3.04.2020, 9:34
Қараулар: 181
Біріксек қана, бәрін жеңеміз!

Біріксек қана, бәрін жеңеміз!

Әлемді дүрбелеңге салған коронавирус пандемиясы біздің облысымызды да айналып өтпеді. Бүгінде облыс аумағында төтенше жағдай жарияланып, барлық аудан, қала аумағы карантинге жабылып, кіреберіс қақпаларға күшейтілген бақылау-өткізу пункттері қойылды. Қалалар мен аудан орталықтарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, көпшілік жиналатын орындар мен ойын-сауық, сауда және мәдени орындардың барлығы жабылды. Тек азық-түлік дүкендері ғана жұмыс жасап тұр. Алайда олар да қатаң санитарлық талаптарға сай қызмет көрсетуі қажет. Ақжайық ауданы Атырау облысымен шектесетіндіктен, санитарлық шаралар да екі есе сақталуын назардан шығармаған абзал.

Жауапсыздық пен жалған ақпаратқа жаза бар

Төтенше жағдай талаптарына сай, тәртіпті сақтамаған адамдар жауапқа тартылады. Ауданымызда ескертуге құлақ аспаған екі кафенің иесі әкімшілік жауапқа тартылып, бірі екі, ал екіншісі он күнге қамауға алынды. Сонымен қатар азық-түлік сататын дүкендердің жұмысына да талаптар күшейтілуде. Полиция қызметкерлері мен санитарлық ахуалға жауапты мамандар күнде дүкендерді тексеріп, ескертулер жасауда. Бұл тұрғыда тұрғындар да дүкеншілердің жұмысына кедергі келтіріп, болмасқа дау туғызбауы тиіс. Еріккеннен емес, қажеттіліктен туындап отырған шара екендігін саналы адам ұғынуы керек. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратып отыратын жандар жеткілікті. Төтенше жағдай кезіндегі кез-келген шындыққа жанаспайтын ақпарат үшін жауапқа тартыласыз.

Ауруын жасырған…

Мамандар бұл індеттің қарапайым тұмаудан екі есе жұқпалы екендігін және салыстырмалы түрде өлім қатері алты есе жоғары екендігін айтуда. Бұл жайсыз көрсеткіш күннен күнге ұлғаймаса, төмендеп отырған жоқ. Тыныс алу жолдарын зақымдап, өкпені деміктіретін кеселді жеңіл өте шығатындай көру немесе сақтық шараларына салғырт қараудың соңы қайғылы оқиғаға алып барары сөзсіз. Онымен қоса ауру белгілері анық байқалып, науқас дәрігерге көрінгенше көптеген адамға жұқтырып үлгереді екен. Сондықтан өзіңізде немесе туыстарыңызда аурудың сәл белгілері білінсе, міндетті түрде дәрігерге хабарласыңыз.

Ұлт мүддесі – ұрпақ қамы

Бала амандығы – жарқын болашағымыздың кепілі. Осыны жіті сезінген мемлекетіміздің саяси жүйесі оқушыларды өткен тоқсаннан ерте таратып, соңғы тоқсанды қашықтан оқытуға көшірді. Бұл уақытша сынақ ата-аналармен қоса, ұстаздар қауымына да оңай соқпасы кәміл. Әрине, керек ақпаратын ғаламтор желісінен жүктей алмай, баласын қажетті гаджетпен жабдықтай алмай, қиналып жатқан жандар жетерлік. Қолымызда болса мұқтаж адамдарға көмектесіп, кең пейілді дархан ұлт екенімізді осы тұста тағы бір дәлелдейік. Сабырлық танытып, жаңа қадам басқалы жатқан оқыту жүйесінің кем-кетік жері болса, даурықпай, балалардың болашағы үшін біріге жұмыстану керек.

Оқшаулау ойын, карантин күлкі емес

Бұған дейін айтылғандай, бұл кеселдің жұққыштығы, әрі әлі күнге дейін арнайы емінің табылмауы қалаларды карантинге жабуға әкеліп соқты. Кей тұрғындар тарапынан түсінбестік көзқарас туындап, «жолды жабу дұрыс емес» деген пікірлер естіп жатамыз. Осы орайда төтенше жағдай қағидаларын сақтап, тәртіпке бағынып жүру арқылы ғана аты жаман ауруды жеңе алатынымызды ұмытпауымыз керек. Бізден де алпауыт елдер шақшадай бастары шарадай болып, тәңірінен медет сұраудан басқа амалы қалмаған тұста, бейсауат жүруге болмайды. Науқас адаммен байланыста болды деген қауіппен оқшауланған адамдармен қарым-қатынас жасамау керектігін айтпаса да, түсінетін уақыт жеткен сияқты.

Міндетсіп маска тағу – надандық

Ауру ауа мен сілекей арқылы тарайтынын мамандар күнде айтып, қорғану үшін бетперде кию керектігін ескертуден кенде емес. Бізде бетперде киімейді емес, киіледі. Бірақ, біреу үшін киіп жүрген адамдай «қиналып» жүргендер аз емес. Медициналық масқа тағудың да өзіндік тәртібі бар. Белгілі бір уақыттан соң ауыстырылуы тиіс. Көп рет қолдануға арналған маскалар жуылып, үтіктелуі тиіс. Күтімсіз кір-қожалақ маскадан коронавирус емес, басқа індетті де жұқтыру қаупі зор. Арнайы сақтандыру маскалары аудан түгіл, әлемде жетіспей жатқандығы рас. Алайда, бетпердені үйден тігудің жарасы жеңіл, әрі арзан. Санитайзерлер, яғни қолды дизенфекция жасауға арналған гельдерді де жасау үлгілері ғаламтор бетінде жеткілікті. Сондықтан сабырға келіп, қолда бар мүмкіндікті пайдалану – даналықтың белгісі.

Қотыр қолдан, таз есіктен

Қолды таза ұстау қажеттігін қай ұлт болмасын баласына ес білгеннен бастап үйретеді. Кеселдің арыны басылып, еліміз толық тазарғанша, қол беріп, амандасуды да тоқтатқан дұрыс. Ауру адам ұстаған заттар арқылы да сау адамға берілі мүмкін екенін айтып, дәрігерлер дабыл қағып отырған тұста, қол мен тән тазалығын сақтау қажет. Бұрындары қазақ халқы оң қолын жүрек тұсына қойып, бас иіп амандасса, аурудан әлем толық айыққанша, біздің де осы үрдіске көшуіміз қажет-ақ. Ортақ қолданыстағы кез-келген затты залалсыздандырып, хлорлы ерітіндімен жуып отыру керек. Тазалық – саулық кепілі екенін ұдайы естен шығармаған абзал.

Дағдарыстың бәрі уақытша

Әлемдегі азуын айға білеп отырған елдердің өзі шекараларын жауып, індетпен қалай күресерін білмей дал болуда. Мұнай бағасының түсуі де шикізаттың осы түрін экспорттайтын елдерге кері әсер ететіні рас. Көршілес елдердің іргелерін қымтап, сақтық шараларын нығайтуы тауар айналымы мен елдегі экономикалық ахуалға кесірін тигізбей қоймасы анық. Кейбір тауарлардың қымбаттай бастауы да — осының салдары. Билік басындағы жауапты мамандар бағаның негізсіз көтерілмеуін қадағалауда. Ең қажетті тауарлардың қолжетімді болуы да басты назарда. Ауылдағы ағайын осы тұста да сөреге түскенді сірестіе тиеп, үйіне тасып алмай, бүтінді бөліп, жартыны жарып жейтін кеңпейілдігінен арылмағаны жөн. Ел тізгінін ұстаған азаматтар нақты жоспар құрып, халықты дағдарыстан жүдетпей алып шығудың амалдарын қарап жатыр. Сондықтан даурығып, дүрбелең туындатуға еш негіз жоқ-ау, сірә.

Қиын-қыстауда елге көмек қолын созып жатқөан жандар қаншама. «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы аясында еріктілер жасағы азық-түлік, санитарлық заттарды тегін таратты. Акцияға жергілікті кәсіпкерлер мен партия мүшелері демеушілік білдіріп, 52 жағдайы төмен көп балалы шаңыраққа көмек көрсетті.

Азаматтық бастама

Дағдарыс кезеңінде елдің азаматтары да үнсіз қалмай, қолынан келгенше көпке жәрдем беруде. Қайрат Хасанов, Талғат Қайырғалиев, Марат Аймурзин, Ақтолқын Қошанова сынды азамат пен азаматшалар игі іске ұйытқы болды, олар ел басына түскен жағдайға немқұрайлы қарамайтын жандардан қаражат жинап, қал-қадірлері жеткенше, мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде. 31 наурыз күні қоғамдық бастама көтеріп, жұмысын бастаған олар 1 сәуір күні 7 отбасына азық-түлік таратты. Бұл бастама әлі де жалғасын табады.

Осыған дейін айтып кеткеніміздей, дәріханалардың сөрелерінен медициналық маска табу қиын. Сондықтан көпшілік өз қолдарымен бетперде тігіп, аурудан аузы-мұрнын тұмшалап қорғанудың амалын жасап бағуда. Көп рет қолданылатын маскаларды үйден тігіп, қажет адамдарға таратып жүрген жандар да жеткілікті. Кітапханашы Шолпан Ерекенова мата сатып алып, 300 ге жуық бетпердені тегін тігіп беріпті. Еріктілер де тегін бетперде таратып, көпшіліктің алғысына кенелді.

Бұл мақаланы жазу арқылы адамзатқа ақыл үйретіп, көсемсінуден аулақпыз. Қатерлі індетке жауапты мамандар мен атқарылып жатқан шаралардың басы-қасында жүрген ізгі жандардың пікірлерін тыңдап, ортақ ой тастадық. Күнен-күнге белең алып бара жатқан аты өшкір дерттің елімізге жайылмауын күйттеп жүрген жандарға ел болып, қолғабыс білдірейік. Қазіргі таңда айтқан кеңесті тыңдап, үйде отырудың өзі зор көмек. Аштық пен талай зобалаңда рухы сынбаған қазақ ұлтының басына түскен бұл сынақ та өтер. Ел аман, жұрт тыныш болғай.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

«Жайық таңы»