2.04.2020, 15:01
Қараулар: 133
Құрметті аудан тұрғындары!

Құрметті аудан тұрғындары!

Әлемді дүрліктірген індетпен ауырғандар облыс аумағында да тіркелгені баршамызға белгілі. Тез тарайтын аты жаман ауру тұрғындар арасында жайылып кетпеу үшін облыс аумағында 31-наурыздан бастап карантин енгізіліп, біраз шектеу шаралары қолға алынды.

Мен барша жерлестерімізді карантин шараларына түсіністікпен қарап, талаптарды бұлжытпай орындауға шақырамын. Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген, бұл вирусқа тосқауыл қоюдың бірден-бір тәсілі – өзгелерден оқшауланып, үйде отыру, жеке бас гигиенасын сақтау. Осынау дүрбелең кезеңде сіздерді үрейленбеуге, саналы болуға, талаптарды қатаң орындауға және өзіңізді қорғауға шақырамын.

Ауданымызда вирустың таралуының алдын алу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Құзыретті сала мамандары көшелерді дезинфекциялап, халыққа қызмет көрсету орындарында талапқа сай санитарлық шаралардың қолға алынуын қадағалауда. Сонымен қатар азық-түлік дүкендерінің жұмыс кестесішектеліп, қоғамдық тамақтандыру орындарының тапсырыспен ғана жұмыс істеуге көшуі керек. Облыс орталығы, аудан, ауыларалық жол қатынастары жабылды, тұрғындардың тек денсаулығына байланысты, жақын туысы қайтыс болған жағдайда жолға шығуы рұқсат етілген.

Көппәтерлі баспаналардың санитарлық ахуалын баса назарға алу қажет. Тұрғындар бірігіп, үйге кіре беріс дәліздерді уақытылы дезинфекциялап,  өз қауіпсіздігін қамдағаны абзал.

Егер карантин уақытындағы талаптар бойынша сұрақтарыңыз болса, 109, 91-2-79 колл центрлеріне хабарласуыңызға болады.

Барымызды бағалап, жеке басымыздың жауапкершілігің арттыру керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов