20.03.2020, 11:17
Қараулар: 45
Ақжайықтың атпал азаматы

Ақжайықтың атпал азаматы

????????????????????????????????????

Мақаламды бұлай атаудың өзіндік  сыры бар. Біз әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз – атағына аты әбден лайық, облысымыздың өркендеуінде өзіндік қолтаңбасы бар азамат. Оның есімін, атқарған ізгілікті істеріне аудан жұртшылығы мен айтпасам да, әбден қанық. Дейтұрғанмен, қолыма қалам алып, ерен еңбектің үлгісіне айналған аға туралы өз ойымды көпшілік назарына ұсыну артық болмас деп ойлаймын.

Бүгінде 85 жасты еңсеріп, қоғами ортаның ақыл айтар ақсақалына айналған Мүсір Иманқұлұлы Айтасов – бүкіл Ақжайық өңіріне танымал тұлға, ауыл шаруашылығы ісінің майталман маманы. Чапаев ауданы Мерген ауылының тумасы, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шыққан М.И.Айтасов өзінің еңбек жолын 1956 жылы облысымыздағы малды өңірдің бірі Жаңақала ауданынан бастады. 6 жыл қатарынан осы ауданның «Новый путь» ұжымшарында бөлімше меңгерушісі, бас зоотехник болып жұмыс істеп, мол тәжірибе алды. Қарымы бөлек, ұмтылысы өзгеше маманға сол кездегі аудан басшылығы назар аударып, оны Алматы қаласына басшы кадрларды даярлайтын арнайы курсқа жолдайды. Білімін жетілдірген ағамыз артынша іргелі шаруашылықтың бірі «Айдархан» кеңшарына бас зоотехник болып тағайындалады. 1964 – 1972 жылдары асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін «Бірлік» кеңшарында директор болды. Артта қалған шаруашылықтар қатарында жүрген кеңшарды өзі басқарған жылдары жоғары көрсеткішті шаруашылыққа айналдырды. Еселі еңбектің қайтарымы, 1967 жылдың қорытындысы бойынша аға басқарған кеңшар Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, ауыспалы Қызыл ту және ақшалай сыйлыққа ие болды.

1972 – 1973 жылдары Жаңақала аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымызда еңбек етті. 1974 жылдан бастап, 1995 жылға дейін 20 жылдан астам уақыт бойына Чапаев ауданының Ленин  атындағы ұжымшардың төрағасы, Жаңақала ауданы пятимар асыл тұқымды жылқы зауытының директоры, Чапаев ауданы «Лбішін» кеңшарының директоры қызметтерін абыроймен атқарды.

Осылайша даму қарқыны тежеліп, шаруасы шатқаяқтап, тұралап қалған шаруашылықтар Мүсір Айтасов сынды тәжірибелі де, талапшыл басшының келуімен тынысы ашылып, тек облыс көлемінде емес, республика, Одаққа танылды, қарқынды даму мен өркендеудің үлгісіне айналды. Осыған орай бұл шаруашылықтарда халықтың тұрмыс-жағдайы жақсарып, жаңадан салынған тұрғын үйлер, балабақша, мектеп, мәдениет ғимараттары,  өндірістік нысандар бой көтереді, шалғайда жатқан  ауылдардың келбеті өзгерді, ауыл шаруашылығы  өндірісінің мәдениеті қалыптасты.

Әрине, бұл жетістіктер оңай келген жоқ, талай тынымсыз күндердің, ұйқысыз түндердің жемісі.

Мүсір ағамыздың басқарушылықтағы ерекше  қасиеті де сол – алға қойған мақсат-меже үшін өзі де  тыныштық таппайды, өзгеге де тыным бермейді. Мүмкін бұл кезінде кейбіреулерге ұнамаған да шығар, бірақ талап-қаталдық пен тынымсыз табандылықтың соңғы нәтижесі халықтың әл-ауқаты түзеліп, шаруашылықтың алға басуымен өлшенетіндігін ескерсек, ар жағында іскер басшының мықты ұйымдастырушылық қабілеті мен талапшылдығын көреміз.

Мүсір Иманқұлұлының өңірімізде ауыл шаруашылығын өркендетудегі қажырлы еңбегі Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, бірнеше медаль, Құрмет грамоталарымен марапатталды. «КСРО еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» Құрметті атағына өңірімізде ие болған бірден-бір жан.

М.Айтасовтың ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі ерен, сонымен қатар ол еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік өміріне де белсене араласып, өзіндік пікірі, ой-пайымдауы арқылы халықтың құрметіне бөленді. Бірнеше дүркін облыстық, аудандық Кеңестердің депутаты атанып, облыстық, аудандық партия комитетттерінің белсенді мүшесі ретінде игілікті істерге өзіндік үлесін қосты.

Ақжайық аудандық мәслихатының шешімімен М.И.Айтасовқа «Ақжайық ауданының Құрметті азаматы» атағы берілуін жерлестерінің өз түлегіне деген құрметінің, еселі еңбегінің бағасының дәлелі деп білемін.

Дәулетжан ЖАҚСЫБАЕВ,

Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты.