. Ауыл-ауыл болып тойлайды. Жыл бойы жиналған өкпе-наз осы айда ұмытылып, ағайын арасы жақындай түседі.

Ұлтымыздың қандай салт-дәстүр, әдет-ғұрпын алсаңыз да, теріс тәрбиелеп, ұятқа қалдырар тұсы жоқ. Барлығы да бірлік пен ынтымаққа, сабырлық пен татулыққа жетелейді. Биылғы наурыз мерекесі елде коронавирус ауруының таралуына байланысты тойланбайтыны туралы барлығымыз білеміз. Аға буын өкілдері туған тілімізде сөйлей алмай, дәстүрлі мерекемізді тойлай алмаған заманды да көзбен көргенбіз. Қазір, Аллаға шүкір, тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан орын алған төтенше жағдайларға түсінікпен қарап, мамандардың талаптарын аса жауапкершілікпен орындауға атсалысуымыз керек. «Ер басына күн туса, етігімен су кешер, ат басына күн туса ауыздықпен су ішер» деген аталы сөз бар. Осыны ескеріп, ел басына күн туғанда жаныңдағы жақын адамға жәрдемдесіп, қолда бармен бөлісетін қазақы кейпімізден ажырамайық. Ұлт болашағы мен ұрпақ қамы үшін жұмылған жұдырықтай біріге әрекет етуіміз керек. Қай тарихты қопарсаң да, қазақтың қамын қазақтан басқа ешкім ойлаған жоқ. Осыны жадымыздан шығармағанымыз жөн.

Қаймағы бұзылмаған Ақжайық өңірі, қазақы мінезге бай ел жұртшылығы ұлттық дәстүрін ұлықтауда алдына жан салған емес. Ауыл көшесінде тайға мініп жарысқан балдырғандар мен ақ жаулықты әжелер, аузы дуалы ақсақалдар – осының анық дәлелі. Сын сағатта серттен таймайтын намысты ұлдарымыз да қаңқу сөздің желіне ермей, ел бірлігін сақтауда ортақ мүдде үшін тапжылмай тұруы тиіс. Әр жыл жаңа бастамалар мен сынақтар сыйлайтыны секілді, келген жаңа жылымыз да жарқын жетістіктерге жетелесін. Дала төсін дүркіретіп тойламасақ та, әр шаңырақта наурыз көже пісіріліп, бай дастархан жайылсын. Анасы пісірген бауырсақпен бала бойына ұлттық дастарханымыздың дәмі дарыса, әке әңгімесі үлкен мақсаттарға жетелейді. Бауырымыз бүтін, басымыз аман болсын!

Балым ХАМЗИНА,

ардагер ұстаз