10.04.2020, 10:05
Қараулар: 86
Сыннан сүрінбей өтеміз

Сыннан сүрінбей өтеміз

?????????????????????????????

Ел басына күн туғанда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандастарына үндеу жолдап, көпшілікті сабырға шақырғанын маңызды қадам деп білемін. Қай кезде де халқының жанынан табыла білген ел кемеңгері осы тұста да қазақтың бойтұмарына айналған ынтымақтың арқасында індетті жеңіп шығатынымызға тағы бір көз жеткізді.

Сын сағатта әрбір қазақстандық вируспен күреске жұмылып, тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерімізді халқымызға тән береке-бірліктің арқасында сақтап қалуымыз қажет. Елбасы небір қиын-қыстау шақтарды басынан өткерген дана да, дара халқына арнаған үндеуінде егемендігіміздің арқасында келген игіліктерді сараптай отырып, ұлт саулығының мемлекет қауіпсіздігінің тұғыры екендігіне тоқталды. Иә, ол үшін жас мемлекетімізде қарымды жұмыстар қолға алынып, салмақты бағдарламалар жүзеге асырылды. Бұрын тек арман болған аурухана мен емханалар бой көтеріп, денсаулық сақтау мамандарының шетелдерде, еліміздің озық ғылыми-медициналық орталықтарында білімін жетілдіруге мүмкіндік молынан жасалды. Соның нәтижесі, еліміздің түкпір-түкпірінде білікті дәрігерлер аурумен күреске жұмылдырып, оның таралып кетпеуінің алдын алуда.

Иа, аты жаман індетпен күресте дәрігерлердің еңбегі ұшан-теңіз екені шүбәсыз. Бүкіл әлемді әбігерге салған ауруды ауыздықтау үшін олар күн-түн демей, еңбек етуде. Бүгіннің өзінде қатерлі кеселден елуден астам жерлесіміз құлан-таза айықса, бұл басын қауіпке тіккен ақ желеңді абзал жандардың арқасы. Осындай қиын кезеңде ауданымыздың дәрігерлері де аяғынан тік тұрып, саулығымызды сақтау үшін қолдан келген істі атқаруда. Біз секілді жасы егде жандардың денсаулығын үйден тексеріп, тіпті дәрі-дәрмектерімізді де есігімізге дейін жеткізіп беріп жүр. Елбасымыздың «Бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмайды» деген сөзінің айғағы осы.

Мына кезеңде бізге тұрақтылық, адамдық, бір мақсатқа ұйысу қажет. Сонда ғана еліміздің сыннан сүрінбей өтері хақ.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

ардагер-журналист