3.04.2020, 9:40
Қараулар: 160
Интернетпен оқиды талай қазақ баласы

Интернетпен оқиды талай қазақ баласы

Бірер күннен кейін биылғы оқу жылының төртінші тоқсаны да басталады. Әдетте балаларының оқу құралдарын түгендеп, қажетін қамдайтын ата-ана бүгінде планшет пен телефонын сайлап, интернеті тиімді тариф іздеп, әуре. Төтенше жағдай талаптарына сай бұрын мектеп қабырғасында білім алатын балалар енді қашықтан, яғни үйде отырып оқуына тура келеді. Қайтпек керек, онлайн оқыту қаншалықты тиімді, аудандағы білім мамандары мен оқушылар дайын ба? Осы сұрақтарға жауап іздеп,  түрлі тараптардан сұхбат алғанбыз.

Алдымен қашықтан оқытудың жай-жапсарын реттеп, аудан бойынша ахуалды бақылап, тиісті қарекетті қолға алып отырған аудандық білім беру бөліміне жолықтық. «Негізінен, қашықтан оқыту мұғалім мен оқушы арасында интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту», — деп түсіндірді бөлім басшысы Дәурен Нұрғожа. Қазір ауданда қашықтан білім берудің бірнеше жолы қарастырылған. Айталық, интернет жылдамдығы жоғары ауылдарда, яғни Чапаев пен Тайпақта интернет-ресурстар арқылы оқытуға толық мүмкіндік бар. Осындағы 6 мектептің оқушылары Classroom, Zoom Technologies, өзге де онлайн оқытуға арналған мобильді қосымшаларды пайдалана алады. Бұл қосымшалар арқылы бейнебайланыс орнатып, бір мезетте бірнеше адамның байланысқа шығуына болады. Дегенмен, жоғары сынып оқушылары болмаса, бастауыш сынып оқушыларының көбінде жеке смартфон немесе планшет жоқ екендігі аян. Сондықтан Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен еліміздің үздік оқытушылары бейнесабақтар даярлағанын айтқан Дәурен Қайырбекұлы олардың «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы көрсетілетінін жеткізді. Соның өзінде де бұл арналардың тек «Отау ТВ» жерсеріктік антеннасы арқылы қолжетімді екендігін ескеру қажет.

Осы ретте аудандағы мектеп оқушыларының интернетке қосылу мүмкіндігі және олардың отбасында жерсеріктік антеннаға қосылу мүмкіндіктерін сараптаған деректерге көңіл бөлсек. Аудан бойынша 45 мектепте 6448 оқушы білім алады екен. Олардың 2599-ның, яғни 40 пайызына интернетке қосылу әзірге арман. Арман болмағанда ше, Жайықтың қос қапталын тең жайлаған аудан елдімекендерінің тек 54 пайызында ғана тұрғындар интернетке кіре алады. Жоғарыда келтіргеніміздей, Чапаев пен Тайпақ ауылдарының кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілгендігін ескерсек, өзгелерінде онлайн платформаларда сабақ бермек түгілі, қарапайым бейнероликті жүктеудің өзі біршама уақытқа созылатынын мамандар алға тартады.

Министрліктің тарапынан шалғай елдімекендердегі оқушыларға қолдау деп тапқан әдісі, яғни телеарналар арқылы телесабақтар қалай жүргізілмек? Д.Нұрқожа әр сыныпқа арналған сабақтар арнайы кестемен көрсетілетінін мәлімдейді. Әрине, бұл көпбалалы отбасы үшін ыңғайлы. Айталық, егер отбасында бірнеше оқушы білім алса, бір теледидар арқылы, бір-біріне кедергі болмай, сабақтарына қатыса алады. Әйткенмен, теледидардан тек «Отау Тв»-ның арналары арқылы көрсетілетін арнаға қосылатын антеннаның әрбір үйде жоқ. Ал қашықтан оқыту теледидар арқылы жүзеге асырылады дегенді естісімен, бұрын 30-35 мыңның айналасындағы жерсеріктік антеннаның құнын қазір саудагерлер 45 мың теңгеге дейін көтеріпті. Баласының жұрт қатарлы білім алғанын қалаған кез-келген ата-ананың бұл қаржыны қалтасы көтермейтіндігі аян.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Қайырбекұлы аталмыш мәселелерді облыстық білім басқармасына жолдап, оны шешу жолдарын қарастырып жатқандығын айтады. Жер-жерден қашықтан оқытудың қордалы мәселелерін көтерген мұғалім, ата-ана тілектерінің қабыл болғандығы – аудандық білім бөлімінің бюджетіндегі үнемделген қаржыға ноутбук, компьютерлерді мемлекеттік сатып алу порталында бұрынғыдай конкурс арқылы емес, бір көзден алуға рұқсат беріліпті. Қазіргі таңда білім бөлімі компьютер жабдықтарын жеткізетін мердігерді анықтауда. Тиісті құралдар сатып алынған соң, олар ата-ананың қолхатымен балаларға таратылады.

Апта сәрсенбісінде  еліміздегі барлық мектептердегідей, біздің ауданның да білім ошақтарында алғашқы сынақ-сабақтар ұйымдастырылды. Мұғалімдер оқушыларымен байланысқа шығып, қашықтан сабақ берудің жай-жапсарына қанықты. Білім нысандарының барлығына бірдей хабарласуға мүмкіндік жоқ, әрине, дегенмен, интернет жылдамдығы төмендерінің бір-екеуімен байланыстық. Солардың бірі Жамбыл ауылындағы М.Абдолов атындағы орта мектеп. «Біздің ауылда интернет желісімен байланысу өте ауыр», дейді мектеп директоры Венера Бустекова. «Тек үйдің кейбір тұстарында ғана ғаламторға қосыла аламыз». Оның айтуынша, мұғалімдер мен оқушылар сынақ-сабақ платформасы ретінде Classroom мобильді қосымшасын таңдапты. Себебі, бүкіл сыныпқа бір мезетте тапсырма беріп, кері байланыс орнатуға ыңғайлы екен. Бірақ, видео, фотоматериалдарды жүктеуге келгенде, біраз қиындықтар туындағанын айтқан мектеп басшысы бұл мәселені қалай шешкендігін жеткізді. Мұғалімдер сабақты осы қосымша арқылы түсіндіріп, соңынан сабақтың Whatsapp мэссенджері арқылы тексерген. «Телесабақтар сәуірдің 6-сынан басталады. Мұғалім үшін де, оқушы үшін де бұл дәрістер тиімді болады деп сенемін. Себебі, теледидар арқылы сабақ алған оқушымен ұстаз Whatsapp-тың көмегімен кері байланыс орнатып, оның берілген материалды қалай меңгергенін қадағалап, түсінбеген тұстары болса, пысықтап, білімін шыңдай алады. Біздің ауылда барлық баланың теледидар арқылы сабақ оқуға мүмкіндігі бар. Тіпті интернеттің жылдамдығы төмендеп кеткен жағдайға қарастырған амалымыз бар, ауылда тұрғындармен келісіп, арнайы білім поштасын ұйымдастырдық. Мұғалім мен оқушының арасындағы байланысты осы пошта арқылы жүзеге асырмақ ойдамыз. Әрине, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып», — дейді Венера Бустекова.

Алғашқы сабаққа балаларымен бірге қатысып, бірге алаңдаған ата-аналардың пікірін тыңдасақ. Чапаев ауылының тұрғыны Эльмира Ихсанова – 6 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана, олардың үшеуі мектеп жасында: М.Әуезов атындағы орта мектептің 1-нші, 3-інші және 6-ншы сыныптарында оқиды. «Бүгін түске дейін екі кіші балам, түстен кейін үшіншісі сынақ сабаққа қатысты.  Не дейін, ауыр, әрине. Әдетте тақта алдында сабақ айтатын оларға онлайн оқу таңсық. Сабақ әр уақытта өткізілгенімен, берілген тапсырмаларды орындап, оны оқытушыға жіберуде біраз қиналдық. Олардың пайдаланып отырғаны менің телефоным ғана. Бірі сабаққа енді кірісіп жатқан кезде, өзгесінен тапсырманы жіберуін талап етеді. Баланың назары бөлініп, сабаққа деген ынтасы төмендейді. Бұл, бір телефонға ғана телмірген біз үшін қиын. Ата-аналардың ортақ чатында байқаймын, кейбіреулері бір баласына телефон, енді біріне планшет, үшіншісіне компьютер сайлап қойыпты. Менің мұндай мүмкіндік жасайтын мүмкіндігім жоқ», дейді ол. Ата-ананың мұңын тыңдаған біз жуырда білім бөлімі арқылы алынатын ноутбуктердің біреуі сізге тиіп қалар деп жұбаттық. Солай болады деп үміттенеміз де.

Ал білім беру процесінің басты тұлғасы – балалар сынақ болғанымен, салмағы одан артық болмаса, бір мысқал да кем түспеген сабақтан қандай әсер алды екен. Біз сұхбаттасқан Жайық негізгі мектебінің 6-сынып оқушысы Амангелді Тәңірберген интернет арқылы география сабағына қатысты. «Бүгін алғаш рет барлық сыныптастарым секілді қашықтан білім алып, онлайн сабаққа қатыстым. Дәстүрлі сабаққа үйреніп қалғанбыз, мұнда бар жауапкершілік өзіңе жүктеледі. Бұрын мұғалім біздің қасымызда болып, ережелерді қайта-қайта тәптіштеп, сұрап, әрқайсымыздың сапалы білім алуымызды жіті қадағалап отыратын болса, қазір бәрі тек өзіңе, өзіңнің ықыласыңа ғана байланысты», — деп ағынан жарылады оқушы.

Бұл ретте ата-анаға да мұғалімдермен бірдей жүк артылары анық. Жоғары сынып оқушылары бұрынғыдан өз бетімен білім алып, дағдыланған, ал мектеп табалдырығын енді аттаған балдырғандар үшін қашықтан сабақ оқу ауыр болатынын бүгінгі сынақ сабақтың дәлелдегені сөзсіз. Сондықтан олар да қашықтан оқыту үрдісін ұғынып, онлайн форматтағы сабақтарды өткізуге бірге қатысқаны абзал.

Міне, сәуірдің 6-нан бастап еліміздегі барлық мектеп уақытша қашықтан оқытуға ауыспақ. Жаңа форматта  жұмыс істеу шәкіртке де, ұстазға да, ата-анаға да оңай болмайтыны белгілі. Дегенмен коронавирустық инфекцияның таралуын азайтатын бірден бір жол осы.

P.S. Материалды баспаға дайындап жатқанда, жағымды жаңалықты құлағымыз шалды. Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аудиосабақтар даярланып, олардың таралу ауқымы еліміздің түкпір-түкпірін қамтитын Қазақ радиосы арқылы таратылатынын хабарлады.

Әлия ШАРАПИЕВА,

«Жайық таңы»