20.03.2020, 11:22
Қараулар: 148
Техникаң сай ма, шаруа?

Техникаң сай ма, шаруа?

Шаруаны дамытуда, әсіресе ауыл шаруашылығында техниканың маңызы зор. Жыл санап шаруа қожалықтары иеліктеріндегі темір тұлпарларын жаңартып жатса да, аудандағы ахуал әзірге көңіл көншітпейді. Айталық, Қазіргі таңда аудан бойынша 1000 трактор есепте тұрса,соның 80 пайызының тозығы жеткен. Үкіметтің 2015 жылғы 6 мамырдағы №4-3/421 Қаулысына сәйкес, тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдер, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелер, мелиоративтік және жол құрылыс машиналары мен механизмдеріне жыл сайынғы мемлекеттік техникалық байқау жүргізудің бірыңғай тәртібі белгіленгенінен көпшілік хабардар. Дегенмен, былтыр тексерістен  өткен 398 тракторлардың жай күйінің төмендігі, шабындық басында өрт қауіпсіздігіне қатер төндіретіндігі анықталған болатын. Осыған байланысты далалық жұмыс кезінде тексеріс жүргізіліп, 548 трактор иелеріне ескертулер жасалды.

Биыл да техникалық байқаудың уақыты келді. Бұл тексеріс ЖШС, шаруа қожалықтарына, ауылшаруашылық техникасы бар азаматтар үшін міндетті болып табылады. Аталған байқау ауылшаруашылық көліктерінің жай-күйін бағалау, олардың санын, қоршаған ортаға тигізетін әсерін, қауіпсіздік техникасы ережелерін өрескел бұзуды болдырмау мақсатында жүргізіледі. Бұл орайда мемлекеттік көрсетілетін қызметті Электрондық үкіметтің www.egov kz  веб-порталы арқылы алуға да болады.

Шаруа қожалықтарында шөп шабу, егін егу жұмыстарына қатысатын жұмысшыларға өртке қарсы күрес жөнінде ескертпе нұсқау жүргізілуі керегін де қаперлейміз. Өртке қарсы арнайы жер жырту құралы мен трактор болуы шарт. Техникалар өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуы (су сепкіш, ұшқын сөндіргіш, сыпырғыш, күрек,киіз, т.б.) керек. Маялар арасы бір-бірінен сегіз метр қашықтықта үйіліп, жанар-жағармай сақтау орындары өсімдіктерден тазартылған жерде орналастырылуы тиіс.

 

Нұрлыбек ШАКИЛОВ,

кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы