20.03.2020, 11:11
Қараулар: 45
Мейірім әлемді құтқарады

Мейірім әлемді құтқарады

Биыл волонтерлер жылы, сәйкесінше жылдың мерейін асырып, еріктілер қозғалысына жан бітіретін шаралардың да жиі өткізілуі заңдылық. Негізі, волонтерлік дегеніміз, шын мәнінде, жүректің қалауымен, бөгде жанның мәжбүрлеуінсіз өзгелерге жәрдем ету. Осы орайда ауданымызда бірнеше ұлттың басын біріктіріп, елдігімізді, бірлігімізді сақтау, ұлтаралық достықтың нығаюына ілкімді үлесін қосып жүрген «Радуга» славян мәдени орталығының волонтерлік қызметі туралы жазуды ұйғардық. Осы орталықтың атынан біздің газетімізге сұхбат берген ардагер-ұстаз Анна Мортовицкая «волонтер» деген сөзді естімесе де, жақсылықтың жаршысы боп,  ізгі істерге ұйытқы болудан танбаған жан.

 — Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін бірден-бір сала. Бұл көпшілікте «еріктілік» терминіне қатысты берілетін анықтама. Анна Ивановна, сіздің орталық мүшелерінің басым бөлігі егде жастағы ауылдастарымыздан құралғаны мәлім. Осы орайда еріктілік тек жастарға ғана тән деген пікірге ой қоссаңыз.

— Еріктілікті тек жастарға ғана тән деп қабылдау дұрыс емес. Ол жасты да, ұлтты да талғамайды. Әрине, қайтарымсыз еңбекті, жігер мен ұмтылысты талап ететін болғандықтан, ерікті десе, жастарға мойын бұратынымыз рас. Дегенмен, жүрегінде жылу мен жақсылықтың ұшқыны бар қай-қай жан да айналасындағыларды ізгіліктің нұрына бөлейтін осы жұмыстарда өз қолтаңбасын қалдыра алары сөзсіз.

Еріктілік қазір сәнге айналғандай. Әлеуметтік желіні аша қалсаң, ана жерде бір ерікті жоқ-жітіктің ауласының қарын аршып жатса, мына жерде тағы біреуі қариялардың көңілін аулап, сауап арқалап жүр. Ал осы жұмыстардың басы-қасында жастар жүргендігі, айтпаса да анық. Жігері тасып тұрған шағында олар риясыз көңілдерімен ерікті іске араласса, игі… Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, дегенмен, жақсы істерді арқау еткен бұл салада күн санап науқаншылдық жайлап, көбіне сан қуып, сапасына, мазмұнына мән бермей жатқан шаралардың  белең алғаны жасырын емес. 4-5 қыз-жігітті қастарына ертіп алып, фотоға түсіп алған соң, зым-зия жоқ боп кетпесе, жақсы. Кейде осы жастар ұйымдастырылған шарадан шыққан соң, жақсы іске ұйытқы болғанын сезіне ме екен, әлде «құтырғаннан құтылған» деп, санасына шаң да жұқпай, дым болмағандай, үйреншікті тірлігіне оралады ма екен деген ой келеді.

Әсте мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жастарды қайырымдылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу жөн. Бірақ еріктілердің қозғалысы, менің пайымдауымша мұнымен шектеліп қалмайды. Оның ауқымы кең, санқырлы, бұл тұрғыда қоғамның серпілуіне, ынтымақтың нығаюына, туған өлкенің өркендеуіне, сананың жаңғыруына атқарған еңбекті де еріктіліктің бір түрі деп қарастыруға болады.

Бұрын «Әлемді сұлулық құтқарады» деп айтушы еді, ал бүгінгі кезде бұл нақылды «Әлемді мейірімділік құтқарады» деп өзгертсе, артық болмайды. Ойлап қараңызшы, теледидар, әлеуметтік желі, дербес басылымдарда қазір көбінесе қалталы азаматтардың өмірі, күшіне сеніп, өзгелерге әлімжеттік көрсеткендердің тірлігі насихатталады. Жұмысбасты ата-анасы баламен алаңы жоқ, теледидар мен интернеттен осындай келеңсіздікті көріп, осыны дұрыс деп қабылдаған ұрпақ өсіп келеді. Аға ұрпақ осыған алаңдаймыз. Келмеске кеткен кеңестің дәуренін сағынып отыр демессіздер, бірақ сол дәуірдің тәрбиесі мүлде бөлек еді. Ол кезде қойылатын басты талап асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген тұлғаны тәрбиелеу болатын. Өйткені адам баласы өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Ал адамгершілік – күллі дүниенің рухани арқауы.

Өзіміз мектепте оқушылармен бірге ауылды тазартып, сенбіліктерден қалмайтынбыз, қағаз қалдықтарын жинауға да балалар бүгінгідей енжарлап емес, мереке күніндегідей шығатын. Алдыңғы буынның бір-біріне деген ықыласын көрген өркен жақсылық жасауға талпынатын. Бұл ретте ұстаздарға артылатын жұмыс өте көп, менің қызметім – тек білім беру деп шектелмей, ұл-қыздардың бойына мейірімділікті сіңіруді ардақты парызға санаса, абзал. Басқаға қуаныш сыйлай білуге үйрету, ең алдымен, мектептен басталатынын ұмытпасақ, игі. Міне, еріктіліктің түп негізі осыдан басталады.

— «Радуганың» ауданымыздың мәдени-әлеуметтік тынысындағы алған орны туралы көпшілік хабардар. Орталықтың талай қайырымды істерге ұйытқы болып жүргені бөлек әңгіме. Осы бағытта атқарған жұмыстар жөнінде баяндасаңыз.

— Осыдан 7 жыл бұрын құрылған біздің орталықты – еріктілердің ұжымы десем, артық болмайды. Қандай ма игі іске отансүйгіштіктің негіз болатыны әуел бастан белгілі, біздердің басымызды біріктірген – туған өлкеміздің өркендеуіне деген ниет пен құлшыныс. Иә, тәуелсіз елімізде барлық ұлт руханиятының өркендеуіне жағдай туғызылып отыр. Сол арқылы біздің орталық та халық бірлігіне, ортақ құндылықтарымыздың өркендеуіне, жас ұрпақтың ортақ тарихымызды оқып-үйренуіне салмақты үлес қосып келеді.

Біздің орталықта 40-қа тарта мүше бар. Олардың басым бөлігі, жоғарыда өзіңіз айтқандай, қариялар. Жастарды да назардан тыс қалдырмаймыз. Олар көптеген шараларымызға қатысып жүр, өздерінің әндерімен, билерімен әрлеп, өлеңдерімен мәнін арттыра түседі. Олардың жігері, қуаты біздің жұмысымызға серпін үстейтіні айтпаса да, түсінікті.

Мәдени шаралардан тыс радугалықтар қайырымдылық ісіне де белсенді атсалысады. Мысалы, жалғызбасты замандастарымыздың қал-қадірін біліп, мереке, атаулы даталарға орай сый-сияпатымызды жеткізіп тұрамыз. Олардың біреуі ауыра қалса, жанынан табылып, дертіне шипа бермесек те, көңілін жүдетпеуге тырысамыз. Осындайда өзіңнің әлі де болса, өзгеге керек екеніңді түсініп, жігерленесің. Жәрдемге  мұқтаж жанның жанынан бейқам өтіп кетпе, қолыңды соз, шамаң келгенше көмек ет. Міне, біздің орталықтың қағидасы.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі де келіп қалды. Рухани үндесу мен ақжарма тілектер мен аспаннан алтын нұр төгілетін ғажайып шақ ғаламаты жарасатын осынау мейрам қарсаңында жерлестеріңізге жылы лебізіңізді арнасаңыз.

— Жыл басы болып ерекшеленген әз Наурыз баршамызға құтты болсын! Түркі тектес халықтар асыға күтіп тойлайтын достықтың мейрамы барша қазақстандықтардың нағыз рухани қайнарының көзіне айналды. Жылдан-жылға жаңарып, дамып келе жатқан жас мемлекетіміздің игілігіне үлес қосуға әрбір отандасымыз міндетті. Себебі тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту сіз бен біздің қолымызда.

Көктем шуағымен келген шырайлы мерекеміз ортақ отан — Қазақстанымыздың құтын, берекесін еселесін деймін. Ал «Радуга» орталығы түсіністіктің, ынтымақты еңбектің, ұйысудың әманда салтанат құруын ұжым болып әманда насихаттап, өзіміздің тәжірибемізді өрістетуге бағыт аламыз. Жыл жақсылығымен қуантсын!

Әңгімелескен Әлия ШАРАПИЕВА