20.03.2020, 10:54
Қараулар: 101
Жаңа кітап жарыққа шықты

Жаңа кітап жарыққа шықты

Мерген ауылдық мәдениет үйінде әуесқой сазгер, көп жылдар мәдениет саласында еңбек еткен ақсақал Аманғали Қайсағалиевтің «Өнерім – өнегем» атты кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев, аудандық кітапханалар жүйесінің қызметкерлері және ақсақалдар мен ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен көрермендерге жартылай құрылған киіз үй фонында «Өнегелі өмір» тақырыбындағы кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеде кеш авторының осыған дейін жазылған кітаптары мен түрлі басылымдардағы мақалалары орналастырылыпты. Сонымен қатар кеш қонақтары Аманғали Қайсағалиевтің өзінің қолынан шыққан түрлі ағаш бұйымдары мен ат әбзелдерін тамашалады. Әсіресе жануарлардың мүйізінен жасалған түрлі құралдарын қызыға тамашалады. Бұл кісі ауданда тоғызқұмалақ ойынын алғашқылардың бірі болып, дамытқан адам екендігін айта кету керек. «Бес асық» аталатын өзі ойлап тапқан ойыны да, мектеп оқушылары арасында кеңінен насихатталып жүр.

Тұсау кесер рәсімін облысымызға танымал ақын Сағынтай Бисенғалиев ашып, жүргізді.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев құттықтау сөз сөйлеп, аудан басшысының атынан алғысхат табыстады. Ауыл халқын келе жатқан мерекелермен құттықтап, кеш кейіпкерінің өнегелі өмір жолына тоқталып өтті.

«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы санамызға тың серпін бергені аян. Мақаладағы ой пікірлер мен нұсқаулар бізге мүлде жаңа бағытта жұмыстанып, төл тарихымыздың тереңінен бастап, күні бүгін арамызда жүрген ардақтыларымызды, еңбек адамдарын, мәдениет майталмандарын, басқа да саладағы саңлақтарды саралауға басты бағыт беріп, жаңа бағдарламалар түзуге мол мүмкіндік жасады. Өз ауданымыздан шыққан танымал тұлғаларды ұлықтап, көптеген жаңа кітаптар жарық көрді. Еліміздің рухани мұрасын толықтыруда Аманғали ақсақалдың да еңбегі ерекше. Спорт, мәдениет, қолөнер сынды көп саланы қатар игергенін айтпағанның өзінде, осы бағыттың барлығында айтарлықтай жетістікке жетіп жүрген жан ретінде жерлестеріне қадірлі. Бүгін барлығымыз ақсақалдың «Өнерім – өнегем» атты үшінші кітабының жарыққа шығуының куәгері болып отырмыз. Осы жинақтың басылып шығуына демеушілік еткен ел азаматтарына алғысымыз шексіз», — деді ол.

Содан соң Тілекқабыл Александрұлы мен кеш кейіпкері жаңа кітаптың лентасын қиып, әжелер шашу шашты. Шара құрметіне «Жайық жұлдызы» байқауының лауреаты, кітапхана қызметкері   Жанаисов Рысбек Амангелдіұлы  «Туған жер» әнін шырқады. Збира Борашеваның сөзіне жазылған сазгер қарияның «Қос ала қаз» әнін Зухра Иманғалиева тыңдарманға тарту етті. Кеш барысында кітапқа шолу жасалып, көркемсөз оқу шеберлері ақсақалдың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Көрермендер Аманғали Қайсағалиевтың «Ботпай немесе Ботпай шот» әңгімесінің желісі бойынша жасалған бейнекөрсетілімді тамашалады. Мерген жалпы орта білім беретін  мектебінің музей жетекшісі, ағаның шәкірті Нұртай Қажғалиев те сахнаға көтеріліп, ұстазына алғысын жолдады.

Жаңа кітаптың таныстырылымына атсалысып, жан-жақты қолдау көрсеткен жерлестеріне алғыс білдіріп, Аманғали ағамыз өзі жасаған домбырада бірер күйін көрерменге ұсынды. Кітаптың жарық көруіне демеушілік білдірген бірер азамат пен қатарлас замандастарына өз атынан тарту-таралғы ұсынып, жаңа жинақты сыйлады. Таныстырылым кеші ақсақалдың «Арайлы Жайық» әнімен мәресіне жетті.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суретті түсірген автор