30.03.2020, 16:49
Қараулар: 101
Туберкулезден сақтанайық!

Туберкулезден сақтанайық!

 Өте кең тараған туберкулезден әлемде жыл сайын 2 млн. адам өледі. Байқап отырсаңыз, ауыр көрсеткіш. Талай адамның өмірін қиятын бұл кесел туберкулез таяқшаларының адам ағзасына енуінен пайда болады. Басты жұқтыру көзі тыныс алу мүшелері мен өкпе тінінің ыдырауына шалдыққан науқас адам болып табылады.

Ондай науқас миллиондаған туберкулез таяқшаларын сөйлеген, жөтелген, түшкірген,  түкірген кезде қоршаған ортаға таратады. Өкпеден басқа ми, сүйек, бүйрек, көз, жыныс жүйелері, ішек, т.б. мүшелер туберкулезі болуы мүмкін. Таяқшалары ауада бірнеше сағат бойы сақталады, қоршаған ортадағы адам дем алған кезде жұқтырады.

Аурудың белгілері: 2 апта және одан да көп уақыт жөтелу, жалпы әлсіздік, тез шаршау, дене қызуының 37,0-37,5 градусқа көтеілуі, кеуде тұсының ауруы, түнде терлеу, тәбетінің төмендеуі, арықтау. Осы белгілер байқалса міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.

Туберкулезбен ауырмау үшін саламатты өмір салтын сақтау, ет және сүт тағамдарын пайдалана отырып, уақтылы дұрыс тамақтану, балық, көкөніс, жеміс-жидекті жиі тұтыну, сонымен қатар дәрігерге дер кезінде қаралып, жыл сайын флюорографиялық тексеруден өтіп, жеке бас тазалығын сақтап, таза ауаға жиі серуендеп, бөлмелерді дүркін-дүркін желдетіп, дымқыл тазалық жасау қажет.

Мына төмендегі ережелерді орындау жанұяңызды туберкулезден сақтап қалуға көмектеседі: сіздің туысқаныңыз туберкулезге қарсы емнің толық курсын үзіліссіз қабылдауы қажет. Үзіліс болған жағдайда, ауру созылмалы, кейде емделуге келмейтін түрге айналып кетеді; емдеу барысында ұлттық медициналық емдерді қолдануға болады: қымыз, шұбат, жаңғақ, бал, прополис, дәрілік өсімдіктерді ішуге болады, бұлар адамның сауығуына септігін тигізеді, денсаулығын нығайтады; науқасқа арнайы ыдыс-аяқ, сүлгі, мүмкіндік болған жағдайда терезесі, желкөзі ашылатын бөлме бөлінген жөн. Бөлмежайды күніне 2-3 рет желдетіп, дымқыл шүберекпен (еденді, терезе алдының тақтайын, үстелді, басқа да жиһазды) сүртіп тұру қажет, науқас түнде 9-10 сағат, түстен кейін 1-2 сағат демалуы, міндетті түрде таза ауада қыдырып тұруы, шылым-шегуді, спирттік ішімдікті қоюы қажет; науқас күніне 4-5 мәрте (ет, сүзбе, сүт, ірімшік, балық, жұмыртқа, айран, алма, тұздалған орамжапырақ, жеміс-жидектермен) тамақтануы қажет, науқастың емделу кезеңінде қарым-қатынаста болған балалар мен жасөспірімдерді тума-туысқандарға, балалар санаторийіне оқшаулау керек. 6 ай сайын емханаларда (рентгентексеріс, қан, зәр анализдері, қосымша балалар мен жасөспірімдерді манту сынамасынан) тексерістен өтіп тұруы қажет.

Айгуль Буранова

Ақжайық аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы