20.03.2020, 11:19
Қараулар: 155
Абыз ағаның асуы

Абыз ағаның асуы

Уақытпен үзеңгілес есейіп, қайсыбір қиын да қысылтаяң кездерде адами қалпын жоғалтпаған қадірменді қария, батагөй ата, ауызы дуалы, сөзі жүйелі Нәсіпқали ағамыз 80 жасқа толғалы отыр. «Әдемі қартаю да үлкен бақыт» демекші, қашанғыдай, еңсесі тік, жүзі жарқын қалпында ағамыз.

«Қазақы қасиеттің қаймағын сақтаған ауылым» дегендей, ағамыз Жаңақала ауданында дүниеге келгенмен, бар саналы ғұмыры Ақжайық ауданының Алғабас ауылында өтіп келеді. Бұл-іргесі сөгілмеген, ынтымағы жарасқан, қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрпы қатаң сақталған үлкен елді мекен.

Күнделікті өмірде өзінің адамгершілік қасиеттерімен елдің құрметіне ие болып, жастарға үлгі көрсетіп, дұрыс жол сілтеуінен ағамыздың кісілігі, қарапайымдылығы және азаматтығы леп береді атойлап.

Алғабас ауылында Нәсіпқали Қайырқомовтың мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі өте зор. Себебі жастайынан еңбекке араласты, ел басына қиындық түскенде ағайын, ауылдастарымен қоян — қолтық өмір сүрді. Адамдардың қиналғанын, олардың тұрмыс-тіршілігіне қамқорлық дегеннің не екенін өз көзімен көрді. Ең алдымен, ол еңбек етпей, ештеңе болмайтынын түсінді, бұны оған өмір үйретті. Нәсіпқали ағамның көптеген жақсы қасиеттерін бұдан бұрын да баспасөз беттерінде жазғанмын. Оның еңбекқорлығы, көпшілдігі, қайырымдылығы, қонақжайлығы, барға қанағат етуі, үлкендерді ерекше қадір тұтуы, жастарға тәлім-тәрбие беру бағытындағы ақыл — кеңестері хақында тіпті көп айтуға болар еді.

«Кім сөйлейді,- онда емес әңгіме,

Ең бастысы-айтқан сөзі мәнді ме?» деп аталарымыз айтқандай, тосыннан тапқырлық танытып, өрнегі әсем өнегелі-ғибратты сөзі мен жүрекжарды, отты да орамды ойларын, ұлағатты әңгімесін толғап отыруынан абыздықтың шуағы еседі.

Мен Нәсіпқали ағаммен бір ауылда тұрған, жұмыстас, сыйлас інісі ретінде еңбектегі жетістіктеріне куәмін. Оның қарапайым қасиеттері, пайым-парасаты, ұрпақ тәрбиесі және отбасы сыйластығы көпшілікке үлгі-өнеге. Ол әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған асыл қасиеттер ғой!

Әрине, Қайырқомовтар әулетінде Қайша әжеміздің алар орыны ерекше, әсіресе баласына деген мейірімі мен махаббатын жеткізіп айту мүмкін емес. Атамыз соғыстан оралмаған соң, әжеміз қалған өмірін әкеден ерте қалған апамыз бен ағамызға арнады. «Асылды соқсаң, шыңдалар, жасықты соқсаң, жым болар» демекші, әжеміз қиындыққа жасымай шыңдала түсті. Ұрпағын қатарынан қалдырмай өсірді, тәрбиеледі, өз алдарына үй етті.

Ақ сүтін беріп, алақанына салып өсірген, жесір жүріп-ақ, бір мен үшін қиын-қыстау кезеңдерге төзе білген, тағдырдың тауқыметіне көніп, жалғыз ұлын азамат санатына қосқан, өзінің тіршілігіндегі арманын тек менің болашағымнан күткен анамның алдындағы парызымды өтеу — менің қасиетті борышым екенін түсінемін,- деп ағамыз талай сыр шерткен болатын. Міне, ешкімге ұқсамайтын жаратылысымен, тіршілік жағдайындағы толғаныстарының тереңдігімен, ақжарқын көңілімен және кішіпейілдігімен көрінетін ағамыз анасын өмір бойы аялады, көзі тірісінде бар құрметті көрсетті. Ал, әжеміз ұлына, келініне және ұрпағына көңілі толып, риза екендігін әркез үлкен тебіреніспен айтып отыратын.

«Адамды тұрар адам қып, Ақ жүрек кең адалдық» дегендей, әжеміз үлкен жүректі адам, өзіндік ойлары мен пайымдаулары бар, елге сыйлы ақылшы ана 104 жасында бақилыққа  аттанған еді.

Нәсіпқали ағамыз Қоңырша жеңгемізбен 60 жыл бірге өмір сүріп, бақыттың бағында, ұл-қыздарының қызығы мен қуанышына, немере- жиендерінің сүйіспеншілігіне бөленіп, ғұмыр кешуде. Қашан да көпшіліктің құрметіне бөленген, жүрегі ізгілікке толы, қонағына дастарханы әзір жеңгеміз ағамыздың осындай жасқа келуіне өзінің айтулы үлесін қосты. Әншейінде жеңге ретінде әзілдегенім болмаса, мақтау сөз айтып көргенім жоқ. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме? Қазақ әйелдеріне тән-байсалды мінезі, адамдық келбеті, жан тазалығы, барына қанағатпен қарайтыны, ұрпақ тәрбиесіне аса мән беретіні және Қайша әжемізден үйренген ұлттық құндылықтарды кейінгі жастарға жеткізуі жағынан жеңгемнің көрегендігіне ауыл-ел куә.

Нәсіпқали ағамыз зейнет демалысына шыққанымен, үйде отырмады. «Жасымда бейнет берсең де, қартайғанда зейнет бер» демекші, ағамыздың екінші өмір жолы басталды. 2004 жылы «Нұртілек» шаруа қожалығын құрып, балалары мен немерелеріне басшылық жасап, мал шаруашылығының қыр-сырын үйретіп, баулуда. Күні бүгін шаруашылықтың жұмысын ұлы Жомарт пен келіні Жұмақыз жалғастыруда.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген, шаруашылығында мал басы өсіп, өндірілген өнім де (ет, сүт, қымыз, шұбат, т.б) еселене түсуде. Өмірінің жалғасы  ұрпағына адал еңбекті аманатқа тапсырудың өзі үлкен мәртебе. Ағамыз еңбегінің еш кетпей, балаларының атакәсіпті жалғастырғанына өте риза. Сырттай қарап тұрып, Жұмақыз келіннің үйді ұядай етіп ұстап, бір әулеттің ішкі, сыртқы шаруасын дөңгелетуі, соның ішінде ұлттық өнімдер: шұбат, қымыз сауып, оны өз дәрежесінде өңдеуі таң қаларлық.

«Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» деген ұлағат осындай оқсатымды келіндерге айтылса керек.

Құдайға шүкір, ағамыздың үлгілі ұядан ұшқан ұл-қыздары бүгінде өмірден өз орындарын тапқан тәлімді жандар, әр салада еңбек етуде. Жүрек жылуын жоғалтпаған ағамыз бен жеңгеміз ауыл жұртшылығының, бала-шағаның мерейлі құшағында шуақты күндерін өткізуде.

Ағамыз кейбіреулер құсап, жасын, жеткен жетістігін бұлдап, абыройы мен беделіне кір келтірмейді. Еліне ес, жақсылармен дос бола білген Нәкең әлі тұғырынан тая қойған жоқ. Өзі маңдай терімен құт дарытқан қыр төсінде міне, құдіретті еңбекпен қарсылап отыр ғұмырдариядағы сексенін.

Ия, өмірде көпшілік ілтипатына ие болған, кейінгі жас буынға өнеге тұтар Нәкеңдей жақсы адамдардың алыста емес, нақ қасымызда жүргеніне қуанамын.

Ержан  ҚАБДОЛЛИН,

еңбек ардагері

Алғабас ауылы